Экономика

Энергетиканың тиімді көзі іске қосылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «RG Renovatio Group» компаниялар тобының басқарушы серіктесі, «Ақтөбе WPP» ЖШС-нің бас техникалық кеңесшісі Джеймс Колтер Еддимен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, тиісті басқарма басшылары, «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның аймақтық директоры Бекбол Сағын қатысты. Жел және күн энергиясын алғашқы әзірлеушілердің бірі болып саналатын португалиялық компания «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның қолдауымен Ақтөбе өңірінде қуаттылығы 500 МВт таратуға қауқарлы жел станциясын іске асыруды жоспарлайды. Облыс басшысы инвесторларға аймақтың әлеуетін таныстырып, инвесторларға жасалатын жеңілдіктерді атап өтті.
«Елімізде инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар кешенді жүргізілуде. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес заңнама едәуір жақсарды, көші-қон-визалық режим, рұқсат беру жүйесі, салық салу, кедендік бақылау жеңілдетілді», — деді облыс басшысы.
Өз кезегінде «RG Renovatio Group» компаниялар тобының басқарушы кеңесшісі Джеймс Колтер Едди Ақтөбе өңірінің климаттық жағдайының тиімді болып отырғандығын жеткізе келе, компанияның жел және фотоэлектрлік энергетикалық жобаларды әзірлеу тәжірибесі барын, электр және техникалық жобалау саласында кең мүмкіндіктерге ие екендігін айтты. 2005 жылдан бастап Румыния, Колумбия, Молдова, Польша және Португалия сияқты елдерде 2300 МВт-тан астам сапалы жел жобаларын және 350 МВт фотоэлектрлік жобаларды әзірлеген.
«Энергияны жоғары тұтынудың қазіргі жағдайында жел энергетикасы саласы өте өзекті болып отыр. Бізде осы бағытта жұмыс тәжірибесі бар, мәселен облыста 3 жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанда аумақтардың едәуір бөлігі дала екенін ескере отырып, шуақты күндер мен жел ағындарының саны бойынша үлкен әлеует бар, сондықтан біз жобаны Ақтөбе облысында іске асыруды таңдағаныңызды құптаймыз», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмыстың негізгі мақсаттарын, міндеттерін, бағыттарын және нысандарын орнатуға және нақтылауға ниеттене отырып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Компания Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар аудандарында жобаларды жүзеге асыру бойынша зерттеу жұмыстарына кірісті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button