Рухани жаңғыру

Ел қорғаны — Сапура қыз

Осындай атаумен Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында тарихи-танымдық кеш өтті. Шара kultura_aktobe инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирде оқырмандар назарына ұсынылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ұйымдастырылған кеште облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» танымдық-патриоттық клубының және «Аманат» экспедициясының жетекшісі Жібек Абдуллина ел намысын қорғау жолында атқа мінген қазақтың қайсар қызы Сапура Мәтенқызы туралы тарихи мәліметтерге тоқталды.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Сапура батыр Қобда өзені жағасында XVIII ғасырда дүниеге келген. Ол — Ресей патшалығында шаруалар қолын басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аты аңызға айналған қолбасшысы. Орыс әскерлері оның әйел екенін білмеген, көпшілік батырды «Көктемір» деп атап кеткен.

Кеш барысында Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова мен

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ақтөбелік мүсінші Ахмет Құбай сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Шара соңында С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры, ақын Гүлжайнар Қалдина Сапура батырға арнап жазған жыр-дастанынан үзінді орындап, №2 Пушкин атындағы қалалық кітапхана қызметкері Жадыра Ақырапова «Батыр ару — Сапура» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button