БілімБасты жаңалықтар

Облыстық тамыз кеңесі: жаңа оқу жылы және жаңалықтар

«Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері». Облыстық тамыз кеңесі осындай тақырыпта өтті. Nur Otan ХДП-ның ғимаратында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты. Дәстүрлі тамыз кеңесі алғаш рет цифрлық  форматта онлайн режимде өткізілді.  Zoom платформасы арқылы өткен жиынға министрлік өкілі, аудан әкімдері мен орынбасарлары, білім бөлімдерінің, әдістемелік кабинеттердің басшылары, облыс педагогтері қатысты. Кеңес отырысы облыстық білім басқармасының ютуб каналы және Facebook әлеуметтік парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Өткен оқу жылы және маңызды құжаттар

Жиында алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылындағы мақсат, міндеттер туралы баяндады. Ол өз сөзінде жаңа оқыту форматында білім берген педагогтердің еңбегіне, олардың мамандықтарына деген адалдықтары үшін ризашылығын білдірді.

Өткен оқу жылы білім саласы үшін өте маңызды жыл болды. Бұл тек білім алушылардың қашықтан оқыту форматына көшуімен ғана ерекшеленбейді. Ләззат Аманжолқызы баяндамасында сол ерекшеліктерге тоқталды.

Біріншіден, білім саласы үшін ең маңызды стратегиялық құжаттар  «Педагог мәртебесі туралы» Заңы қабылданып,  2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, — деді Ләззат Оразбаева.

Облыстың білім саласындағы барлық өзекті мәселелер мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың Ақтөбе облысы бойынша аймақтық бағдарламасы аясында шешілетін болады. Әрбір міндет бойынша білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар жоспарланған. Аймақтық бағдарламада көзделген мақсат-міндеттердің орындалуы мен индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге әр педагог, әр білім беру ұйымы жауапты.

Басқарма басшысының айтуынша, келесі, екінші жаңашылдық білім беру саласындағы менеджментті жақсарту бойынша көлемді жұмыс атқарылуда. Саланы басқару жүйесі өзгереді. Білім бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім басқармаларына беріледі. Бөлім басшыларын тағайындау барысында министрлікпен келісілу бойынша нормалар енгізілген.

Облыстың білім беруді басқару жүйесінде шешімін табуы қажет мәселелер жеткілікті. Директорлық корпусты тағайындауға байланысты сын-пікірлер көптеп айтылуда.

Өткен жылы мектеп директорларын тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізілді.             

Білім басқармасы  бөлім  басшыларының, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілерінің біліксіздігіне, жекелеген білім беру ұйымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлығына наразылық білдірген адамдардың шағымдары мен хаттарын күн сайын дерлік қарауға мәжбүр, — деді Ләззат Аманжолқызы.

Өткен оқу жылында басқармаға жеке тұлғалардан 296 арыз-шағым келіп түсіпті. Соның 29-ы мектеп басшылығына қатысты болған.

Мектеп директорына үміткерлерді іріктеу барысында, яғни әңгімелесу кезінде үміткерлер арасынан жалындаған, креативті жастарға басымдық беріледі.  Өйткені жаңа форматтағы басшыларға қажеттілік бар, — деді басқарма басшысы.

Облыста директорлық корпусты жаңарту жүйесі құрылған.  Мектеп директорларының орынбасарларынан және перспективасы, көшбасшылық қабілеттері бар жастардан құралған кадрлар резерві қалыптастырылыпты.

Үшіншіден, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында педагогтерді ведомстволық наградалармен марапаттау жүйесіне министрлік тарапынан өзгеріс енгізілуде.  Қазірде өздерін «мұғалімдердің кәсіби даму орталықтары» деп атайтын және сертификаттар, түрлі дипломдар, медальдар мен белгілерді сатумен айналысатын көптеген ұйымдар пайда болды. Аталған марапаттардың ешқандай салмағы мен мәртебесі жоқ, — деп Ләззат Оразбаева білім беру ұйымдарының басшыларына жалған атақтар мен медаль-марапаттарды сатып алу мәселесін қатаң қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Төртіншіден, білім беру ұйымдарының академиялық және басқарушылық дербестігін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазір колледждер көшу сатысында, — деді басқарма басшысы.

Академиялық еркіндік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін оқу бағдарламалары мен оқу мерзімін өздері таңдауға мүмкіндік береді екен. Облыста колледждер 97 мамандық пен 159 біліктілік        бойынша мамандар даярлауда.

Ұлы Абайдың құрметіне жаңа мектеп-интернат ашылады

Жиында Ләззат Оразбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттеген және облыс әкімі Оңдасын Оразалин жүктеген тапсырмалардың орындалуы туралы да баяндады.

Облыстың бас педагогінің айтуынша, өңірдегі білім саласының негізгі көрсеткіштері жақсарды.

Өңірде 546 мектепке дейінгі ұйым (42 410 балапан) бар. 3-6 жастағы балалардың барлығы, толығымен  балабақшамен қамтылған. Жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында былтыр 21, биыл 10 балабақша ашылыпты. Сонымен қатар жыл аяғына дейін 21 балабақша пайдалануға берілуі тиіс.

Балабақшаларға бақылау бейнекамераларын орнату мәселесі өзекті. Бейнекамералар үшін мемлекеттік мекемелерге бюджеттен қаржы қаралса, жеке балабақша құрылтайшылары құрылғыны өз қаржысынан орнатуы тиіс, — деді Ләззат Оразбаева.

Балабақшаларға қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Ата-аналар кезекке қою қызметін «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімдері немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асыра алады.

Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнға көшу аяқталды. Облыста 402 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 158 481 оқушы білім алатын болады.

