Әлеумет

Ауызсу кіргізіп берді

Қайырымдылық

Ойылдық 84 жастағы қарт ана Рахима Омарованың жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ. Екеуі бірге тұрады. 60-тан асқан қызының да қазір денсаулығы кейде сыр беріп жүр… 

Жалғызбастылар санатына кіретін олар ауыр жұмыс жасай алмайды.

Алайда жергілікті әкімшіліктің назарынан тыс қалған емес. Тұрмыстық жағдайлары ұдайы бақыланып тұрады. Арнайы әлеуметтік қызметкері бар. Күніне үш рет барып, үй шаруасына көмектеседі. Дүкеннен азық-түлік, керек-жарағын жеткізіп береді. Киімін жуып, үйін жинап, тамағын дайындайды. Дегенмен бір үйге ер кісінің қолы болмаса, ірі шаруалардың тұралап қалатыны анық. Сондықтан мұндай шаралар әкімшіліктің ұйымдастыруымен іске асады. Өткен жылы әкімшілік көгілдір отын кіргізіп берді. Ендігі мәселе — ауызсу еді. Ол да биыл орындалды. Ауызсу құбыры көшенің арғы бетінде болғандықтан асфальтты тесу, ұзындығы 60-70 метр болатын жерді қазуға арнайы техниканың бола бермеуі, құжаттардың рәсімделмеуі бұл шаруаны кешеуілдете берген. Nur Otan партиясы аудандық филиалы бас болып бұл іске кірісті. Азаматтарды жұмылдырды. Ауданға келіп, құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлермен келісіп, арнайы техникасымен жер қаздырды. Ауызсу кіргізуге рұқсат алу үшін 13000 теңге төлеу керек. Бірақ су шаруашылығымен айналысатын мекеме бұл соманы өздерінің мойнына алып, арнайы мамандарын жіберіп, құбырды үйге дейін тартып берді. Еріктілер үйінің шаруасына көмектесіп, қақпасын жөндеді.

Жалғызбасты кісілерге көмектесу — біздің парызымыз. Ерікті жастар мұндай адамдардың үйін сылап, ауласын тазалап береді. Бір атайдың сарайын салып берді. «Жасыл ел» жасағының жастары орманнан ағаш әкеліп, қоршау жасады. Күйеуі қайтыс болған тағы бір жесір ананың үйіне газ кіргізіп беруді 1983 жылы туған жігіттер мойнына алып отыр. Мұның бәрі — жергілікті азаматтардың ұйымшылдығы. Қайырымды шаралар әрі қарай жалғаса бермек, — дейді Nur Otan партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Сәкен Займолдин.

Аудан бойынша жалғыз тұратын 21 қарт бар. Оларды 14 әлеуметтік қызметкер қарайды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button