Мәдениет

Кітапхана — құндылық мекені

Қазір Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі 20 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапханаларда жергілікті оқырмандардың ақпараттық қорларға еркін қол жеткізуіне жан-жақты жағдай жасалған.

— Жалпы, барлық кітапханаларда 125 мыңнан аса кітап қоры бар. Жылына 2 мыңға жуық жаңа кітап келіп түседі. Сондай-ақ қалалық бюджеттен бөлінген қаржыға оқырмандардың сұранысы бойынша кітаптар сатып аламыз. Алдағы уақытта Жаңақоныс, Кеңес Нокин және Батыс-2 шағын аудандарынан да кітапхана ашу жоспарланып отыр.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы онлайн жүйеде жұмыс істеуге көштік. Оқырмандардың кітап оқуға деген сұранысы артты. Әсіресе, ата-аналар балаларына кітап іздеп, көп қоңырау шалады. Қазір көркем әдеби кітаптарға, білім саласына қатысты және психологиялық кітаптарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ биыл «Абай жолы» романын іздеушілер де көп. Әр кітапхананың әлеуметтік желіде парақшалары, оқырмандар чаты бар. Бұл оқырмандар үшін ыңғайлы, — дейді қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Құралай Райымбаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мыңға жуық аудио кітап бар. Kitap.kz порталы арқылы да оқырмандардың сұранысына қарай кітаптар ұсынылады. Сондай-ақ «Мобильді кітапхана» жобасы бойынша өлкетану бағытындағы кітаптар, сирек кездесетін кітаптар мен газет-журнал мақалалары арнайы сандық нұсқаға көшірілуде.

Рухани және ақпараттық қызмет көрсетуде өзіндік ерекше іс-шараларымен атсалысып келе жатқан мәдени орындардың бірі — №1 Абай атындағы қалалық кітапханасы.

Аталған кітапхана алғаш рет өз жұмысын 1960 жылы қаламыздағы Сүт зауыты аймағындағы 1 бөлмелі үйде бастаған. 1998 жылдың қараша айында Абай атындағы кітапхана қорының жартысын №5 және №15 мектептерге беру туралы қаулы шықты. Сол жылы қалған кітапхана қорын сақтап қалу мақсатында кітапхана №5 С.Маршак атындағы балалар кітапханасының бірінші қабатына көшірілді. Ал 2012 жылдан бастап Әлия Молдағұлова даңғылында орналасқан «Емшан» тұрғын үй комплексінен жалға орын бөлініп, көшірілді.

— Бүгінде Абай атындағы кітапханада 22 978 кітап қоры бар. Ғимарат бірнеше жылдан бері жалға алынып келеді. Абай атындағы кітапханамен танысу, білу үшін облыс аудандарынан оқырмандар, өзге өңірлерден қонақтар арнайы іздеп келіп жатады. Осы орайда Абай есіміне лайықты жаңа, кең ғимарат берілсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ  Пушкин, Ломоносов, Маршак, Горький сынды кітапханаларға қазақша атау беру мәселесі де бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Биыл құжаттар әзірленіп, облыстық тілдер басқармасына жолданды. Енді республика көлемінде шешіледі деген үміт бар.

Сондай-ақ Құрмыш ауданындағы Жангелдин көшесінде қалалық орталық кітапхана орналасқан. Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуді талап етіп тұрған ескі ғимарат биыл техникалық сараптама бойынша апатты жағдайға жетті. Қалалық орталық кітапхана статусына сәйкес ғимарат берілсе екен дейміз. Осындай көптің көкейінде жүрген мәселелердің шешімі табылады деген сенімдеміз, — дейді Құралай Райымбаева.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button