Ауыл

Асылханның несібесі

Кәсіп

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бизнес-жоспарын қорғап, алған грантты игілігіне жаратып жүргендердің бірі — Алға ауданындағы Тоқмансай ауылының тұрғыны Асылхан Құлжаева.

1994 жылы күйеуі Әли Құрақбаев қайтыс болады да, Асылхан Тресқызы төрт қызбен қалады. Содан ел әбігершілікке түсіп жатқан тұста, 1996 жылы, Ырғыз ауданынан осы Тоқмансайға көшіп келеді.

— Ырғыздан 25 сиырмен көшіп келіп едік. Төрт қызды оқыттым, тұрмысқа бердім. Малдың бәрі игілікке жұмсалды ғой. Өзім 2017 жылы қатты ауырып тұрдым. Басымда ісік бар деп, Астанаға барып, ота жасаттым. Сосын біраз медициналық тексерулерден соң, денсаулығыма байланысты үшінші топ мүгедектігін берді. Мамандығым — бухгалтер. Тоқмансайға келген соң, мал маманы болып та еңбек еттім. Әйтеуір, ес білгелі ауыл шаруашылығы саласынан ажырамадық, әлі күнге дейін несібемізді де осы малдан тауып отырмыз, — дейді Асылхан Тресқызы.

]Қай кезде де үй тірлігін дөңгелетіп, қиындыққа мойымай, төрт қызын әлпештеп өсірген Асылхан Тресқызы бұл жолы да үйде байыз тауып отыра алмады. Бір күні  теледидардан кәсіп бастаушыларға арналған курс туралы естіп алып, ертеңіне аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барады. Сөйтіп, былтыр Тоқмансай ауылынан аудан орталығына күн сайын қатынап жүріп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінің бір айлық курсын оқып алады. Мамандығы бухгалтер болғасын, есеп-қисап пен құжат толтыру Асылхан Тресқызына бұйым емес. Ірі қара мал өсіруге қатысты бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болады.

— Қайтарымсыз қаражатқа екі бас сиыр сатып алдық. Екі сиырды сауып, сүт өнімдерін қаладағы балаларға беріп жіберемін. Олар өздері жаратады. Балалардан ауысқанын Ақтөбеге барғанда алып барып, сатып келемін. Көбіне құрт пен сүзбеге сұраныс болады. Сосын сары май да тез өтеді. Әрине, әуелі үйге қысқа деп жинап аламыз, артылғанын сатамыз. Қалай болғанда да еңбек етсең, дастарқаның мол болады. Жаһанды жайлаған ауру өршіген сәтте халық ағарған іздеп кетті ғой. Сүт тағамдары құнарлы ғой, үнемі тұтынса, анау-мынау аурудан аман қалады. Әйтпесе ауылда тұрып, қонағына дүкеннің қаңылтыр ыдыстағы сүтін қатып, шай беретіндер де бар екен арамызда. Ауыл десе, өрісте жайылып жүрген төрт түлік мал келеді көз алдыма, екеуі бір ұғым секілді, — дейді Асылхан Тресқызы.

Әрине, еңбек пен берекенің ошағы ауыл ғой қашанда. Оның ішінде ырыс-несібе мал бағатындар мен егін салатындарда сақталған. Айталық, нарықтағы сүт өнімдерін санамаласақ: қаймақтың бір литрі — 2000-2200 теңге. Бір келі сары май — 3 мың теңге, мамырда жиналған сап-сары май 3500 теңгеге бағаланады. Сүзбенің келісі — 500-700 теңге. Сүттің литрі — 300-350 теңге. Айранның литрі — 350-400 теңге.

«Ірімшік пен сарысуды жасаудың қиындығынан қаша ма — көп адам жасай бермейді. Сүтке мәйек салып, баптап кім отырады дейсің. Алайда ірімшік пен сарысу, сары май салып дайындалған жент «Ванильдің» торттарындай сыйлы қонақтың дастарқанына қойылатынын көріп жүрміз. Қаладағылар көбіне құрт пен сүзбе сұрап жатады», — дейді ол.

Төрт қызын тұрмысқа берген Асылхан Тресқызы әлі зейнет жасына жете қоймапты. Қолында бір қызы мен күйеубаласы бар екен. Ота жасатып келген соң, ұжымға қайта қосылған ол денсаулығы жарамауына байланысты жұмысты тапсырған. Содан қазір үшінші топтағы мүгедектіктің жәрдемақысын алып отыр. Екі сиырдан түскен табыс ішіп-жеміне мол жетеді.

— Мал басын көбейту — алдағы мақсат. Кәсіп жүргізуге алты пайызбен берілетін несие бар екен. Оған әзірге кепілдікке қоятын үйімнің құжаттары дұрыс болмай тұр. Соны дұрыстап алғасын, оған да талаптанып көрерміз. Мал қарауға балалар көмектеседі, әйтпесе жалғыз өзіме не керек дейсің. Бәрі де балалар үшін ғой, — дейді Асылхан Тресқызы.

Бір қараған адамға бәрі де күнделікті үй тірлігі болып көрінуі мүмкін. Алайда бір кездері ауылдан үдере көшіп кеткен қалалықтар қазір ауылды, ауыл тағамдарын аңсайды. Осындай сұранысты дөп басып, екі сиырдың сүтінен небір түрлі өнім әзірлеп, қалаға апарып сатып келетінін қайтерсің. Осы тұста екі бас малдан несібесін айырып, дастарқанның берекесін келтіріп, білгенін балаларына үйретіп, шаруашылыққа тәрбиелеп отырған отанасына қалай риза болмайсың.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button