Экономика

Жеті ай және жобалар

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов және «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалы директорының міндетін атқарушы Айнагүл Ниязова өткен жеті айда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының өңірде қалай орындалғаны туралы айтып берді.

— Шағын және орта бизнесті қарқынды дамыту — мемлекеттің басты мәселелерінің бірі. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін облыста бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып, жыл сайын қаржыландыру көлемі ұлғайтылып келеді. Мысалы, тек «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына биыл 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат бизнес-жобалардың іске асуына, кәсіпкерліктің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, аталған бағдарлама бойынша кемінде 350 жобаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Биыл өткен 7 айдың қорытындысы бойынша бұл жоспардың 60 пайызы орындалды. Анығы, шағын және орта бизнеске қатысты 210 жоба мақұлданды. Атап айтсақ, аудандар арасында Мұғалжар 20 жоба, Хромтау 15 жоба ұсынып, белсенділіктерімен ерекшеленді. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 800-ден астам жобаға қолдау көрсетілді. Жалпы, бағдарламаны іске асыру бойынша еліміздегі өңірлер рейтингісінде біздің Ақтөбе облысы 2-орынды иеленді.  Әрине, бұл — кәсіпкерлердің белсенділігінің арқасы», — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Одан әрі ол бағдарлама аясында несие пайызын субсидиялау, кепілдендіру, жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды тарту және қайтарымсыз гранттар беру секілді бірнеше қаржылық құралдар қарастырылғанын да түсіндіріп өтті.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қаражат есебінен автомобиль жолдарынан басқа газ, су, кәріз, телефон, бу қазандықтары және басқа да инженерлік желілердің құрылысы мен қайта жаңартылуы жүзеге асырылады, сондай-ақ тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіледі (Ірі субъектілерге қолдау көрсету қарастырылмаған). Ауылдық жерлерде жетіспейтін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бизнестің барлық түрлеріне салалық шектеусіз, ал Ақтөбе қаласында өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың басым секторларындағы жобаларға қолдау көрсету қарастырылған. Жеткізу қарастырылған инженерлік желі құрылысының жоғарғы сомасы — 1 миллиард теңге. Инфрақұрылымды жүргізу кәсіпкерлік жер учаскесінің шекарасына дейін жүзеге асырылады, ал жекеменшік жердің ішіне дейін жүргізу кәсіпкердің өз күші мен қаражаты есебінен жүргізілетіндігін ескерген жөн. Құны 50 млн теңгеге дейінгі жобалар облыстық, ал 50 млн теңгеден астам жобалар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

— Бағдарламаның шарты бойынша әр бизнес-жобаның инвестиция көлемі бойынша талаптар қарастырылған. Мәселен, инфрақұрылым құны жоба инвестициясының 50 пайызынан аспауы тиіс. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар бойынша  инвестиция көлемі 200 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Қолдау алу үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне бизнес-жоспар; жобалау-сметалық құжат; техникалық-экономикалық негіздеме секілді құжаттар қажет. Табысты жобаларды санамалап айтуға болады. Инфрақұрылым жүргізуге қатысты айтсам, Ақтөбе қаласында балаларға арналған «Аквапарк» ойын-сауық орталығы іске асырылуда. Бұл жерге электр желісі мен газ тартылады. Жобаның инвестиция көлемі — 5 миллиард теңге. 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қызмет уақытша тоқтатылды. Біз жағдай тұрақтанғаннан кейін қызмет қалпына келтіріледі деп үміттенеміз, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдаудың маңыздылығы ескеріліп, көзделген қаражат көлемі 3,5 есеге ұлғайып, 140 миллион теңгеге жетіп отыр. Биылдан бастап гранттардың ең төменгі мөлшері 2 миллион теңге боп белгіленді. Жоғарғы шегі — 5 миллион теңге. Бұл сапалы жобаларды қолдауға мүмкіндік береді.

— Жобалар экономиканың басым бағыттары шеңберінде іске асырылуға тиіс. Бұл монша, шаштараз, тамақтану, сауда сияқты жобалар конкурсқа қатыса алмайтындығын білдіреді. 10 тамызда басталған жобалар байқауы 21 тамызда аяқталады. Сондай-ақ I және II топтағы мүгедектер, зейнеткерлер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, толық емес отбасылар және тағы басқа әлеуметтік осал топқа жататын кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдік бар. Қойылатын талаптарға сүйенсек, бизнес-жоспарда барлық ақпарат көрсетілуі керек. Бизнес-жоспарларды әзірлеу кезінде кәсіпкерлердің қарама-қарсы міндеттемелері  — жұмыс орындарын құру, салық аударымдарын төлеу, өнім шығаруға қатысты сапалы және қолжетімді көрсеткіштерді пысықтау қажет екендігіне назар аударғым келеді. Жоспарланған индикаторларға қол жеткізілмеген жағдайда, сот тәртібімен грант қаражатын бюджетке қайтаруды жүзеге асыруға тура келеді. Мұндай прецеденттер орын алған, — деп нықтады Нұрхан Тілеумұратов.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлері  мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларды тарту мақсатында бірнеше ай бойы өңірлік

БАҚ-та және теледидарда, әріптестердің түрлі алаңдарында Zoom және басқа да құралдарды пайдалана отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай-ақ басқарма сайтына, инстаграм және фейсбук парақшаларына кірсеңіз, кәсіпкерлікке қатысты толық ақпарат ала аласыз.

Бұдан бөлек, бағдарламада несие пайызын субсидиялау мен кепілдендіру құралдары қарастырылған. Олар негізінен мемлекет қаражаты есебінен несие ставкасын төмендету мен кепілдік үшін қолданылады. Жалпы бағдарламаны іске асыруға қарастырылған қаражаттың 96 пайызы осы құралдарға тиесілі. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры аймақтық филиалы директорының міндетін атқарушы Айнагүл Ниязова айтып береді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button