Құқық

Карантин режимін бұзғандар

Облыстық полиция департаменті қызметкерлері 5 шілдеден бастап елімізде енгізілген карантиндік режимді бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді. Тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша 428 бұзушылықты анықтады.

Оның ішінде заңсыз салтанатты, еске алу іс-шараларын өткізудің 48 дерегі анықталды. Бір отбасы үйлену тойын демалыс аймағында өткізген.

Сонымен қатар карантин режиміне қарсы немесе санитарлық тәртіпті бұза отырып жұмыс істеген дүкендер, кафелер, моншалар, шаштараздар, сұлулық салондарына қатысты 156 бұзушылық анықталды. Мәселен, 7 тамызда учаскелік полиция инспекторы учаскені аралау кезінде қаладағы Қазанғап көшесіндегі кафелердің бірі сағат 22.00-ден кейін жұмыс істегенін анықтады. Іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы, барлық анықталған бұзушылық фактілері бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамалар толтырып, облыстың тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне шаралар қабылдау үшін жіберді.

Полиция департаменті ақтөбеліктерді карантин режимін сақтауға, бұқаралық іс-шараларды өткізбеуге және қатыспауға, сондай-ақ қоғамдық орындар мен адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде қажетті жеке қорғану құралдарының барлығын қолдануға шақырады.

АУЛАСЫНДА ҚАРАСОРА ӨСІРГЕН

6 тамызда Шалқар аудандық полиция бөлімі қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында 43 жастағы жергілікті тұрғынның өз үйінің ауласында құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді (қарасораны) заңсыз өсіргенін анықтады.

Полицейлер ауыл тұрғынының бақшасынан 7 түп қарасора тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Мойындау айғақтары бар. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабы 1-бөлігі  — «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Облыстық полиция департаменті деректері бойынша әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button