Денсаулық

Зиянды әдеттен де, әдептен де тыйылайық

Жақыныңа жанашыр бол!

Медицинаның дамуының арқасында біз кейінгі кездері жұқпалы аурулар туралы қауіпті ұмыттық.

Ертеде елдің басынан оның талайы өткен. Ол жөнінде қазіргі орта буын — біз,  көрмегенмен, естіп өстік. Қазақ ауылдарын оба жайлағанда руымен бөлек-бөлек отырған талай елді мекендердің түндігі ашылмай қалған. Індеттің қатты жайылғаны сондай, кей аймақтарда қатаң шаралар алуға, індет дендеген ауылдарды өртеп, жойып жіберуге тура келген. Өйткені тұтас елді, халықты сақтап қалу керек болды.

Демек, бұдан қай кезде де індетке әрбір елдің жеңіл-желпі қарамағанын көреміз. Әлемдік жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырған қазіргі кезде де індетпен  күресудің қиындығын сезіндік. Әлемдік, отандық медицинаның дамығаны даусыз. Бір кездегіге қарағанда экономикалық, тұрмыстық жағдай да жоғары. Халқымыздың сауаты, түсінігі де бұрынғыдан әлдеқайда ілгері. Соған қарамастан бұл індетті тез ауыздықтаудың сәті түспеді.Тіпті бірсыпыра уақыт күллі әлем қауіпті індеттің алдында дәрменсіздік танытқандай болды.

Мұның себебі — әлемдік жаһандануда, халықтың мейлінше жақындасуында. Бүгінде ел мен ел мидай араласып жатыр. Шекаралар ашық, халықтың қозғалысы еркін. Ал қауіпті індеттен қорғанудың бірінші шарты — оқшаулану. Мұны біздің Президентіміз ескеріп, алғашқы елдердің қатарында тиімді шешім қабылдады. Елде екі ай бойы төтенше жағдай жарияланды. Бұл — жағдайды біраз жақсартып еді. Бірақ одан кейін, алғашқы карантиннен соң, біз өзімізге өзіміз қатаң талап қойып, мүмкіндікті пайдаланбадық. Той-садақаға барудан тыйылмадық. Қазақбайшылыққа салынып жиналуды, кездесуді көбейттік. Тазалық шараларын сақтауды, бет-перде киюді, арақашықтық талаптарын ұмыттық. Бұрынғыша құшақ жая сүйісіп, көрістік.

Мұндай жауапсыздықтар ел ішінде өкпе қабынуын қайтадан өршітті. Індеттің мейлінше жедел тарағаны сондай, дәрігер қауымы сырқаттарды қарауға үлгермей, ауруханаларда орын болмай қалды. Жедел жәрдем келмеді. Осындай қиын кезде талай азаматтар дәрігерлік жәрдем ала алмай өмірден өтіп кетті. Үйде жатып емделгендер қанша?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты, ұлтты сақтап қалудың қамын ойлап, екінші рет екі апта карантин жариялады. Одан кейін тағы екі аптаға созды. Соның арқасында қазір елде, оның ішінде Ақтөбеде де жағдай қалыпқа түсті, бірақ қуануға әлі ерте. Әлемнің көп елдерінде бұл індеттің екінші кезеңі өрши түсуде. Сондықтан қауіп-қатер толық жойылды деп есептуге болмайды.

Тіпті жағдай түзелді дегеннің өзінде де, біз сақтық шараларын жалғастыра беруіміз керек. Садақа-тойға барудан тыйылуымыз қажет. Әрине, сыйласып қалған біздің халқымыз үшін мұның қиын болып тұрғанын түсінеміз. Бірақ бұдан басқа  жол жоқ. Бұл шара — бір-бірімізге деген жанашырлықтың көрінісі болмақ. Қол беріп амандасудан тыйылғанымыз дұрыс. Меніңше, қазіргі үлкендер жағы жақсы біледі, бұрынғы кезде қазақ халқы Наурыз мерекесінде ғана құшақтасып көріскен. Қалған уақытта дауыстап амандасатын, есен-саулық сұрасатын, бірақ қол бермейтін. Үлкен-кішінің қол беріп амандасуы, тіпті құшақтасып, сүйісуі кейін, осы бергіректе дәстүрге енді. Бұл дәстүрден, індеттен арылғанның өзінде де, ендігі жерде тыйылмасақ болмайды. Өйткені қай кезде де көпшіліктің ішінде ауырып-сырқаған адамдар жүреді. Әр адам өзінің денсаулығын ойлап, сақтық шараларын ұстанғаны жөн.

Денсаулықтың қадірін ауырып, сырқағанда ғана біліп жатамыз. Дәрігерге қаралып, аурудың алдын алуға келгенде көбіміздің енжарлық танытатынымыз және рас.Бір  жағынан, елге зор қасірет әкелген мына індет ондай жандарға сабақ та болды. Сонымен бірге біз, ұдайы күтініп, білікті дәрігерлерге қаралып жүретін созылмалы сырқаты барлардың талайының, кешегі кезде індетке шалдықпай, жақсы шыққанын да көрдік.

Біздің қаламызда бұлай істеуге — әркім сырқатына қарай алдын ала дәрігерге қаралып, кеңес алуға, емделуге мүмкіндіктер бар. Мәселен, мен соңғы 16-17 жылдан бері тәжірибелі уролог Абат Төлебайұлы Имжаровты жақсы білемін. Қазір ол қаламыздағы «Аман-саулық» медициналық орталығында урология сырқаты бойынша қабылдаулар өткізіп тұрады.

Бұл жерде қабылдау дегеніміз аз сөз. Аса білікті, мол тәжірибелі дәрігер АбатТөлебайұлының алдына келген сырқат жандарды қабылдауы басқалардан мүлде ерекше. Ол жай кеңес берумен шектелмейді. Сырқатты сол бойы жан-жақты қарап, осы заманғы медициналық озық құрылғылармен тексеріп, қорытындысын, емдеу жолдарын қолыңа бірден ұстатады. Оның алдына келген сырқат жай ғана кеңес алып шықпайды. Одан әрі әуре-сарсаңға түспейді. Мен әрбір медициналық мекемеде осындай білікті, сырқатқа сергек қарайтын дәрігерлер көп болса екен деймін.

Аманқос  ОРЫНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button