Абай — 175Басты жаңалықтар

Абай даңғылында хакімнің қарасөздері

10 тамыз — Абай күні!

Ақтөбедегі Абай даңғылында хакімнің қарасөздері жазылған кіші сәулет нышандары қойылды. Түнде де жарқырап тұрады. Осы жерде ақынның бейнесі бар үлкен кітап та өзімен аттас даңғылдың сәнін келтіріп тұр.

Қалаға көрік беріп тұрған кіші сәулет нышандарын қалалық әкімдіктің тапсырысымен «Қайсар Relations» ЖШС басшысы Қайырбек Таханов жасап берді.

— Даңғылға сән берген кіші сәулет нышандары ақынның қарасөздерінің кеңінен таралуына, оған халықтың назарын аударуға үлес қосады деп ойладым. Абайдың суреті салынған кітабын әзірлеп жасадық. Біздің серіктестік осындай кіші сәулет нышандарын жасаумен айналысады. Ондағы мақсат — қазақты өзге жұртқа таныстыратын, қазақтың қазақ екенін көрсететін ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Абай — біздің халықтың ұлы ақыны, ол арқылы бізді әлем таниды. Қаламызға келген қонақтар, тұрғындардың өздері де серуендеп жүріп, хакімнің қарасөздерін оқып, тым құрыса, хабардар болады, — дейді Қайырбек Таханов.

Бүгінгі күнге дейін «Қайсар Relations» серіктестігі «Көкбайрақ» жобасы аясында облыстың төрт ауданында кіші сәулет нышандарын орнатыпты.

Атап айтсақ, Байғанин ауданында «Үзеңгі» кіші сәулет нышанын қойыпты. «Үзеңгі — бабаларымыздың революциялық жаңалығы, үздік өркениеттің болғанын дәлелдеуге бірден-бір мысал. Ол да қымыз секілді өзге жұрттың иелігіне өтіп кетпеуіне тосқауыл қойғым келді», — дейді Қ.Таханов.

Сондай-ақ Мұғалжар мен Темір аудандарында мешіт ауласына «Айшық» кіші сәулет нышандарын сыйға тартыпты. Қобда ауданы әкімдігінің тапсырмасымен әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ойшылдың бейнесі бар кіші сәулет нышанын жасап беріпті.

Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай…» деген сөзі жазылған жейде киіп жүретін  өз елінің патриоты Жаңа жылдың өзгермес нышаны болып кеткен шырша секілді ел Тәуелсіздігінің белгісі ретінде бір нышанды бейнелеуді жоспарлап, осы бағытта ізденіп жүргенін де айтты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button