Басты жаңалықтар

Ырғыз, Байғанин аудандары өз әлеуетін толық пайдалана алмай отыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Ырғыз, Байғанин аудандары әкімдерінің орындаушылық тәртібі бойынша мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, тиісті аудандар әкімдері қатысты.

Жалпы, Ырғыз, Байғанин аудандарында халық игілігі үшін бірқатар оңды істер атқарылды.

Ырғыз селосында тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су жүйелері қайта қалыпқа келтіріліп, аудандық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауылішілік жолдар жөнделуде.

Байғанин ауданы Қарауылкелді селосында денешынықтыру-сауықтыру кешені биыл жыл соңында тапсырылады. 2020 жылы Жарлы, Ноғайты, Кемерши ауылдық округтеріне көгілдір отын берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров Ырғыз, Байғанин аудандары әлеуетін толық пайдалана алмай отырғандығын мәлімдеді. Ырғызда құрылыс көлемі төмендеген, инвестиция тарту жұмысы әлсіз. Сондай-ақ екі ауданда да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобалар жүзеге аспаған. Байғанин ауданында да өнеркәсіп өндірісі, бөлшек сауда көлемдері төмендеген.

Ауыл шаруашылығы саласы көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Ұсақ мал саны азайып, сауынды сүт, жұмыртқа өндірісі төмендеген.

Облыс басшысы Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин мен Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа көрсетілген кемшіліктерді 9 айды қорытындылау мерзімі — қазан айына дейін қалыпқа келтіруді тапсырды. Сонымен қатар аудандар әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі жауапкершілігінің төмендігі де сынға ілікті.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру саясатын жүзеге асыру мақсатында тұрғындардың шағымына дер кезінде жауап беріп, атқарылған жұмыстардың есебін жариялап отыру қажеттігі тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button