Әлеумет

GoSauda — елімізде баламасы жоқ онлайн сауда алаңы

Ақтөбелік кәсіпкерлер жаңа онлайн сауда платформасын іске қоса бастады. GoSauda деп аталатын сауда алаңы еліміздегі дәстүрлі сауда алаңдарының интернеттегі баламасы болмақ. Яғни бұл «базарда» бір мезгілде бірнеше мың саудагер өз өнімін бірден мыңдаған тұтынушысына көрсете алады. GoSauda платформасының директоры Ғалымбек Өтегеновтің айтуынша, бұл платформаның елімізде әзірге баламасы жоқ.

—  Бұл платформа — жай ғана сауда жасау алаңы емес, біртұтас жүйе. Платформадан жеке және заңды тұлғалар, сатушы-сатып алушылар — барлығы да сауда алаңын сатып алып, жұмысын істей береді.

Біз әріптестерімізбен 2016 жылдары ет сатумен айналыстық. Сол кездері базарда тұрамыз, ет өтпейді, кейде түнге қалып қоятын едік. Жазда ыстық, қыста салқын… өте қиын болды. Бір күні кешкілік ОЛХ сауда желісіне «ет сатамыз, алам деушілерге апарып береміз» деген хабарлама жаздық. Арада аз ғана уақыт өткеннен кейін бір кісі хабарласып, ет алатынын айтты. Етті апарып бергеннен кейін осындай бір сауда алаңын ашу туралы идея келді. Мәселен, электронды сауда алаңында ет сатушылар мен алушыларды байланыстыратын тетік болса, кәсіпкерлерге де көмегіміз тиетін еді, клиенттердің де уақытын үнемдер едік. Қазіргі кезде Қазақстанда мұндай сауда алаңы жоқ, — дейді ол.

GoSauda платформасының демо-нұсқасы екі жыл бұрын жасалды, алайда тек биыл ғана толыққанды іске қосылды.

— Платформа туралы жарнаманы биыл бердік. Кәсіпкерлер интернеттегі кабинетті жалға алады, әзірге ай сайын жалға алу құны, яғни абоненттік төлем 9 мың теңге көлемінде белгіленді. Бүгінде біздің платформаға еліміздегі ірі сауда желілері де қызығушылық танытып отыр, — дейді Ғалымбек Өтегенов.

https://gosauda.kz/ онлайн сауда алаңы сатушы мен сатып алушыларды тікелей байланыстырады. Яғни сіз мобильді қосымшасын Play Market, App Store арқылы интернеттен жүктеп алып, тіркелесіз. Тіркелген кезде «сатушы» не «сатып алушы» екендігіңізді жазасыз, яғни порталда екі тарап болады. Мәселен, сіз «үш бөлмелі пәтер сатамын» деп хабарлама қалдырсаңыз, сізді бағдарлама «пуш-хабарлама» арқылы дәл сол «үш бөлмелі пәтер сатып аламын» деген адаммен тікелей байланыстырады. Сатып алушы болсаңыз да солай. Сонымен бірге порталда жеке тұлға немесе заңды тұлға ретінде тіркелуге болады. Компания ретінде тіркелетін заңды тұлғалардың онлайн жеке дүкені болады. Онда сатушы өз компаниясы туралы толық ақпарат бере отырып, барлық заттарының сипаттамасын жазып, суреттерін көрсетіп, «сөреге» шығара алады. Сатып алушылар дүкенге «кіріп», таңдағанын ала алады. Компанияларға төлем жасау жүйесін орнатып береміз.

— Басқа да көптеген функциялары бар. Қазіргі уақытта біз «Яндекс картамен» жұмыс істеп отырмыз. Мәселен, сіз қаланың сыртында, айталық, Қарғалы елді мекенінде отырып: «Қияр сатып аламын» деп хабарлама қалдырсаңыз, сізді портал карта арқылы тұрған жеріңізге жақын орналасқан «дүкендермен» байланыстырады.

https://gosauda.kz/ онлайн сауда алаңының өзгеде жоқ басқа да функциялары бар. Мәселен, компаниялар өздерінің заттарын инстаграм әлеуметтік желісіндегі секілді «сториске» шығара алады.

Қазіргі кезде қосымшаны тегін жүктеп, тегін тіркелуге, онымен бірге 100 хабарламаны тегін жариялауға мүмкіндік бар. Кейбір сауда алаңдары тек 1-2 жарнаманы ғана тегін қылып, қалғанын ақылы шығаратын болса, біз оның санын 100-ге жеткізіп отырмыз. Себебі қазіргі пандемия салдарынан көптеген сауда орындары жабылып қалды, тіпті кейбір саудагерлердің жұмысы мүлде тоқтап қалды. Соларға көмек болсын деген ниетпен осындай қадамға барып отырмыз, — дейді Ғалымбек Өтегенов.

Платформаға тіркелу үшін заңды тұлғалар арнайы тексерілетін болады. Кәсіпкер екендігін растаушы құжаттары, әділет органдарында тіркелу құжаттары қаралатын болады.

