Басты жаңалықтар

Жаңа жобалар, игілікті істер

Өткен аптаның жұма күні облыс әкіміОңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданында болды. Ауданға жасаған сапары аясында аймақ басшысы Ақкемер, Елек ауылдары мен Қандыағаш, Ембі қалаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жол салынып, су жүйесі тартылып жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Мұғалжар ауданына жасаған сапары Ақкемер ауылында  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт көшеге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көруден басталды. Олар — Мендіқұлова, Есет батыр, Көтібар батыр және Әйтеке би атындағы көшелер. Аудан әкімдігінің тапсырысымен жалпы құны 219 млн теңгеге жүргізіліп жатқан жол құрылысын «ПегасМұнай», «ТенгриСтройИнвест» және «Жем-Ақберген-Құрылыс» ЖШС-лары жүргізіп жатыр. Аталған көшелердегі құрылыс жұмыстары биыл қыркүйекте аяқталады.

Содан соң аймақ басшысы Ақкемерге іргелес жатқан Елек ауылына барды. Қазір бұл ауылға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде су құбыры тартылып жатыр. Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Қойшекенов облыс әкіміне бұл жобаға  «Техник» ЖШС мердігерлік еткенін, аталған жұмыстар биыл қарашада аяқталатынын айтты.

Мұғалжар ауданы бойынша 34 елді мекенде 67 мыңнан астам халық тұрады. Жергілікті халықтың 92,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақкемер ауылдық округінің Елек ауылына ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны — 417,7 миллион теңге. Маусым айында басталған құрылыс жұмыстары қарашада аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.  Қазіргі таңда ауылішілік су құбыры түгелдей жүргізілді. Бүгінгі күні құбырды су айдау бекетіне жеткізу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар ауыл сыртындағы екінші су айдау бекетінде 300 текше метрлік резервуар құрылысы да жүргізіліп жатыр. Одан әрі 800 метр жерде бірінші су айдау бекетінде екі жерасты ұңғымасы қазылған болатын. Су 55 метр тереңдіктен шықты. Қазір бұл жер қоршалып жатыр, — деді Талғат Қойшекенов.

Оның айтуынша, Елек ауылының тұрғындары бүгінде шахталық құдықтардың суын тұтынып отыр.

Қазір бұл елді мекенде  көгілдір отын жоқ. Дегенмен Елек ауылын газдандыру бойынша облыстық энергетика басқармасы тарапынан жалпы құны 275 миллион теңгеге сметалық құжаттар әзірленген. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, келер жылға бюджетке өтінім беріліпті.

Талғат Қойшекеновтің айтуынша, аудан тұрғындарын 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Келер жылы Басшилі, Құмсай, Жарық, Талдысай, Шеңгелши және Қожасай ауылдарына орталықтандырылған ауызсу желісін тарту жоспарда бар. Қазір 81 тұрғыны бар Жаркемер ауылына демеушілердің көмегімен құны 10,5 млн теңгеге ауызсу жүйесі тартылыпты.

Жалпы аудан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 40 нысан жөндеуден өткізіліп жатыр. Оның ішіне 19 көше жолы енген. Атап айтқанда, Ақкемер ауылында — 4, Сағашилі ауылында — 4, Жұрында — 3, Ембі қаласында — 1, Қандыағаш қаласында  6 көше жолының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ауыл тұрғындарын  таза ауызсумен қаматамасыз ету туралы тапсырмасын  белсенді жүзеге асыру қажет. Жүзеге асырып қана қоймай, соңғы технологияларды пайдалана отырып, сапалы атқару керек.

Елек — болашағы бар ауылдардың бірі. Өйткені республикалық маңызға ие

 тасжолдың бойында орналасқан бұл ауылға ауызсу құбыры тартылып жатыр. Келер жылы газ келеді. Балалардың сапалы білім алуы үшін қашықтағы ауылдардың барлығына интернет желісін тарту маңызды, — деген Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шерияздановқа алдағы уақытта ауылға  жылдамдығы жоғары интернет жүйесін қондыруды тапсырды.

