Денсаулық

Демалыс күндері шектеу шаралары жалғасады

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен  облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов облыстағы эпидемиологиялық жағдай мен «Кәсіпкерлік объектілерінің демалыс күндеріндегі жұмысы туралы» тақырыбында брифинг өткізді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, соңғы дерек бойынша облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 3187 жағдай тіркелген. Оның ішінде 49 пайызында ауру белгілері байқалса, 51 пайызында байқалмаған. Сонымен бірге коронавирус инфекциясы вирусы сәйкестендірілмеген 217 жағдай тіркелген. Өңірдегі аурушаңдық өсімі — 0,2 пайыз.

— 2937 адам (92,2 пайызы) науқас жазылып, үйлеріне шықты. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 жағдай тіркелді. Оның ішінде 4 адам симптомсыз, 2-і — симптомды. Жалпы алғанда Ақтөбеде — 2311, Әйтеке би ауданында — 20, Алға ауданында — 91, Байғанинде — 55, Ырғызда —  53, Қобдада — 15, Қарғалыда — 24, Мәртөкте — 47, Мұғалжарда — 170, Темірде —   187, Ойылда — 21, Хромтауда 81 және Шалқар ауданында 11 жағдай тіркелді. Сонымен бірге COVID-19 вирусы сәйкестендірілмеген 217 науқастың 124 жағдайы — Ақтөбеде, 12-сі — Алға ауданында, 9-ы — Ырғызда, 12-сі — Қарғалыда, 1-еуі —   Мәртөкте, 23-і — Мұғалжарда, 13-і — Темірде, 1-еуі — Ойылда, 17-сі Хромтауда және 5-еуі Шалқар ауданында тіркелген. Жалпы алғанда 3187 науқастың 2,1 пайызы — сырттан келгендер,  13,5 пайызы — вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болғандар, 49,2 пайызы — жергілікті жағдайлар және 35 пайызы — профилактикалық мақсатта тексерілген кезде вирус жұқтырғаны анықталған науқастар. Қазіргі уақытта  257 адам үй карантиніне алынып, оларға медициналық бақылау көрсетіліп жатыр, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

15 тамызда Ақтөбе облысы Бас санитарлық дәрігерінің облыс аумағында қатаң шектеу мен карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жұмсарту туралы қаулысы шыққан болатын. Ол туралы газетіміздің өткен санында толық жарияланды.

Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, облыста 60 мың шағын және орта бизнес субъектілері бар. Алайда infokazakhstan.kz сайтына тек 7,8 пайызы, яғни 4687 субъект қана тіркелген.

  • Барлық кәсіпкерлік субъектілері міндетті түрде осы порталға тіркеліп, дайындық актісін алуы тиіс. Олай болмаған жағдайда олар заңсыз жұмыс істеген болып есептеледі. Порталға тіркелу, акт алу аса күрделі емес. Кәсіпкерлік субъектілерінің 99 пайызы сайт арқылы рұқсат қағазын алса, тек 1 пайызы — адам көп шоғырланатын базарлар, ойын-сауық орталықтары, ірі сауда орындары арнайы тексерістен өткізілу арқылы дайындық актісін алады. Бұл мақсатта санитарлық талаптардың орындалуын тексеретін арнайы 5 топ жасақталды. Айта кетейік, аталған сайт жұмысын 15 тамыздан бастаған болатын. Біз кәсіпкерлерге 24 тамызға дейін уақыт беріп отырмыз, осы уақытқа дейін тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілері заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады, — деді басқарма басшысы.

Сенбі, жексенбі — демалыс күндері азық-түлік дүкендері, дәріханалар, азық-түлік сататын гипер, супермаркеттер, мемлекеттік және мемлекеттік емес медицина ұйымдары, медициналық зертханалық, ветеринарлық ұйымдар, коммуналдық қызмет көрсету орындары, пошта қызметтері, әуежай, теміржол вокзалы, БАҚ, жанар-жағармай станциялары, мемлекеттік органдардан басқа барлық субъектілер жұмысын тоқтатады. Демалыс күндері қоғамдық көліктер де жүрмейді.

  • Естеріңізде болса, ілкіде шектеу шаралары алынып тасталған уақытта өкпе қабынуы күрт өршіп кеткен еді. Тағы да сондай жағдай болмауы үшін барлығымыз да санитарлық талаптарды қатаң сақтауымыз керек, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты шектеу және карантиндік шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Облыс бойынша мобильді топтар, жергілікті полиция қызметкерлері Ақтөбе облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен қабылданған қаулыларының орындалуына бақылау жүргізіп жатыр.

— Анықталған бұзушылықтар бойынша түскен құжаттар негізінде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 378 хаттама толтырылып, 42 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қабылданып отырған шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек. Тұрғындарды індеттен сақтану  шараларын қатаң сақтауға шақырамыз, демалыс күндері еш себепсіз үйден шықпаған дұрыс. Сондай-ақ көшеге шыққанда, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте бетперде тағып, қолды жиі жуу, антисептиктерді қолдануын, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, сонымен қоса адамдар көп жиналатын іс-шараларға қатыспау керектігін ескертеміз. Шектеу және карантиндік шаралардың кезең-кезеңімен жеңілдетілуі толығымен жайбарақат өмірге оралу деген сөз емес, осыны халық түсіністікпен қабылдауы керек, бұрынғы қатаң локдаун қайтып келмесін десек, санитарлық талаптарды сақтайық, — деді облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button