Басты жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті

Басқосуда Бюро мүшелері Nur Otan партиясының 7 серпіні – Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партия жұмысын қайта жандандыру бағдарламасын жүзеге асыру барысын және партияның ішкі іріктеуін өткізу мәселесін талқылады.

Елбасы жиында сөйлеген сөзінде қазіргі уақытта праймеризге қоғам тарапынан зор қызығушылық бар екенін атап өтті.

– Жұртшылық елдің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысқысы келеді. Біз партияны қайта жандандырудың дұрыс бағытын таңдадық. Еліміздің мәселелерін бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету қажет. Праймериздің міндеті – халықтық партиялық тізімдерді қалыптастыру, қоғам қолдауына ие, нақты жағдайды білетін беделді көшбасшыларды, белсенді адамдарды бәсекелестік негізінде іріктеу», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Nur Otan партиясының Төрағасы праймеризге қатысушылар жергілікті жерлерде өткір мәселелерді ашық көтеруі және кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы керек екенін атап өтті.

– Біз өз өңірін және елімізді дамытуға дайын барлық азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» қалыптастырдық. Қыркүйек айында жергілікті бағдарламалардың барлық 216 жобасы жарияланады. Кең көлемдегі талқылаулар біздің электоралдық міндеттерімізді халықтың сұраныстарымен және қажеттіліктерімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Бесжылдық мерзімге арналған бағдарламалар жұртшылықтың пікірін ескере отырып жетілдіріледі, әр ауданның, қаланың және облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланыстырылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы партияның ішкі іріктеуінің келесі кезеңдерін жүзеге асыру үшін ұйымдастыру жұмыстарын сапалы өткізудің маңыздылығына назар аударды.

– Праймериз барлық қатысушылар үшін әділ, ашық және тең жағдайда ұйымдастырылуы керек. Партияның ішкі үгіт-насихаты қыркүйекте басталады. Коронавирус індеті жағдайын ескере отырып, оны Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес орындау керек. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет. Ең бастысы – азаматтардың денсаулығы, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында Елбасы Nur Otan партиясының қоғамды жұмылдырудағы және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

– Партия қазақстандықтарды, барлық сындарлы және саналы қоғамдық күштерді топтастыруы керек. Біз бірліктің арқасында кез келген қиындықтан өте аламыз. Әсіресе, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін үйлесімді жұмыс істеген жөн, – деді Елбасы.

Сондай-ақ отырыс барысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің және Бюро мүшесі, Қазақстанның Премьер-Министрі А.Маминнің баяндамасы тыңдалды.

Elbasy.kz.

Басқа жаңалықтар

Back to top button