Жаңалықтар

23 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Тексеріс

Мобильді топтардың еңбегі нәтижесінде және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының объектілерге жоспардан тыс тексеру жұмыстарының қорытындысында 202 хаттама толтырылды. Салынған айыппұл көлемі —  23 миллион теңгеден астам қаражат.  Бұл — 5 шілдеден бүгінгі күнге дейінгі жұмыстың нәтижесі. 

Өңірде облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шілденің 4-і күнгі №42 («Ақтөбе облысы аумағында қатаң шектеу және карантиндік шараларды енгізу туралы»), шілденің 17-сі күнгі №43 («Ақтөбе облысы аумағында қатаң шектеу және карантиндік шараларын ұзарту туралы») және шілденің 30-ы күнгі №45 («Ақтөбе облысы аумағында қатаң шектеу және карантиндік шараларын ұзарту туралы») қаулыларының орындалуын бақылау мақсатындағы шаралар әлі жалғасып жатыр.

Қорытындысында, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 202 хаттама (23 миллион теңгеден астам айыппұл) толтырылыпты. Мамандардың айтуынша, жалпы құқықбұзушылық деректерінің 30 пайызы — кәсіпкерлердің белгіленген жұмыс уақытын бұзуға байланысты болса, 15,8 пайызы — бетперде кию тәртібін сақтамаудың салдарынан болған. Жұмыс істеуге рұқсаты жоқ нысандардың жұмыс істеп жатқаны да анықталған (2,4 пайыз).   Арақашықтықты сақтамау (14,8 пайыз), дене қызуын өлшемей қызметкерлерге жұмыс жасату (4,9 пайыз) және  басқа да құқықбұзушылықтар тіркелген.

Облыс тұрғындардың арасында қаулылардағы талаптарды орындамағандары бар. Кейбіреулер той, қыз ұзату шараларын жасауды тоқтатар емес. Сол себепті облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тұрғындарға коронавирус  инфекциясының алдын алу үшін мерекелік шараларды, той, қыз ұзатуды тоқтату тұру керектігін айтады. Сондай-ақ бетперде тағу, қолды жиі жуу, антисептиктерді пайдалану және арақашықтықты сақтау талаптарын орындауға шақыруда. Кәсіпкерлік субъекті басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң орындалуын қадағалау керектігін ескертеді.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button