Спорт

«Астана» Брест футболшылармен беттеседі

Футбол

Егер жағдай өзгеріп кетпесе, осы айдың ішінде Чемпиондар лигасының кезекті 2020/2021 жылғы жаңа маусымы басталады.

Швейцарияның Ньоне қаласында болған жеребеде «Астана» Брест қаласының (Беларусь) «Динамо» командасымен кездесетіні мәлім болды.

Жаңа маусымның бір өзгешелігі, кездесу бұрынғыдай екі емес, бір ғана ойыннан тұрады. Қарымта кездесу өткізілмейді. Осы бір кездесуде келесі кезеңге шығатын команда анықталады. Қажет болса, қосымша уақыт бөлініп, онда да жеңімпаз анықталмаса, пенальтилер сериясы белгіленеді.

Рас, «Динамо» өткен жылы чемпион болғанымен, биыл сүріншектеп жүр, қазір тоғызыншы орында келеді. Дегенмен әзірге 19 кездесудің 9-ында жеңіске жеткенін де ұмытуға болмайды. 32 гол соғып, өз қақпасына 23 гол жіберіп алған командадан не күтуге болатыны да беймәлім.

Бұл Лигадағы барлық кездесулер 18-19 тамыз күндері өтуге тиіс.

Ал өткен жылы «Астана» Чемпиондар лигасындағы ойындарын бастамай жатып аяқтағаны белгілі. Бірінші кезеңде жерлестеріміз Румынияның «ЧФР» командасын өз алаңымызда 1:0 есебімен ұтқанымен, сырт алаңда 1:3 есебімен жеңілген. Бір өкініштісі, сырт алаңда сан соқтырған үш голдың біреуін Евгений Постников өз қақпамызға соғып алған. Бұдан соң «Астана», рас, Еуропа лигасы ойындарының топтық кезеңіне іліккен. Бірақ сол топтық ойындардан әрі аса алмағаны және мәлім.

Ал жерлестеріміздің биылғы алғашқы кездесуіне қатысты болжам жасау оңай емес. Себебі, біріншіден, астаналықтардың ойынын көрмегенімізге көп болды, қандай ахуалда екенін білмейміз, оның үстіне өткен аптада болған жолдастық кездесуде олар «Ордабасы» командасынан 1:4 есебімен ұтылып қалды, екіншіден, Чемпиондар лигасындағы кездесу сырт алаңда, Беларусьта өтеді

Е.АҚАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button