Әлеумет

Подъездерге  пандус орнатылып жатыр

Ақтөбе қаласындағы көппәтерлі үйлерде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін подъездерге пандус орнатылып жатыр. Жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл істі «Пандус-Ок» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз міндетіне алған.

Құрылғанына алты жыл болған «Пандус-Ок» ЖШС бүгінде облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік ғимараттар мен өзге де нысандардың кіреберісіне пандус орнатып, арбаға таңылған жандардың кедергісіз өмір сүруіне жағдай жасап жүр. Түрлі әлеуметтік жобалардың бастамашысы болып жүрген серіктестік директоры Шахан Жолдасбаев бұл жолы да тың идеясын жүзеге асыруды қолға алыпты.

Соңғы кездері қаламызда түрлі құрылыс объектілері салынып жатыр. Жаңадан салынған үйлер, болмаса ғимараттарға  мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін жағдай жасалған. Дегенмен ескі үйлерде мүгедектер үшін мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Көп қабатты үйлерде тұратын арбаға таңылған жандардың кіріп-шығуы — үлкен мәселе. Оның ішінде кейбір жандар жалғыз тұрады, оларға тіпті қиын. Мәселен, өзім танитын кейбір жігіттер көшеде жүрмек түгілі, үйінен шыға алмай отыр. Мүгедектер арбасының еркін қозғалып, алға жылжуына олардың пәтерінде ғана емес, үйдің подъездерінде де көптеген кертіктер кедергі келтіреді, — дейді Шахан Жолдасбаев.

Арбаға таңылса да, еркін қимылдауына кедергі келтірген мұндай жағдай Шаханның өз басынан да өтіпті.

Бұрын қаладағы «хрущевка» аталған, бетон қабырғалы көппәтерлі үйлердің бірінде тұрдым. Жоғарыға көтерілу былай тұрсын, пәтердің ішінде арбаны жүргізуде қиындықтар туындап, қиналған сәтім есімде. Тіпті ондай үйлердің әжетханасына арбамен барудың өзі мұң. Сондықтан арбаға таңылған жандарға ондай үйлерде, пәтерлерде әр кез біреудің көмегі қажет болып тұрады. Сондықтан осындай мәселелердің шешімін қалай тапсақ болады деген ой мені біраз мазалады. Өйткені мүгедектердің кедергісіз өмір сүруінде мұндай проблеманы шешуде мемлекет тарапынан арнайы бағдарламаның қабылданып, жүзеге асырылып жатқанын әзірге естіген жоқпын,  — дейді серіктестік директоры.

Сөйтіп Шахан бұл проблеманы шешудің оңай жолын қарастырыпты. Арнайы жоба жасап, ол жұмысын Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа ұсынған.

Әрине, әлеуметтік маңызы бар жобаны демеушілердің қолдауымен жүзеге асыруға да болар еді. Дегенмен қазіргідей жағдай бизнеске де кедергі келтіріп тұр. Оны түсінеміз. Сондықтан біз бірінші кезекте қоғамдық жұмыстарға араласып, ел қатарлы жұмысын жасап, сондай-ақ  спортта, бизнесте, тағы да басқа салаларда жетістіктерге жетіп, өздерін көрсетіп жүрген  он шақты белсенді мүгедектің тізімін жасақтадық. Тізімді Құралай Байменова басқаратын қаладағы «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен бірге ақылдаса отырып құрдық.  Өйткені олар жұмыстарымен сыртқа жиі шығатыны түсінікті. Мақсат — арбадағы мүгедектер тұратын көппәтерлі үйлердің подъезіне жиналмалы пандус орнату. Қала әкімі бұл ұсынысымды қабыл алып, қолдау білдіретінін айтты. Қазір іс жүзеге асырылып жатыр, — дейді Шахан Жолдасбаев.

«Пандус-Ок» ЖШС жақында жаңа жоба бойынша алғашқы нысанда жұмыстарын аяқтаған. Ақтөбе қаласының Ә.Молдағұлова даңғылындағы тоғыз қабатты үйлердің бірінің подъезіне пандус орнатыпты. Онда Бекет Балғазин есімді мүгедек тұрады. Жасы елуден асқан Бекет тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында тұрса да, оның далаға еркін кіріп-шығуына подъезде жағдай жасалмаған. «Пандус-Ок» мекемесінің жұмысшылары Бекет тұратын үйдің подъезіне кіреберістегі екінші есіктің кертігін алып, саты бойына жиналмалы пандус орнатыпты. Кертіктің бойын қайта сылап, сырлау жұмыстарын да серіктестік жұмысшылары өздері атқарады. Өйткені кертік пандусты қондыруға кедергі келтірген көрінеді.

