Құқық

Карантин талаптарын бұзғандар анықталды

Облыстық полиция департаменті 5 шілдеден бастап елімізде енгізілген карантиндік режимін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді.

Тексеру нәтижесінде полицейлер ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 316  заңбұзушылықты анықтады. Оның ішінде той-томалақ, ас-садақа өткізген 24 жағдай тіркелді, бір отбасы  үйлену тойын демалыс аймағында өткізген.

316 бұзушылықтың 291-і карантиндік режимге қарсы немесе санитарлық режимді бұза отырып жұмыс істеген дүкендерге, дәмханаларға, моншаларға, шаштараз бен сұлулық салондарына қатысты анықталған.  Мысалы, 2 тамызда учаскелік полиция инспекторы учаскені аралау кезінде Ақтөбе қаласындағы дәмханалардың бірі сағат 22:00-ден кейін жұмыс істегенін анықтады. Іс бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы, барлық анықталған бұзушылық фактілері бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамалар толтырып, облыстың тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне шаралар қабылдау үшін жіберілді.

Полиция департаменті ақтөбеліктерді карантин режимін сақтауға, бұқаралық іс-шараларды өткізбеуге және оларға қатыспауға, сондай-ақ қоғамдық орындар мен адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке қорғану құралдарының барлығын қолдануға шақырады.

ІШІМДІК ІШКЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҰСТАЛДЫ

Өткен демалыс күндері облыста көлікті мас күйінде жүргізген бес жүргізуші ұсталды.

Демалыс күндері облыс орталығында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға полиция департаментінің басқа бөлімшелерінің қызметкерлері де жұмылдырылған.

2 тамыз күні сағат 15.30-да патрульдік полиция қызметкерлері Красин көшесін  патрульдеу кезінде «Шевролет круз» автокөлігін тоқтатқан. 52 жастағы жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған болып шықты, оған қарамастан мас күйінде рульге отырған. Ол Ақтөбе қаласы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Сол күні патрульдік полиция қызметкерлері Қонаев көшесі бойымен Жангелдин көшесінің қиылысын патрульдеу кезінде 38 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «ВАЗ-2114» автокөлігін тоқтатқан. Жүргізуші көлікті «орта» дәрежедегі мас күйінде басқарған, ол да көлік басқару құқығынан айырылған болып шықты. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мұндай жайттар Алға және Мұғалжар аудандарында да анықталды. Барлық фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің  346-бабының 1-бөлігі — «Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — дейді полиция басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Биыл 11 қаңтарда күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда бұрын автокөлік басқару құқығынан айырылған, көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқарған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылған болатын. Осы баптың санкциясы 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан және көлік басқару құқығынан айырылу түрінде жазаны көздейді.

Заңнама өзгерген сәттен бастап бұрын жүргізуші құқығынан айырылған көлік құралдарын басқарған 107 мас жүргізуші анықталған.

— Осыған байланысты облыстық полиция департаменті азаматтарға алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік құралдарын басқармауды ескертеді, жүргізушілердің құқық бұзуының салдарынан кінәсіз адамдар зардап шегуі мүмкін, — дейді Е.Сарқұлов.

 7 АЙДА 113 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС АШЫЛДЫ

 Ақтөбе қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнекамераларының көмегімен облыс орталығында 7 ай ішінде 113 қылмыстық іс және 14 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық ашылды.

Жыл басынан бері 7 ай ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен ақтөбелік полицейлер 100-ден астам қылмыстық іс пен 14 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықты ашты. Қазіргі заманғы техникалық құралдардың Ақтөбе полицейлеріне әкімшілік

құқықбұзушылықтан бастап қылмыстық істерге дейінгі қылмыстарды ашу кезінде септігі зор.

Жедел басқару орталығы қызметкерлері жұмысының арқасында полиция қызметкерлері бірнеше минут ішінде қылмысты ашуға, қашып кеткен қылмыскердің тұрған жерін анықтауға және сол арқылы қалада қоғамдық тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.

— Бейнекамералардың көмегімен адамның түрін немесе құқықбұзушылық жасаған машинаның нөмірін бүкіл экранға шығаруға болады. Біз камера арқылы қозғалыстағы автокөліктегі қауіпсіздік белдіктің тағылып-тағылмағанын анықтай аламыз, жүргізуші ұялы телефонмен сөйлескенін көре аламыз, әдетте мұндай дерек бойынша хабар жақын маңда жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне беріледі, олар дереу тәртіп бұзушыны ұстауға шаралар қолданады. Бейнекамералардың жазбалары базада 1 ай бойы сақталады, яғни қылмыс пен құқықбұзушылықтың кез келген фактісін камералардың көмегімен тексеруге болады, —  дейді Ақтөбе қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының кезекші инспекторы Асқар Күнуспаев.

Мысалы, 21 шілде күні таңғы сағат 4-те Нариманов көшесіндегі «Магнит» кафесінің жанында белгісіз ер адам күш қолдану арқылы 1968 жылы туған ақтөбелік азаматтың смартфоны мен банк картасын, 50 мың теңге көлемінде ақшасын ұрлаған. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында және бейнебақылау камераларының көмегімен 33 жастағы күдікті көп ұзамай ұсталды. Ұрланған ақша мен заттар тәркіленді.

САУДАГЕР АТЫН ЖАМЫЛЫП…

Қобда ауданының тұрғыны жергілікті 15 тұрғынның малын алдау жолымен алып кеткен.

Ер адам ет сататын саудагер болып танысып, Өтек, Терісаққан, Білтабанов ауылдары тұрғындарының сеніміне кіріп, тиесілі малдарын айдап әкеткен.

Қобда аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мал ұрлаған ер адамға қатысты көп эпизодтық іс тіркеді. Күдікті ет сатушысы ретінде танысу жолымен малды сатуға келісіп алған соң, хабарсыз кеткен. Жоғалған саудагер толық сенімге ие болу үшін кейбір жәбірленушіге «сатып алынған» малдың ақшасының бір бөлігін төлеген. Барлығы 15 адамның зардап шеккені анықталды. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 190-шы «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

КӨЛІК НӨМІРІН ҰРЛАҒАНДАР

 Ақтөбелік тәртіп сақшылары ресейлік және армян автокөліктерінің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлаумен айналысқан бір топ адамды анықтады.

Күдікті ретінде 4 жас ер адам ұсталды, олардың біреуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты. Жастар қала ішінде көлікпен дабыл және бейнебақылау камерасымен жабдықталмаған автокөліктерден мемлекеттік нөмірді ұрлаған. Сонымен қатар, олар автокөліктің алдыңғы әйнегіне автокөлік иесіне «өзінің мемлекеттік нөмірін ақшалай сыйақы үшін қайтара алатындығы» туралы жазба қалдыра отырып, телеграмм әлеуметтік парақшасына хабарласуын көрсеткен.

Ұрланған мемлекеттік нөмір үшін күдіктілер 20 мыңнан 50 мың теңге аралығы көлемінде  ақша сұраған. Жәбірленушілер тез арада полицияға жүгінді, олардың арасында нөмірлерді сатып алғаннан кейін ғана полицияға арызданғандар да бар. Барлығы 40-қа жуық зардап шегуші анықталды. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі — «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары барысында 4 күдікті анықталды.

Облыстық полиция департаменті материалдары бойынша әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button