Басты жаңалықтарӘлеумет

Азық-түлік: баға неге «бұлқынады»?

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау — ең маңызды міндеттердің бірі. Төтенше жағдай жарияланып, карантин талаптары күшейген шақта нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету шараларын қабылдап, шұғыл әрекет ету — Президент жүктеген маңызды тапсырма болды.

Биыл бірінші жартыжылдықта ел аймақтары арасында Ақтөбеде бағаның ең төмен өсуі байқалып, инфляция деңгейі 103,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларына  — 107,8 пайыз, азық-түлік емес тауарларға — 102,6 пайыз, ақылы қызметтерге — 98,1 пайыз.

Статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, өткен аптамен салыстырғанда  әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер, яғни картоптың бағасы 18 пайызға, басты пияз — 3 пайызға, өсімдік майы — 0,2 пайызға, тауық етінің бағасы 3,8 пайызға төмендеген. Дегенмен, өндірушілердің босату бағасының өзгеруіне байланысты кейбір жекелеген азық-түлік өнімдерінің бағасы 7,9 пайызға қымбаттаған. Бидай бағасының өсуіне байланысты «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты ұн бағасын

1 маусымнан бастап 13 пайызға қымбаттатқан. Бұл мәлімет жақында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылған болатын. Ол аздай, Ақтөбе қаласы және облыс аудандары әкімдіктерінің күнделікті мониторингіне сәйкес, ағымдағы жылдың 30 маусымынан 24 шілдесіне дейінгі аралықта Шалқар ауданында 11 позицияда, Қобдада — 8, Ойыл және Хромтауда — 7, Ақтөбе қаласы мен  Алға, Байғанин аудандарында 6 позицияда азық-түлік бағасының өскендігі сөз болды. Бұл орайда аймақ басшысы бағаны негізсіз өсіргендерге шара қолданбаған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшылығының дәрменсіздігін сынға алып, құзырлы органдарға, әкімдерге азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауды қатаң тапсырған болатын.

Ұн мен тұздың бағасы

Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Сағындық Ерғалиев аймақта азық-түлік пен ұн бағасының өсуіне қатысты былай деді:

«Жаңа Әлжан» диірмен комбинатында өндірілетін ұн бағасының 13 пайызға өсуі байқалады. Сондай-ақ жекелеген азық-түлік өнімдерінің бағасы 7,9 пайызға қымбаттаған. Бұл орайда аумақтық департаменттің «Жаңа Әлжан» диірмен комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің іс-әрекеттерінде бәсекелестіктің бұзылу белгілерін анықтау бойынша қызметін зерделегенін атап өту қажет. Комбинат ұнының бағасы биыл 1 маусымнан бастап аздап көтерілді, бірінші сұрыпты бидай ұнының бағасы 3,2 пайызды құрады. Алайда екі апта ішінде ұнның жекелеген сорттарының бағасы бұрынғы деңгейге оралды. Бүгінгі таңда статистика деректері бойынша облыста бірінші сұрыпты бидай ұнын бөлшек саудада өткізудің орташа бағасы келісіне 130 теңгені құрайды. Бұл —  ел аймақтары арасындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Салыстырмалы түрде алсақ, астық егетін Шығыс Қазақстан облысында ғана ең төменгі баға сақталған. Яғни ұнның келісі — 128 теңге.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе облысында азық-түлік бағасының төмендеу динамикасы байқалады. Яғни бағаның төмендеуі — 1,2 пайызды құраған. Бұл негізінен күнбағыс майы, тауық еті, картоп пен пияз өнімдерінің бағасынан білініп отыр. «Бір апталық өсім тек тұзға ғана, яғни  7,9 пайыз өскені байқалды. Ақтөбеге тұзды Ресейдің «Руссоль» компаниясы жеткізеді. Сондықтан тұз бағасының өсуі жеткізушінің сату бағасының өсуіне байланысты болған. Нақтырақ айтсақ, тұздың сатып алу бағасы келісіне 32,4 теңге болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 41,5 теңгені құрады», — деді Сағындық Ерғалиев.

35 хабарлама және мониторинг нәтижесі

Статистикалық деректерге сәйкес, республикада жыл басынан бастап 27 шілдедегі  жағдай бойынша елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  тауарларының бағасы жалпы алғанда 5,7 пайызға өсті. Өткен жылы бұл көрсеткіш жоғары болды, яғни 7,7 пайызды құрады. Азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау және олардың өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларға келер болсақ, монополияға қарсы орган бағаның нарық қатысушыларының сөз байласуының нәтижесінде туындаған жағдайда ғана әрекет ететінін атап өткен жөн. Өзге жағдайларда заңға сәйкес, монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылмайды, — деді С.Ерғалиев.

Оның айтуынша, монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің болуына байланысты аумақтық департамент монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау мақсатында жыл басынан бері  35 хабарлама әзірленген. Оның ішінде сүзбе сатуға қатысты — 2, күнбағыс майын сатуда — 1, жеміс, көкөніс өнімдерін сатуға қатысты 15 хабарлама дайындалған.

Мамандар азық-түлік тауарларына бағаның өсуінде экономикалық процестерге байланысты объективті себептердің бар екенін де тілге тиек етті.  Бұл орайда монополияға қарсы орган былтыр тамыз айынан бастап жүргізген апта сайынғы мониторинг нәтижесінде осындай тоқтамға келген.

