Мәдениет

Димаштың жаңа бейнебаяны (Видео)

Әнші Димаш Құдайбергеннің  жаңа әнге жазылған бейнебаяны жарық көрді. «Қайран елім» деп аталатын туындыға дүниені үрейде ұстап тұрған қауіпті індет арқау болған. Ән әлемнің көңіл күйін көрсеткендей. Сол әлемнің бір бөлшегі — қазақтың салқар даласының да қазіргі үміт пен үрей араласқан беймаза көңіл күйі көрінеді, орындаушының жанайқайы жұртшылықты сабырға, бірлікке шақыратындай…

Димаштың жаңа бейнебаяны әншінің ресми каналында жарық көрді. Музыка авторы — белгілі композитор Ренат Гайсин, сөзін жазған Данияр Алдаберген және Орал Байсеңгір.

Дыбыс жазу студиясында Димашпен бірге жаңалықтар көріп отырғанда Ренат Гайсиннің жүрегіне әуен құйыла бастайды. Ол дереу пианиноға отырып, әуенді орындай бастаған, Димаш та елең ете қалып, музыканы қайтадан ойнап беруін сұрап, үлкен әсер алады.

«Кейін саундпродюсер Ерлан Бекчурин аранжировкаға кірісіп, Данияр Алдаберген мен Орал Байсеңгір сөзін жазып, Димаш белгілі кинооператор Азамат Дулатовпен жаңа видеоның идеясын талқылай бастады. Осылайша эмоционалдық сәттен туындаған әуен жаңа жобаға ұласады», — деп жазады Димаштың ресми сайты.

Бейнебаян Алматы облысында түсірілген. Жобаны жүзеге асыруға бірнеше адам қатысқан.

«Қайран елім» адамзатқа жасалған үндеу іспетті, қорқынышты жайтқа қарамастан, жақсылықтан үмітіміздің барын ұғындырғымыз келді. Барлық ауыртпалықты еңсеретінімізге сендіргіміз келеді. Дәл қазіргі таңда ең бастысы — мықты болуымыз керек», —  дейді Ренат Гайсин мен Димаш Құдайберген.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button