25 аула абаттандырылады

Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Қандыағаш қаласындағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен де танысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қандағаш қаласында  25 ауланы абаттандыру жұмысы қолға алынған. Соның бірі  Байкунов, Қодаров көшелеріндегі №69,№70, №71 көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласы. Бұл үйлердің ауласына асфальт жамылғысы төселіп қана қоймай, балалар ойын алаңы, футбол алаңқайы, жаяу жүргіншілер жолы салынып, орындықтар ауыстырылған. Жалпы құны 39,6 млн теңгеге бағаланған құрылысқа «Vip SNROY Astana» ЖШС мердігерлік етіпті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған аулаларға жүргізілген құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен тілдесті. Жергілікті халық жалпы аудан орталығында, оның ішінде аулаларда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына көңілі толатындықтарын білдірді.

Инватакси: 40 адамның тапсырысы

Бүгінде Мұғалжар ауданындағы жұмыспен қамту орталығы,  білім бөлімдері орналасқан ғимаратта «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылып, өз жұмысын бастады. Сапар аясында Оңдасын Оразалин «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыстарымен де танысты.

Облыс әкімі аталған ғимараттың алдында тұрған инватакси қызметін көріп, жанына жақындады. Бұл жерде инватакси қызметінің диспетчері  Жанар Ешбаева облыс әкіміне жұмыстың қалай жүргізілетінін айтты.

Оның айтуынша, аудан орталығында инватакси қызметіне күніне 5-6 адамнан шақырту түседі. Мүгедек жандар көбінесе аурухана мен оңалту орталықтарына барады, әкімдік пен арнайы бөлімдерде жұмысы болады.  Олар инватакси қызметін ертеңгілік сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін шақырта алады.

Шақыртуға тапсырыс беретіндердің көпшілігі — бірінші топ мүгедектері мен сал ауруына шалдыққан балалар. Мүгедектердің арасында жұмыс жасайтындары да бар. Осы уақытқа дейін 40 адамнан тапсырыс түсті. Өзім аудандық жұмыспен қамту орталығында отырамын. Тапсырысты сол жерден қабылдаймын, — деген Жанар Ешбаева облыс әкіміне бұл қызметте ешқандай кедергінің, көлік тарапынан мәселе жоқ екенін жеткізді.

Тротуары жоқ көшелер

«Ашық әкімдік» кеңсесінде мамандармен, қызмет алушылармен тілдескеннен соң облыс әкімі «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан жүргізілген сыбайлас жұмқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері туралы жиынға қатысты. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынға Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, аудан  әкімі Асқар Шериязданов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы ерекше назар аударатын мәселе — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Президент тапсырмасына сәйкес осы бағытта облыста, оның ішінде аудандарда да көптеген жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы — билік пен халық арасында тұрақты байланыс орнауы қажет. Соның бірі  «Ашық әкімдік», «Адалдық алаңы» жобалары іске асырылуда. Ең бастысы — сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі керек, тұрғындарғы сапалы мемлекеттік қызмет көрсетілуі тиіс, — деген облыс әкімі өз сөзінде бұл бағытта мұғалжарлық тұрғындардың  мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуына толық мүмкіндіктің жасалғанын тілге тиек етті.

Жиында Мирлан Мұхамбетов: «Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, соның тәуекелдерін анықтап, осындай форматта жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Енді біз мұндай кеңселерді тек аудан орталықтарында ғана емес, қажеттілік туындаған жағдайда ірі елді мекендерде де ашуды жоспарлап отырмыз», — деді.

Жиын барысында «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні «Ашық әкімдік» кеңсесі Әйтеке би ауданынан басқа облыстың барлық ауданында ашылған. «Бұл — Президенттің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қолға алынған шара. Мақсат — халықпен кері байланыс ұйымдастыру. Яғни «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрғындарға бір жерден қызмет көрсетіледі», — деген ол өз сөзінде «Сапалы жол» жобасы аясында Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы Сейфуллин сияқты басқа да  көше жолдарына жүргізіліп жатқан жұмыстарда бірқатар кемшіліктер байқалғанын айтты. Яғни жол жиектеріне тротуар салынбаған. Ол мұндай кемшіліктерді алдағы уақытта қалпына келтіру үшін аудан әкіміне ұсыныс жасады.

