Экономика

Бағдарлама талаптары түсіндірілді

Жақында zoom конференциясы арқылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалының басшысы Гүлжанат Ерғазина мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының талаптарын түсіндіру бойынша онлайн кездесу өткізді. Бұл кездесуге негізінен Ақтөбе және Хромтау қалаларының кәсіпкерлері қатысты.

Г.Ерғазинаның айтуынша, биыл ақтөбелік кәсіпкерлерді қаржыландыру мақсатында 3 млрд теңгеден астам  қаражат қаралып отыр.

— Жылдың екінші тоқсанында қор облыстың 12 ауданындағы қолға алған жобаларды қаржыландыруды бастады. Ал шілде айынан бастап Ақтөбе және Хромтау моноқаласындағы жобаларға несие бару процесі басталды. Міне, қазір шілде аяқталып, тамыз басталды. Алайда әлеуметтік несие алушылардың белсенділігі байқалмайды. Сондықтан өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, оларды қаржыландыруға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қордың несиелендіруге қатысты қоятын талаптары кәсіпкерлерге өте тиімді: жылдық пайыздық мөлшерлеме төмен, қаржылық каникулдар қарастырылған, несиені өтеу кестесі кәсіпкердің ыңғайына байланысты жасалады және кепілдендіруге қатысты да қолдау көрсетіледі, — дейді Г.Ерғазина.

Бүгінде аталған қор ауыл шаруашылығы саласына қатысты жобаларға басымдық беріп отырғанымен, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түріне қатысты несие береді.

— Кепілдендіруге қатысты айтсақ, қор облыс аумағында орналасқан кез келген жылжымайтын және жылжымалы мүлікті кепілге алады. Мәселен, сіз Хромтау қаласында тұратын болсаңыз, мүлкіңізді Хромтау ауданы бойынша да, барлық облыс аумағында да кепілге қоя аласыз. Тек облыс көлемінде ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі мүліктердің барлығын кепілге қоя аласыздар. Тек өзіңіздің ғана емес, екінші тұлғаның атынан да кепілге қоюға болады, —  дейді ол.

Г.Ерғазинаның айтуынша, күн сайынғы жүргізілетін сараптама нәтижесінде несие ала алмай қалған кәсіпкерлердің 10 пайызына жуығы — несиелік тарихтарын бүлдіріп алғандар.

— Қор несие тарихының соңғы екі жылын ғана қарайды. Егер кәсіпкердің басқа қаржы институттарында қарыздары болса, ол кедергі болмайды. Ең бастысы, ол қарыздарды уақтылы төлеп отыру қажет. Кешіктіріліп төленген несие болса да, ештеңе етпейді, ең бастысы, кешіктіру мерзімі 90 күннен аспаған және ол толық өтелген болуы тиіс, — деді Г.Ерғазина онлайн конференция барысында.

Конференция соңында өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Анар Даржанова қалалық кәсіпкерлерді мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button