Экономика

Ақтөбеде инвестжоба қатары толықты

Өндіріс

«Ақтөбе» индустриялық аймағында инвестициялық жобалардың қатары толығып жатыр. 

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы  жобаларды талдау және сүйемелдеу департаментінің директоры Үмітбек Ермағамбетовтің айтуынша,

«Ақтөбе» индустриялық аймағындағы инвестициялық жобалар қатары «ADANA CONTACT»  компаниясы мен жеке кәсіпкер Ұзақбаевтың  жобаларымен толығыпты. Аталған инвестициялық жобалар  өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданыпты. Бүгінде корпорация басшылығы мен аталған компаниялардың өкілдері арасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімшартқа қол қойылған. Талап бойынша өндіріс нысандары екі жыл ішінде салынып болуы тиіс.

«ADANA CONTACT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі   күрделі металл құрылымдары мен металл бұйымдарын дайындайтын зауыт ашпақ. Индустриялық аймақтан 6 гектар жер беріледі. Инвестор 750 миллион теңгеге жобаның бірінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр, — деді Ү.Ермағамбетов.

Зауыттың жылдық қуаты — 10 мың тонна дайын өнім. Жоба бойынша  70  адам жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ индустриялық аймақта жүзеге асырылатын тағы бір инвестициялық  жоба —  ыдыс жууға арналған ысқыш (губка),   майлық (салфетка) пен жиһаз поролонын шығаратын цех. Жылдық қуаты — 80 мың келі өнім.  «Ұзақпаев А.М.» жеке кәсіпкерлігі  бұл жобаға 130 миллион теңге қаражат салмақ. Қазір кәсіпкер цех құрылысын бастау үшін индустриялық аймақтан 1,3 гектар  жер алып жатыр. Жоба бойынша 15 адам жұмыспен қамтылмақ.

Бүгінде кәсіпкер тұрмыста  қолданылатын ысқыштарды «Ай-Зере» сауда белгісімен шығарып жатыр. Алайда ол бизнесін кеңейту үшін индустриялық аймақтан цех салуды көздеген.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button