Экономика

Өңірлік кеңестің жаңа құрамы анықталды

Кәсіпкерлік

Облыстық кәсіпкерлер палатасы іріктеу комиссиясының отырысында өңірлік кеңеске үміткерлерді сайлаудың нәтижесі қорытындыланды.

Комиссия отырысында өңірлік кеңестің жаңа құрамының тізімі жарияланды. Олар — сайлауда ең көп дауыс жинаған облысқа танымал кәсіпкерлер.

Ақтөбе облысы бойынша өңірлік кеңес мүшелігіне квота саны — 33 адам. Облыстан кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамына  97 үміткер сайлауға қатысты. Бұл ретте өңірлік кеңестің бұрынғы құрамынан сайлауға 12 адам қатысса, соның 7-еуі жаңа құрамға өтті.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы сайлауда  дауыс беруге қатысқан өңірдегі барлық бизнес өкілдеріне алғыс айтып, өңірлік кеңестің жаңа құрамы кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысатынына сенім білдірді.

Аймақтағы  әрбір кәсіпкер өз кандидатурасын ұсынуға мүмкіндік алды, сондай-ақ таңдаған үміткеріне дауыс беру арқылы өз ұстанымын білдіре алды. Құрамды сайлау негізінде қалыптастыру қосымша қоғамдық заңдылықтың орнауын қамтамасыз етеді және алдағы уақытта өңірлік палата жұмысындағы жаңа идеялар мен ұсыныстар үшін демеу болады деп санаймыз. Сайлауда бір орынға үш адамнан түсті. Бұл —  палата жұмысының ашықтығын және кәсіпкерлердің кемелділігін көрсете түскен шара болды. Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестеріне сайлау бизнес-қоғамдастықтың «пісіп-жетілгенін» және үміткерлердің өңірлерде бизнесті дамытуға  өз үлесін қосуға дайын екендігін көрсетті. Өңірлік кеңес — мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы диалог алаңы. Алдағы уақытта өңірлік кеңес мүшелері бизнестің проблемалық мәселелерін шешуге,  нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Өңірлік кеңеске үміткер ретінде белсенді әрі танымал кәсіпкерлер мен  қауымдастық басшылары тіркелген болатын. Сол сияқты кеңес құрамына Ақтөбе қаласы мен аудандардың бизнес субъектілерін біркелкі ұсыну  (60 пайыз — облыс орталығына, 40 пайыз — аудандарға, моно және шағын қалаларға) тәртібі енгізілгені белгілі.

Анар Даржанованың айтуынша, дауыс санау нәтижесінде және өңірге белгіленген квотаны ескере отырып, 33 мүшеден тұратын Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің жаңа құрамы жарияланды. Тағы 60 үміткер резервке алынды.

Бұл — сайлаудың ашықтығы, заңдылығы, демократиялылығы үдерісіндегі үлкен қадам. Егер бұрынғы құрам тағайындалмалы болса, бұл жолы жаңа құрам сайлау барысында анықталды. Біз сайлауалды үгіт-насихатты бақыладық, адамдар ватсап әлеуметтік желісі арқылы сілтемелерді, өз бағдарламаларын жібергендерін әрі әділ, демократиялық сайлаудың барлық процестерін көрдік. Пандемияға байланысты дауыс беру процесі электронды сандық қолтаңба арқылы онлайн жүзеге асырылып, ашық болды. Бұл — дауыс берудің ең күрделі және ашық түрі, — деп атап өтті комиссия мүшесі, «i.com Internet Solutions» ЖШС бас директоры  Хайдар Ілиясов.

Өңірлік кеңестің жаңа құрамының орташа жасы — 47 жас, ең жасы — 30 жаста.

Ел аймақтары бойынша дауыс беруге барлығы 130 мыңнан астам кәсіпкер қатысқан. Бұл орайда ақтөбелік кәсіпкерлер дауыс беруге белсенді қатысқандар ретінде атап өтілген. Нақтырақ айтсақ, Шымкент қаласы бойынша — 17,6 мың дауыс, Нұр-Сұлтан қаласында — 16,1 мың дауыс, Ақтөбе облысы — 11,6 мың дауыс, Қарағанды облысы 11,2 мың дауыс беру арқылы сайлау нәтижесін шығарды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button