Рухани жаңғыру

Тасқопадан табылған жәдігер қалпына келтіріледі

ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСТАМАСЫМЕН ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ МАМАНДАРЫ БЫЛТЫРДАН БЕРІ БІЗДІҢ ОБЛЫС АУМАҒЫНДА «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІРНЕШЕ БАҒЫТ БОЙЫНША ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІП ЖАТҚАНЫН БҰРЫН ДА ЖАЗҒАН ЕДІК. БЫЛТЫРҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ЖАҢАЛЫҚ І ТАСҚОПА ҚОРЫМЫНАН АЛТЫН ӘШЕКЕЙЛІ КИІМНІҢ ҚАЛДЫҚТАРЫНЫҢ ТАБЫЛУЫ БОЛДЫ.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл — қазіргі жыл санауға дейінгі V-IV ғасырлардан қалған жәдігер. Ғылым аталған кезеңде Қазақстанның батыс аймағын сармат тайпалары мекендеген деп есептейді. Бұған дейін де біздің облыс аумағынан сарматтар дәуіріне тән ескерткіштер табылып, зерттелген. Мысалы, Бесоба қорымынан екі әйел адамның (болжам бойынша, абыз, яғни діни қызметте болған әйелдер) жерленген қабірі табылып, қазба жұмыстары кезінде алтын сырғалар, тістері ақсиған қасқыр бейнелі үш аяғы бар шырағдан, басқа да бұйымдар табылған. Ал көршілес Атырау облысының Жылыой ауданы аумағындағы Аралтөбе қорғанынан сармат патшасының қабірі табылғаны белгілі. Қабірден табылған артефактілер арқылы патшаның асыл бұйым, алтын әшекейлермен безендірілген, өте бай киім-кешегі қалпына келтіріліп, қазіргі күні ол Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаевтың журналистермен кездесуде бірнеше рет атап өткеніндей, Темір ауданындағы І Тасқопа қорғанынан табылған көне бұйым қалдықтары да оның бастапқы қалпын анықтау және сол бойынша көшірмесін жасау үшін егжей-тегжейлі зерттелетін болады. Осы мақсатта тиісті сынамалар озық жабдықталған зертханаларға жіберілген. Сондай-ақ, Ақтөбеге Санкт-Петербургтен көне жәдігерлерді қалпына келтіру ісінің маманы арнайы шақырылып отыр. Санкт-Петербургтен шақырылған маман Николай Курганов бұған дейін Шығыс Қазақстандағы зерттеу жұмыстарына қатысқан екен. — Қазір індетке байланысты жағдайдың оңай емес екені баршаңызға белгілі. Соған қарамастан, осы жобаға қатты қызықтым да, Қазақстанға арнайы келдім. Өйткені, Тасқопадан табылған жәдігер — көп кездесе бермейтін, ерекше дүние, — дейді ол. Николай Курганов қорғанды қазған археологтардың кәсіби шеберлігіне тәнті болғанын жеткізді.

— Олар топырақтың көне жәдігерлер сақталған бөлігін монолит әдісімен, яғни тұтас қалпында алып шыққан. Бұл өте маңызды. Топырақ арасынан мыңдаған жылдар бұрынғы көне бұйымдарды қолмен терер болса, әп-сәтте үгітіліп кетуі мүмкін еді. Қабір бұрын тоналғанмен, жерленген адамның үстіндегі киімнің детальдары сақталып қалған. Тазалау барысында табылған алтын жіпке таңданбасқа болмайды. Бұл — өте-мөте, тіпті миллиметрден де жіңішке жіп, бәлкім, өлшемі 10-20 микрон болатын нәзік дүние. Міне, осындай бұйымды көне заманның адамдары пайдаланған. Мұны сол кездің нанотехнологиясы деуге де болатын шығар, — деді ресейлік зерттеуші. Бауыржан Байтанаев та табылған олжаның құндылығына айрықша тоқталды: — Табылған дүниелер сәукеле тәріздес бас киімнің әшекейлері, бөлшектері ме деп жорамалдаймыз. Ал нақты жауапты алдағы зерттеулер нәтижелерінен ғана табамыз. Бәлкім, биылғы жылдың соңына қарай алғашқы қорытындылармен танысудың сәті түсер деген үміт те бар. Дегенмен, бұл — асықпай, тіпті жылдар бойы жүргізілетін жұмыс. Табылған көне бұйымның көшірмесі жасалған күнде, ол музей коллекциясын толықтырып, тіпті оқулықтарға да енгізілуі мүмкін, — дейді бас директор.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button