Білім саласындағы үлкен міндеттердің бірі — қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын теңестіру. Бұл мақсатта ауылдық жерлерде педагог кадрлардың тапшылығын жою үшін «Мобильдік мұғалім» пилоттық жобасы, шағын ауылдарда «Модульдік мектептерді» құру қолға алынады.

Таланттар мен көшбасшыларды анықтау және қолдау жөніндегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының «Еl Umiti» бастамасы іске асырылатын болады, — деді басқарма басшысы.

Біздің облыста ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ашу жоспарланып отыр.

Қашықтан оқыту форматы және аралас тәсіл

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. 207 (51,5%) шағын жинақты мектеп дәстүрлі форматта, 195 (48,5%) мектеп аралас форматта білім береді.

Кезекші сыныптарға өтініштер электронды түрде қабылданады. Алдын ала болжам бойынша қашықтан оқу форматында — 104 927, кезекші сыныптарда —  38 106, штаттық режимде — 15 448 оқушы білім алады деп жоспарланып отыр.

Мектеп оқушылары жылдағыдай арнайы форма алмай, іскерлік стильдегі өзінде бар киімін мектепке кие алады, арнайы форма кию туралы талап қойылмайды, — деді облыстың бас мұғалімі.

Қашықтан оқыту барысында қолданылатын 19146 компьютерді алуға республикалық  бюджеттен 2 млрд 944 млн теңге қарастырылып отыр.  Жергілікті бюджеттен 5459 компьютер (1 млрд 91 млн теңге) алынады. Жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен қосымша 3771 компьютер алынатын болады.

Облыста 6370 білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленеді, оның 3643-і инклюзивтік біліммен қамтылған. Ерекше балаларды қолдау мәселесі — мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі.

Облыста 912 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Аудандарда жетім балалардың тұрғын үй кезегіне тіркелмеуі, ата-анасының қайтыс болуына байланыста тиесілі жәрдемақының тағайындалмауы, ата-ана құқығынан айырылған балаларға қатысты алимент өндіру жұмыстары жүргізілмеуі сияқты деректер де бар.

Осыған байланысты қорғаншылық органдарының жұмысын нақты бақылауға алып, жетім балалардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу шараларын қабылдау қажет, — деді Ләззат Оразбаева.

Апатты және үш ауысымды мектептер азаяды

Өңірде апатты және үш ауысымды мектептерді қысқарту, оқушы орындарының тапшылығын төмендету бағытында да біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыста 12 үш ауысымды және 3 апатты жағдайдағы мектеп бар.  Жыл соңына дейін жаңа  нысан пайдалануға беріледі. Соның арқасында үш ауысымды мектептердің саны азаяды.

Апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін Құмжарған негізгі мектебінің орнына жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Қалған 2 апатты жағдайдағы мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Колледждер тынысы

«Жас маман» жобасы бойынша колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Облыс бойынша 9 колледж заман талабына сай құрылғылармен қамтамасыз етіледі.

Жаңа оқу жылында ауылдарда және Алға, Хромтау сияқты қалаларда орналасқан 13 колледждегі 2264 оқушы  штаттық режимде, 28  колледждегі 17 200 оқушы қашықтан оқыту форматында білім алады.

Бюджеттің үштен бір бөлігі білім саласына тиесілі

Жиынды облыс басшысы Оңдасын Оразалин қорытындылады.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл құжаттың қабылдануы — педагогтердің мәртебесін, беделін артырып, мерейінің үстем бола түсуіне септігі  мол. Заң аясында мұғалімдер өздерінің құқықтарын да қорғай алады.

Педагогтің қоғамдағы мәртебесін арттыру  — ортақ іс. Облыстық бюджеттің үштен бір бөлігі — білім саласының үлесінде, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Ол өз сөзінде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде ұстаздар еңбегінің зор екенін айтты.

Өңірде 900 мыңға жуық тұрғын болса, соның 160 мыңға жуығы — мектеп оқушылары.

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұрын-соңды мектептердің тәжірибесінде болмаған жаңа форматта білім беру әдісіне көштік. Жаңа оқу жылында да өңірдегі біраз білім шаңырағындағы оқушылар қашықтан оқитын болады. Жаңа формат педагогтердің көп нәрсені үйренуіне, жаңа технологияны меңгеруіне септігін тигізді. Сондай-ақ жаңа әдіс сапалы білім беруде шешімін табуы тиіс мәселелерді де айқындап берді. Жалпы аудандарға іссапарларым кезінде мектептерді аралағанда байланыс желісінің, әсіресе интернеттің әлсіздігін, тіпті кей ауылдарда интернеттің жоқтығына көз жеткіздім. Кейбір мектептердегі компьютерлер жаңартуды қажет ететінін байқадым. Өткен оқу жылының 4-оқу тоқсанында осы мәселелерді шешудің өзектілігі анық байқалды. Осындай күрделі мәселелерге қарамастан, өңір педагогтері жас ұрпаққа сапалы білім беруде бар күшін жұмсады. Бұдан мұғалімдеріміздің жауапкершілігі мол екенін білеміз.

Қазір мектептердің материалдық базасын нығайта түсуде көптеген комьпютер алынып жатыр. Оқушыларға сапалы білім беруге толық мүмкіндігіміз бар, — деп, Оңдасын Оразалин педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

P.S.

Шара соңы марапаттауға ұласты. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздарын (облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №60, №8 мектептер және Қарғалы ауданы №1 Бадамша орта мектебі) марапаттап, білім шаңырақтарының басшыларына сертификаттар табыс етті. Сондай-ақ облыс әкімі тағайындаған 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы және Алғыс хатпен облысымыздың 21 педагогі марапатталды. Айта кету керек, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін облыстың 17 педагогі иеленді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button