Азық-түлік нарығында тиімсіз делдалдардың көп болуы, егіс жұмыстарын жоспарлаудың болмауы, егіннің уақтылы жиналмауы, өнімді сақтау шарттарының сақталмауы, реттелген жеткізу арналарының болмауы, әртүрлі сауда үстеме бағалары бар дистрибьюторлар санының көп болуы —  бағаның өсуіне әсер ететін негізгі факторлар саналады. Тиісінше, бағаны төмендету үшін саланы дамытуға жауап беретін мемлекеттік органдардың тауар нарығын молайту, нарық субъектілерінің санын және өндіріс көлемін ұлғайту, мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау жөніндегі іс-қимылы қажет. Бұл өз кезегінде  нарықтағы бәсекелестікті арттырады әрі бағаның төмендеуіне ықпал етеді, — деді Сағындық Ерғалиев.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын бақылаудың негізгі тетігі — жергілікті атқарушы органдардың шекті және рұқсат етiлетін шекті бағаларды белгілеуі, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру. Мамандар өткен жылы еліміздің барлық өңірлерінде нанға, ұнға бөлшек сауда бағаларының шекті мәндері 30 пайыздан асып кеткеніне қарамастан, жергілікті атқарушы органдар шекті бағалар белгілемегенін айтып отыр. Осылайша жергілікті атқарушы органдар тарапынан  бағаны бақылаудың бұл тетігі толық көлемде пайдаланылмайды. «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне қолданыстағы ескерту нұсқамаларын қолдану тиімсіз. Әкімдіктер тарапынан шекті және рұқсат етiлетін шекті бағаларды белгілеу тетігі қолданылмайды. Бұл тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және толықтыру бойынша жұмыстың әлсіздігінен болып отыр. Мұндай жағдай бағаның  маусымдық ауытқуына уақтылы ден қоймау, азық-түлік қорының уақтылы толықтырылмауымен қатар, көкөністердің бүлінуінің жоғары деңгейіне

жеткізеді», — деді департамент басшысы.

Қызылорданың күріші, Павлодардың қарақұмығы

Азық-түлік бағасын қалыпты ұстауда тұрақтандыру қорының маңызы зор. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Әнуар Кәрімовтің айтуынша, биыл тұрақтандыру қорына 1850 тонна картоп, 300 тонна пияз, 250 тонна сәбіз бен 150 тонна қырыққабат салынады.

—  Ағымдағы жылы үш шаруашылықпен фьючерлік келісімшарт жасалды. Атап айтқанда,  «СХФ Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 125,35 миллион теңгенің, «Еламан 2014» серіктестігі 10 миллион теңгенің және «Болат ЛТД» серіктестігі 11,6 миллион теңгенің көкөнісін тұрақтандыру қорына жеткізуі тиіс.  Жалпы тұрақтандыру қорын азық-түлікпен толтыру үшін биыл облыстық бюджеттен 240 миллион  теңге бөлінді.  Қазір қорда 221 425 келі қант, 75100 келі ұн бар, — деді Ә.Кәрімов.

Қазіргі таңда корпорация тарапынан аймақаралық кооперацияны дамыту жұмыстары жолға қойылған. Бұл бағытта күрішті Қызылордадан, қарақұмықты Павлодар облысынан сатып алу жоспарланыпты. Әнуар Кәрімовтің айтуынша, басқа азық-түліктер жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады.

Бір айта кетерлігі, төтенше жағдай кезінде әрі карантин шаралары енгізілген осы бір уақыттардың өзінде де Ақтөбеге сырттан тасымалданатын тауарларды жеткізуде ешқандай кедергі туындамапты. Өйткені, елімізде сырттан азық-түлік тауарларын тасымалдауға шек қойылмаған әрі облыстағы тұрақтандыру қоры үшін сырттан тауар сатып алынбаған.

«Бриг» және 500 миллион теңге несие

Әнуар Кәрімов корпорация тарапынан аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Бұл орайда облыстық қаржы басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі қағидаларға сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен беру үшін «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 500 миллион теңге көлемінде несие берді. Қарыз беру несие шартын жасасу арқылы мерзімділік, қайтарымдылық, ақылы және қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады. Бұл қаражат 1 пайыз бекітілген сыйақы мөлшерлемесімен «Бриг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілді. Келісімшарт бойынша кәсіпкер сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар 9 тауар түрін, яғни қант, күнбағыс майы, сүзбе, сары май, айран, сүт, сиыр еті, құс еті және жұмыртқаны 10 пайыз үстемеден аспайтын бағамен сатуға міндетті, — деді Ә.Кәрімов.

Дүкен-қоймалар көбейеді

Жақында Ақтөбе қаласының «Малышка» ауданында «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығы жұмысын бастады. Мақсаты — халықты бағасы қолжетімді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету. «Тауар өндірушілер, ірі дистрибьюторлар және халық арасында делдалдардың жоқтығынан мұндағы азық-түліктің бағасы төмен болады. «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығы дүкен-қойма үлгісінде жұмыс жасайды. Сауданы жүргізу кезінде аудан тұрғындарының өтініш-тілектері ескеріледі. Болашақта қала бойынша осындай 17 нүктені ашу жоспары бар. Бір дүкен орта есеппен әр ауданның 20-40 мың тұрғынына қызмет көрсетуі керек. Тұрақтандыру қорының өнімдері осы сауда нүктелері арқылы сатылады», — деді корпорация өкілі.

P.S. Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 15 түрі өндіріледі. Облыс әкімі бағаны тұрақтандыру мақсатында Ақтөбеде шағын көтерме сауда орталықтарының санын көбейтуді тапсырды. Бұл тапсырма аудан әкімдеріне де бағытталып айтылған болатын. Олар бұл істі  «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс. Алайда әзірге ешбір ауданда мұндай шағын көтерме сауда орталықтары ашылған жоқ. 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button