Басты жаңалықтар

 Жаңа жұмыс орындарын құру жүйелі жүзеге асуда

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Оған облыс әкімінің  орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты»,  — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.        

Облыс басшысы алдымен Үкімет отырысында қаралған Қазақстан экономикасының  базалық салаларындағы белгіленген межелерінің Ақтөбе өңіріндегі жүзеге асырылуын, сонымен қатар коронавирус инфекциясының төмендеуі бойынша атқарылып жатқан шараларды пысықтады.

Бұдан соң облыс басшысына жер учаскелеріндегі заңсыз орналасқан қалдықтарды 16 тамызға дейін тазартып бітіру мәселесі баяндалды. Облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұлдың мәліметінше, бұл жұмыстардың орындалуы кейбір аудандарда кешеуілдеу қаупі бар.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырманың тиянақты әрі уақтылы орындалуын ескертті.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуы жайын баяндады. Облыста 2020 жылы 303 жобаны жүзеге асыруға 46,3 миллиард теңге қарастырылған. 1 тамыздағы жағдай бойынша 42,5 миллиард теңгеге 293 жоба бойынша шарттар жасалып, міндеттемелер қабылданған. Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» трансферттері бойынша 105 жоба жүзеге асырылуда. 8 858 жұмыс орны құрылды немесе бұл — жоспардың 76,6%-ы, оның ішінде 4580 адам немесе жоспардың 79,2%-ы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылған.

Жол картасы бағдарламасы қатысушыларының орташа жалақысы облыста 85 975 теңгені құрайды. Барлық аудандарда жұмыс орындарын құру бойынша тапсырмалар 100% орындалған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасарлары мен қала, аудан басшыларына  дағдарысқа қарсы штаб жұмыстарын жандандыру, кәсіпкерлер тарапынан көтерілген түрлі мәселелерді қарастыру бойынша берілген тапсырмалардың өз уақытында орындалуын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button