Қазір интернетте саудагерлер де көп, сәйкесінше сатып алушылар да баршылық. Онлайн-саудагерлерге алданып қалып, опық жеп жатқандар да бар.

https://gosauda.kz/ онлайн сауда алаңын пайдаланушыларды кім және қалай қорғай алады? Бұл туралы онлайн платформа жобасын жүзеге асыру бағытындағы серіктесі, кәсіпкер  Қуаныш Арыстанбекұлы былай дейді:

— Біз ешкімнің құқын қорғамаймыз. Алайда егер клиент біздің порталда тіркелген компаниядан осы портал арқылы сауда жасаған болса немесе ақшасын аударып жіберіп, алданып қалған болса, біз сотқа екеуара сөйлескендерін, төленген ақшасы туралы барлық құжаттарды береміз. Әр адам өз әрекетіне өзі жауап беруі керек. Оған қоса бізде сайтқа жіберілетін хабарламалардың барлығын сүзгіден өткізетін модератор бар, барлық хабарламалар заң аясында болуы тиіс және суреті мен мәтіні екі түрлі болмауы керек. Яғни біреу джинсы сатқысы келіп, оның орнына басқа заттың суретін салып қоятын болса, оның хабарламасы өтпейді. Ал https://gosauda.kz/ онлайн сауда алаңы «Қазақтелекомның» серверінде орналасқан, яғни оның кибератакалардан қорғану деңгейі жоғары.

Жақында платформада «COVID-19», «Құрбан айт» секілді жаңа бөлімшелер де пайда болды. Мәселен, «COVID-19» бөлімінде дәрі-дәрмек, дезинфекциялық құралдар, қорғаныш құралдары секілді заттарды табуға болатын болса, «Құрбан айт» бөлімінде, аты айтып тұрғандай, мал саудасы қызды. Платформада қажеттілікке сай осындай бөлімдер де ашылатын болады.

Бүгінде GoSauda онлайн сауда платформасына ірі сауда желілері де қызығушылық танытып отырған көрінеді. Әзірге орыс тілінде ғана жұмыс істеп тұрған платформаны қазір қазақ тілінде «сөйлету» жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта платформаны ағылшын, қытай тілдерінде сөйлейтіндер де пайдалана алады.

—  GoSauda платформасын болашақта әлемге танымал брэнд компания қатарынан көретініме сенімдімін. Себебі қазіргі уақытта интернет-сауда дәстүрлі сауданы біртіндеп ығыстырып келеді. Қазіргі уақытта ең қарапайым дүкеннің өзінде интернет-дүкені болмаса, жұмысы ойдағыдай жүрмейді. Сондықтан жетістікке жетуге тырысатын кез келген кәсіпкер интернетпен жұмыс істеуге бәрібір көшеді, — дейді Ғ.Өтегенов.

Интернеттің шекарасы жоқ. Болашақта GoSauda онлайн сауда платформасы ТМД елдеріне, одан әрі әлемдік деңгейге шықпақ. Қазіргі уақытта платформаны Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдерге де шығару жоспарланып отыр.

— Бір-екі жылдан кейін ақтөбеліктер үйінде отырып көрші елдерден де қалаған затын сатып ала беретін болады. Немесе өз затын көрші елдерге тапсырыс арқылы жөнелтуге мүмкіндігі болады. Қазіргі уақытта біз Түркиядағы достарымызбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің жергілікті саудегерлер арасында Түркиядан киім, басқа да заттар алатындар бар. Түрік еліндегі сатушылар арқылы болашақта олар үйде отырып тапсырыс бере алатын болады. Бұл кәсіпкерлер үшін өте тиімді, — дейді Ғ.Өтегенов.

Бүгінде платформада Қазақстан бойынша 5 мыңдай компания тіркелген, 50 мыңнан астам жарнама берілген. Болашақта бұл сан сөзсіз көбейетіні белгілі.

— Себебі болашақта барлық сала тұтастай интернет арқылы жүргізілетіні айқын. Қазірдің өзінде бизнес болсын, басқа сала болсын, қызметін интернетсіз жүргізе алмайды. Егер сіздің бизнесіңіз интернетте жоқ болса, бизнес те жоқ деген сөз. Болашақта саудамен айналысатын кәсіпкерлерге тіпті сауда орындарының да қажеті болмауы мүмкін. Бар болғаны зат қоятын қоймаңыз болса жеткілікті, барлық сауда-саттықты онлайн платформалар арқылы жүргізуге болады. Біздің GoSauda платформасының әлем бойынша басқа онлайн сауда алаңдарында жоқ ноу-хаулары бар. Біз дәл қазіргі уақытта соны тегін пайдалануға мүмкіндік беріп отырмыз. Бұған қоса кез келген адам біздің компанияның акцияларын сатып алып, үлескер бола алады. Компанияның сауда айналымынан тұрақты пайда түсіп тұрады, акцияларды ұрпағыңызға мұра ретінде қалдыра аласыз, — дейді кәсіпкер.

Ғалымбек Өтегенов бұл жұмыстарға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған өңірлік кәсіпкерлік палатасына алғысын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button