Жаңалықтар

Coca-Cola белестері

Тренинг

Қарғалы ауданында алғаш рет жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел адамдарға арналған «Coca-Cola белестері» атты блиц-тренинг өтті. Онлайн режимде ұйымдастырылған шара ауылды дамытуға, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Негізгі мақсат — ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік және қоғамдық бастамаларын қолдау.

Аталған әлеуметтік жобаны «G-global және жасыл экономиканы дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры «Coca-Cola» компаниясының қаржылық қолдауымен қолға алған. Жоба аясында өңірлік тренингтер, республикалық конкурстар өткізіліп, оған қатысып, жеңімпаз атанған ауыл әйелдеріне үздік бизнес-идеялары үшін 4 мың АҚШ доллары көлемінде грант беріледі.

Онлайн конференцияны ашқан Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстан әйелдер аграрлық одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, «Ауыл өнімі» республикалық жобасының үйлестірушісі Еркін Шүкіров қарғалылық әйел адамдарды өз ісін ашу үшін республикалық грант алу мүмкіндігімен таныстырды.

— Бүгінге дейін аталған жоба аясында 15 мың ауылдық әйел адамдар оқу курсынан өтіп, 61 кәсіпкерлік бастама қаржыландырылды. Нәтижесінде 150 жұмыс орны ашылды. Толық ақпаратты www.ccb.kz сайтынан алуға болады, — деді жоба туралы мағлұмат берген ол.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп бөлімінің басшысы Сағынғазы Құрманалиннің айтуынша, аталған тренингтерге қатысқан әйел адамдар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы мағлұмат алып, бағдарлама аясында қолдауға ие бола алады.

Онлайн кездесу барысында «Coca-Cola белестері» жобасы жүзеге асырыла бастаған сегіз жылда атқарылған жұмыстар туралы, жеңімпаздар жөнінде ақпарат берілді. Сонымен бірге farmerschool.kz  сайтындағы «Жеке қосалқы шаруашылықтар» атты инновациялық онлайн-мектеп туралы да айтылды. Фермерлік онлайн-мектепте оқығысы келетін азаматтар саңырауқұлақ өсіру, жылыжайларда көкөніс өсіру (қызанақ, бұрыш, қияр), үй құстарын өсіру (қаз, үйрек, бройлер) сынды түрлі бағыт бойынша тегін онлайн курстарға қатыса алады.

Виктория ЮСУПОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button