Жиыннан соң облыс әкімі Қандыағаш қаласындағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидияландыру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген «Darina — AQUA» ауызсу шығару, жылыжай кешені, пластикалық бөтелкелерді сұрыптау цехының жұмысымен де танысты. Цех басшысы Қуандық Төлегеновтің айтуынша, мұндағы инвестиция көлемі — 290 млн теңге. Күніне 10 текше метр ауызсу өндіретін цехта бүгінде 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бүгінде Мұғалжар ауданындағы «Кентавр» ЖШС-ның демеушілігімен Қандыағаш қаласындағы №24 көппәтерлі үйдің су, кәріз жүйелеріне жөндеу жүргізілген. Аймақ басшысы аталған үйдің тұрғындарымен кездесу барысында бұл жұмыстардың жасалғанына көз жеткізіп, олардың ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.

Содан соң ол Қандыағаш қаласында көпбалалы отбасыларға арналған әрқайсысы сегіз пәтерден тұратын үш үйдің құрылысымен танысты. Екі қабатты тұрғын үйлер «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген. Жобаның жалпы құны — 219,5 млн теңге. Мердігер мекеме — «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС. Қазір аулаларды  абаттандыру жұмыстары басталған. Аудан әкімінің айтуынша, жаңа баспаналар тамыз айының соңында пайдалануға беріледі.

Ембідегі екпінді құрылыстар

Аймақ басшысының жұмыс сапары Ембі қаласында жалғасты. Оңдасын Оразалин  Ембі-Кеңқияқ-Покровка автожолының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жерде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов облыс әкіміне жол құрылысына қатысты: «Ембі-Кеңқияқ-Покровка бағытындағы автожолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ұзындығы — 175 шақырым. Жолдың 111-175-шақырымы аралығына былтырдан бері жөндеу жұмыстары басталды. Құрылысты маңғыстаулық «МКДСМ» серіктестігі жүргізіп жатыр. Жоба құны — 2,1 миллиард теңге. Былтыр бұл компания ұзындығы 64 шақырым жолдың 35 шақырымына асфальт жамылғысын төсеген. Қаражат республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлініп жатыр. Қазір іске 32 бірлік техника жұмылдырылған.  Мердігер мекеме екі аралықтағы жол құрылысын биыл қарашада аяқтауды жоспарлап отыр», — деп мәлімет берді.

Мердігер компания басшылығы облыс әкіміне құрылыс-материалдары тарапынан ешқандай мәселенің жоқтығын айтты. Оңдасын Оразалин құрылыс компаниясына жол сапасына аса мән беру қажеттігін, құрылысты уақтылы аяқтауды тапсырды.

Мәлімбет Ибрашовтың айтуынша, Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз бағытындағы автомобиль жолдары «Орталық-Батыс» транзиттік дәлізі бойынша қайта қалпына келтірілмек.  Осылайша Қандыағаш-Ембі-Кеңқияқ-Покровка сияқты ішкі жолдарды жөндеудің мүмкіндігі қарастырылған.

Облыс әкімі Ембі қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған  көпсалалы спорт алаңы, аула клубына жүргізілген  күрделі жөндеуді көрді. Сондай-ақ ол Есет батыр, Бралов көшелеріндегі  ұзындығы  2,7 шақырымдық тротуар құрылысымен әрі Ж.Әміров көшесіне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бұл жерде Әміров көшесінің тұрғындары облыс әкіміне жол құрылысын стадионға дейін созу мүмкіндігін ұсыныс ретінде айтты.

Ембі — қала мәртебесі бар елді мекен. Сондықтан Ембінің көркін келтіру үшін келер жылы қосымша 5-6 көшені асфальттау турасында  тапсырма бердім, — деген облыс әкімі тұрғындар ұсынысына байланысты жергілікті әкімдіктегілерге мәселені оңтайлы шешу жағын қарастыруды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі мінген көлік Ембі қаласындағы №2 мектептің маңына аялдады. 300 орынға арналған аралас мектепте күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Мердігер мекеме — «Әлихан Ойл 3» ЖШС. Жоба құны — 242 млн теңге.

Мектеп директоры Райымбек Мұсағалидың айтуынша, білім ордасында 67 мұғалім қызмет істейді. Инклюзивті білім алатын  9 бала бар.

Бұрын мектеп ішінде әжетхана болмаған. Күрделі жөндеу кезінде әжетхана салынып, мектепке жалпы 29 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Жобаға сәйкес құрылыс жұмыстары тамыз айының соңында аяқталуы тиіс.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс  сапарының соңында аудан басшысы Асқар Шерияздановқа  іске асырылып жатқан жобаларды сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Ақтөбе-Қандыағаш-Ембі-Ақтөбе

Басқа жаңалықтар

Back to top button