«Ақтөбе — құтты мекен»

100 аулаға ойын алаңы салынады

Биыл Ақтөбе қаласындағы көп қабатты үйлердің ауласы асфальтталып, жарықтандырылады.

Бұл жұмыстар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, ағымдағы жылы облыс орталығындағы көп қабатты  үйлердің 100 ауласы жөнделеді. Аулаішілік жолдар асфальтталып, воркауттар, балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдар орнатылады. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі — қайта жаңғырту жоспарына енген қаланың 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі абаттандырылған аулалар. Бүгінде заманауи үлгіде жабдықталған жаңа ойын алаңында балалар асыр салып ойнап жүр. Ал ересектер жағы салауатты өмір салтын сақтану үшін воркаут аймағына жиі барады.

Осы қызметке келген кезімде облыс әкімі менің алдыма бірнеше тапсырма жүктеді. Ең бірінші кезекте жолдарды жөндеп, көп қабатты үйлердің  аулаларын ретке келтіруді тапсырды. Қала аумағындағы саябақ, скверлерді қалыпқа келтіру ісін де қолға аламыз. Жалпы әр үйдің ауласы заманауи талапқа сәйкес болуы керек, — деді Асхат Шахаров.

Қала әкімінің айтуынша, жоспарға сәйкес көп қабатты үйлердің подъезіне кіреберіс жолдармен қоса, автотұрақтар да асфальтталады. Аулалары жөнге келтірілетін көп қабатты үйлердің маңында ересек балалар мен кішкентай бүлдіршіндер үшін  ойнайтын алаң қатар салынбақ. Сонымен қоса аулаларды жарықтандыру жұмыстары да қоса атқарылады. Бұл мақсатқа қаражат қарастырылып, мердігер анықталған.

101-атқыштар бригадасы көшесіндегі аулалардың бірінде балалар алаңқайы мен футбол алаңы салынып, воркаут құралдар орнатылғаннан кейін қалалық әкімдіктің әлеуметтік парақшасына ақтөбеліктер тарапынан «біздің ауламыз қашан осындай болады?» деген сауалдар жиі жолданыпты.

Тұрғындардан тапсырыстар өте көп түсіп жатыр. Биыл ақтөбеліктердің сұранысын түгел қамтып үлгеру мүмкін емес. Сондықтан осы жылы 100 балалар алаңқайын және 50 спорттық алаң, жасанды жасыл төсеніші бар 10 футбол алаңын орнатамыз. Қалған сұраныстар келесі жылы қаралатын болады. Қазір балалардың ойын алаңқайы және спорттық алаңдар орнатылатын 30 мекенжай анықталды. Қалғаны қаралу үстінде, — деді Асхат Шахаров.

Белгілі болғандай, биыл қала аумағындағы көп қабатты үйлердегі қырыққа тарта аула асфальтталады.

Ақтөбе қаласындағы мына мекенжайларда биыл балалар алаңқайы мен воркауттар, футбол алаңдары салынады:

 Балалар алаңы:

Кереев көшесі, 1, 2, 3.
8 март көшесі, 18А.
Есет батыр көшесі, 95, 146, 75.
Ш.Қалдаяқов көшесі, 27.
Алтынсарин көшесі, 1.
Мұнайшылар көшесі, 23.
Ембі көшесі, 170.
Әуе қалашығы, 10.
Қонаев көшесі, 202.
Ломоносов көшесі,1,4.
Әйтеке би көшесі, 48,126.
11-шағын аудан, 37А.
Қазанғап көшесі, 59.
101-атқыштар бригадасы көшесі, 8/1.
Тургенев көшесі , 98, 112, 102/1.
Сәңкібай батыр даңғылы, 175.
Ағайынды Жұбановтар көшесі, 288/1, 284, 284/1, 286.
Гришин көшесі, 64/1.
Әбілқайыр хан даңғылы, 58/1.

Воркаут:

Әбілқайыр хан даңғылы, 17, 59, 89, 30, 22, 26, 18, 83, 47А.
Есет батыр көшесі, 109/1, 134, 164, 156, 73А, 89/1, 101, 69Б, 13.
Тургенев көшесі, 94/1, 90, 108, 80А.
Ә.Молдағұлова даңғылы, 12/1, 43/1.
Маресьев көшесі, 69, 79.
Сәңкібай батыр даңғылы, 169/2, 173/1.
Рысқұлов көшесі, 271, 57А.

Футбол алаңы:
11-шағын аудан, 19, 115.
Есет батыр көшесі, «Дорожников» сквері.
Красногорский көшесі, 6.
Ақжар-2, «Сапа» дүкеніне жақын.

  • Он футбол алаңының біреуі 101-атқыш бригадасы көшесіне орнатылды. Енді 4 мекенжай анықталуда.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button