«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Жаңа аялдамалар: ыстық пен суықта сая бола ала ма?

Ақтөбе қаласы көшелеріне жаңа аялдамалар орнатылып жатыр.

Жақында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылады. Сол кезде қала көшелеріне орнатылып жатқан жаңа аялдама құрылысымен де танысқан болатын.

Бүгінде қаладағы аялдамалар жаңа үлгіде орнатылып жатыр. Жергілікті биліктегілердің айтуынша, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталса, жыл соңына дейін 50-ге жуық аялдама жаңартылмақ. Қазіргі күні облыс орталығына жаңа үлгіде, заманауи жабдықталған 6 аялдама-павильоны тұрғызылыпты.

Біздің тарапымыздан қала көшелеріне  жаңа үлгідегі аялдама салуға   жер телімдеріне конкурс жарияланды. Қалада осындай  48 аялдаманың  жер учаскесі конкурс арқылы іске асырылады. Қазіргі таңда біз конкурс жарияладық. Өкінішке қарай, карантин шараларына байланысты көпшілік кәсіпкердің конкурсқа қатысуға мүмкіндігі жоқ.  Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы көшелеріне жаңа үлгідегі 6 аялдама-павильоны орнатылды.  Биыл 1 қазанға дейін тағы осындай 9 аялдама тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл — бірінші кезекте қалалықтарға жайлы жағдай туғызу мақсатында жасалған шара әрі қала көркін келтіретін нысан болмақ, — дейді Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Серібаев.

Қазіргі күні жаңа үлгіде салынған  аялдамалар пайдалануға берілген.  Мұндай нысандар кәсіпкердің қаражатына салынған. Себебі қала әкімдігі тарапынан аялдама салуға жер бөлінген әрі кәсіпкердің аялдама-павильонында гүл сатып, бизнес жүргізуіне мүмкіндік жасалыпты. Ал құрылыс жұмыстары кәсіпкердің өзіне жүктелген.

Жаңа үлгідегі аялдамалардың ішіне теледидар орнатылып, интернет желісі тартылады. Тіпті, ыстық күндері жолаушылар аялдамаларда орнатылған  желдеткіш астында отыруға мүмкіндігі бар.

Ақтөбелік кәсіпкер Дмитрий Каратаев жаңа үлгідегі аялдаманың көлеміне қарай әрқайсысына 7-9 миллион теңге жұмсағанын айтады. Ал нысанды қарапайым етіп жаңалау құны бұдан әлдеқайда арзан. Мәселен, қаланың Кеңес Нокин көшесі бойында орнатылған  аялдамаларды қайта жаңартуға әр нысанға 1 миллион 200 мың —1 миллион 500 мың теңге көлемінде қаражат жұмсапты.

Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмыстарды өз міндетіне алған кәсіпкер барлық жерге жаңа үлгідегі аялдама қоя алмайды. Өйткені мұндай аялдамалар саудаға сұраныс бар жерлерге ғана орнатылады.

Осыдан екі апта бұрын Кеңес Нокин көшесіне жаңа аялдамаларды орнаттық. Бұл — қарапайым үлгідегі аялдамалар. Оның әрқайсысына бір жарым миллион теңге шамасында   қаражат жұмсалды. Заманауи үлгідегі аялдамаларға біз бейнеқондырғылармен қатар, желдеткіш орнатып жатырмыз. Ал қарапайым жабдықталған аялдамаларға бейнебақылау камерасы орнатылмайды. Сондай-ақ жолаушыларға жайлы жағдай туғызу мақсатында аялдамаларға теледидар орнатуды да жоспарладық. Әзірге теледидарлар орнатылғанмен, іске қосылған жоқ. Алдағы уақытта аялдамаға интернет желісін жүргізген кезде теледидарлар іске қосылатын болады, — дейді Дмитрий Каратаев.

Кәсіпкердің айтуынша, қалалық әкімдіктен оған аялдаманың жобасы ұсынылған. Ол сол жобаға сәйкес құрылысты  тұрғызыпты. Ол үшін бюджеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған.

Жаңа үлгідегі аялдамалар екі бөліктен тұрады. Жолаушылар үшін жаз айларында аялдамада сыртта отырып автобус күтуге мүмкіндік жасалса, ал салқын күндері әйнекті павильон ішінде отырғыштар орнатылған. Кәсіпкер аялдама салып қана емес, айналаны көркейтіп, көгалдандыруға да міндетті.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button