Басты бет » Денсаулық » Эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бірақ босаңсуға болмайды

Ақтөбе облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияровтың айтуынша, бүгінде облыстық провизорлық, инфекциялық госпитальдарда барлығы 644 науқас ем алып жатыр, оның алтауы — жансақтау бөлімінде, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқастар жоқ.

— Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңірде жағдай тұрақталып келеді, аудандарда да жағдай тұрақты. Аудандарда барлығы 111 адам ем алып жатыр, жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Пандемия басталғалы 123 бала ауырған  болатын, бүгінде олардың дені жазылды, қазір тек 10 бала облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Профилактикалық тексеру жүргізу мақсатында қосымша Темір, Әйтеке би аудандарында ПЦР зертханасы іске қосылды, барлығын қосқанда қазір облыста 6 зертхана жұмыс істеп жатыр. Әр зертханада күніге 180 адам тест тапсыра алады. Зертхана реактивтері, дәрі-дәрмек жеткілікті, — деді басқарма басшысы.

Қазір облыс орталығында 6 провизорлық, инфекциялық госпитальдар, 12 аудандық аурухана жанынан ашылған стационарлар жұмыс істеп жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты олар біртіндеп жабылатын болады. Қазір «Дару» клиникасы науқастар қабылдап жатқан жоқ. Келесі кезекте Ақтөбе медицина орталығында ашылған госпиталь жабылатын болады.

— Бірте-бірте жоспарлы медициналық көмек көрсетіле бастайды, Ақтөбе медицина орталығынан көшірілген кейбір бөлімдер қайтадан қалпына келтіріледі, — деді С.Данияров.

Басқарма басшысының айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтала бастағанына қарамастан, босаңсуға болмайды.

— Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, күз, қыс айларында жедел респираторлық вирусты инфекциялық аурулар, тұмау өршиді. Ал қауіпті індет ауамен жұғатын болғандықтан, сақтық шараларын ұстану қажет. Алда болуы мүмкін індеттің екінші толқынына дайынбыз, қазіргі уақытта дәрі-дәрмек қоры жасақталып жатыр, барлығы да жеткілікті, — деді басқарма басшысы.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.