Мұндай жұмыс тез арада біте қоймайды. Шаханның айтуынша, пандусты өлшеміне қарай цехта жасап шығарудың өзіне 2-3 күн уақыт қажет. Егер подъезд ішінде пандус орнатуға бетон қабырғалар кедергі келтірсе, оны бұзу жұмыстары тағы бар. Бұзылған жердің орнын сылау, оның кебуін күту де істің алға қарай жүруінде едәуір уақыт алады.

Серіктестік басшысының айтуынша, мұндай жұмыстар әр үйде әртүрлі көлемде жүргізіледі. Себебі іс сол үйдің жобасына сәйкес атқарылады. Сондықтан оларға жұмсалатын құрылыс материалдарының бағасы да әртүрлі. Кейбір жандардың еркін кіріп-шығуына подъездегі сатылар қиындық тудырса, енді біреулеріне пәтер ішіндегі  жағдайлар кедергі келтіреді. «Тізімге енген кейбір мүгедектердің үйінде пандус болғанмен, подъезге орнатылған есіктерде табалдырық бар. Кейбіреулері осындай кедергілерді алып тастауға өтініш береді», — дейді Шахан.

Өз жобасында Шахан мұндай кедергілердің бәрін ескеріп, жою жағын қарастырыпты. Ол үшін әрбір үйге жүргізілетін жөндеу жұмыстарына орташа есеппен 300-400 мың теңге қажет. Бүгінде жергілікті бюджеттен жобаны жүзеге асыруға бастапқы қаражат та бөлінген.

Жұмыстың қалай басталып, жүргізіліп жатқаны туралы өзімнің инстаграм әлеуметтік парақшама бейнежазбаны жүктеп отырамын. Қазіргі күні екінші объектіні аяқтауға жақын қалдық. Бұл жерде айта кететін бір жайт, біз көппәтерлі үйдің екінші, үшінші немесе одан да жоғары қабатында тұратын мүгедек жандарды тізімге алған жоқпыз. Өйткені мұндай жұмысты екі  подъездерде жүргізу қиынға соғады. Жалпы өз басым жиналмалы пандус жасауға қарсымын. Себебі пандус орнатуда мемлекеттік талап бар. Жиналмалы пандустар сол талапқа сәйкес келмейді. Сондықтан ескі үйлердің подъезіне пандусты талапқа сай сала алмайсың. Олай салуға келмейді де. Себебі пандустың ұзындығы подъезге байланысты салынады. Тағы бір айта кететін мәселе, жиналмалы пандусты жайған кезде ол табалдырыққа дейін жетсе, тамаша болар еді. Біз бірінші қабатта тұратын жандар үшін пандусты ұзартып, тұғырын қойып жатырмыз. Ал екінші, үшінші қабаттарда мұндай жұмыстарды атқара алмаймыз. Себебі сатылар арасы арбаның жылжуын қиындата түседі. Дегенмен біздің жобамыз бойынша тізімге енгендердің бірі екінші қабатта тұрады. Егер сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан рұқсат берілсе ғана біз іске кірісеміз. Өйткені ғимарат мұндай кезде құрылымдық өзгеріске ұшырайды. Әзірге осы мәселе белгісіз болып тұр, — дейді Шахан.

Мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйдің подъезіне пандус орнату үшін сол мекен жайдағы тұрғындардан рұқсат қажет. Ол үшін тұрғындарға жұмыс барысы, пандустың түрі, ең бастысы — өртке қарсы шығу жолына кедергі келтірілмейтіні  толық түсіндірілуі шарт. «Әрине көпшілігі бұл іске түсіністік танытқанмен, арасында қарсылық білдіретіндері де болады», — дейді Шахан.

Қазір «Пандус-Ок» ЖШС-да 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусым кезінде  қосымша жұмыс күші тартылады. Бұл орайда Шахан Жолдасбаев карантин кезінде өзіне қолдау танытып, бизнесін жүргізуге мүмкіндік берген қала басшылығына алғысын білдіріп отыр.

P.S. Ақтөбе қаласында осындай жобаның жүзеге асырылып жатқанын естіген мүмкіндігі шектеулі жандар Шахан Жолдасбаевтың атына өтініш хаттарды көптеп жолдап жатқан көрінеді. 

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button