Басты бет » Жаңалықтар » Газ желісі ұйымдары бағалық келісім жасасқан

Газ желісі ұйымдары бағалық келісім жасасқан

Анық-қанық

Облыста екі ірі газ желісі ұйымының әрекеттерінде бағалық келісім белгілері бар екендігі туралы хабарлама шығарылды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен жолданған мәліметке сәйкес биыл 1 шілдеден бастап ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін газдың шекті бағасы төмендетілді. Яғни шекті бағаның төмендеу көрсеткіші — 27,66 пайыз. Алайда облыстағы екі ірі газ желісі ұйымындағы газдың көтерме бағасы елеусіз шамаға төмендеп, керісінше, олардың өзіндік құнына үстеме бағасы өскен әрі екі ұйымда бір деңгейде белгіленген.

Газ желісі ұйымдары газ сатып алу бағасын төмендету кезінде үстеме бағасын арттырып, баға келісімін жасасқан. Олар арадағы бәсекелестікті жою арқылы өз пайдаларын көруге тырысқан. Бұл жерде айта кететін жайт, бұзушылық белгілерінің жойылғаны туралы монополияға қарсы органды хабардар ету керек.  Заңда белгіленген мерзімде, яғни 30 күн ішінде орындалуға тиіс. Егер хабарлама талаптары орындалмаса, монополияға қарсы орган тарапынан газ желісі ұйымдарына қатысты тергеу рәсімі тағайындалатын болады, — деді аумақтық департамент мамандары.

Баға келісіміне қатысты, яғни егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, монополистiк қызметтi бiр жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асыру нәтижесiнде алынған монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне, болмаса коммерциялық емес ұйымдарға түсімнің  — үш, ал iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салынады.

Арайлым НҰРБАЕВА.