Әлеумет

Қырық жылдан кейінгі кездесу

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

«Елу жылда – ел жаңа, қырық жылда – қазан» дейді халық даналығы.

Олар қырық жылдан кейін кездесті. Олар деп отырғанымыз – Темір индустриялық-педагогикалық техникумының 1969 жылғы түлектері.

Шұбарқұдық селосында 1965 жылы сәуір айының 17-ші жұлдызында бұрыннан бар №6 ауыл шаруашылық кәсіптік-техникалық училищесінің базасында ашылған бұл білім ордасы сол тұста орта буын мамандар даярлаудың шын мәніндегі орталығына айналды.

1969 жылдың наурыз айының 1-ші жұлдызында алпыс сегіз түлек ауыл шаруашылығының механизациясы мамандығы бойынша қолдарына тиісті құжаттарын алып, жан-жаққа аттанды.

Ал 2009 жылдың наурыз айының соңғы күнінде сол түлектердің жиырмасы аталған техникумның ізіндегі Ақтөбе политехникалық колледжінде бас қосты.

Мұнда бас қосатын себебі –  аталған оқу орны 1973 жылы Ақтөбе қаласына көшірілген болатын.

Бұл күнде алпысты алқымдаған абзал ағалар бір-біріне алыстан құшақ жайып, жанарлары еріксіз жасқа шыланып, сағынышты сәттерді бастан кешіп жатты. Ал олардың ортасына облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов келген кезде, түлектер бір жерге шұрқырасып-ақ қалды. Техникум түлектері өз орталарынан шыққан ел басқарған танымал тұлғаны мақтаныш қылатындықтарын байқатып, өзімсініп ортаға алып, ыстық ықыластарын сездіріп жатты.

Ақтөбе политехникалық колледжі бұл күндері осы өңірдегі танымал оқу орындарының біріне айналды. Мұнда мұнай және газ саласы, энергетика, автокөлік транспорты, машина құрылысы, экономика және бухгалтерлік есеп, басқа да бірнеше мамандықтар бойынша білім береді. Күндізгі және сырттай оқу бөлімдерін қоса есептегенде 3700 оқушы білім алуда. Мұнда болашақ мамандар мемлекеттік тапсырыспен де, сондай-ақ ақылы түрде де оқиды. Жыл сайын колледж қабырғасынан сегіз жүзден астам жас маман үлкен өмірге қанат қағады.

2006 жылдың қорытындысы бойынша «Облыстың орта кәсіптік оқу орындары арасындағы үздік колледж» атағын осы білім ордасы жеңіп алды. Қазіргі уақытта колледжде жүзден астам оқытушы мен оқыту шебері қызмет етеді. Ұстаздар қауымы білім беру процесіне инновациялық процестерді енгізу, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Оқытушылардың ғылыми қызметі мен кәсіби шыңдалуына көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні колледжде алты адам кандидаттық диссертация қорғады. Өткен жылдар ішінде бұл оқу орны он екі мыңнан астам білікті маман даярлап шығарды.

Колледж директоры Қасымбек Алдияров жиналғандар алдында бір кезде Темірде бастау алған білім ордасының бүгінгі қанат жайған кезеңіне дейін байыпты баяндап берді.

Техникум тарихына ой жүгірткенде оның алғашқы директоры Виталий Михаилович Чуевтің есімі ерекше аталады. Ол – жаңадан қабырғасын тіктеген білім ордасының қалыптасуына, оның материалдық-техникалық базасының жарақтандырылып, жетілуіне тікелей еңбек сіңірген адам. Оның саналы ғұмырының отыз жылға жуық уақыты осы техникуммен байланысты.

«Алғашқыда қиындықтар аз болған жоқ,- деп еске алады сол күндерді директордың орынбасары болған Әлібек Тұмалиев. – Мен Оралдан институт бітіріп келген жас маманмын. Соның өзінде Виталий Михайловичтің еңбекқорлығына ере алмайтынбыз. Әлі есімде, бізде жарық жиі сөніп қалатын. Сондайда директорымыз түнімен, тіпті, таң атқанша электр стансасының жанында білек сыбанып жүретін. Біз ұйқыға шыдай алмай, үйге қайтып кетуге мәжбүр болатынбыз».

Виталий Михайлевичтің ұстаздық ұлағаты Елеусін Наурызбайұлының да жадында жақсы сақталыпты. «Чуев Макаренко үлгісіндегі тамаша тағылым иесі болатын, – деді ол. – Ол бізге көп нәрсені үйретті. Адамдармен қарым-қатынас жасауға ерекше көңіл бөлетін. Ол мен үшін ұстаз да, сыйлас аға да, тіпті, жас алшақтығымызға қарамай сырлас жолдас та бола білді».

Бұл күні техникумда сабақ берген ұстаздар есімі көп аузынан әлденеше рет қайталанып, сан мәрте құрметтеліп жатты. Олардың қатарында Жұбаныш Аяпбергенов, Александр Шкилев, Василий Падун, Николай Семин, Валентина Чуева секілді тәлімгерлер бар еді.

Жан-жағына жіті қарап отырған жігіт ағасын сөзге тартқанымызда, оның Ақтау қаласынан келгенін білдік. Жұмат Нұрымов техникум бітірген соң техник-механик мамандығы бойынша өндірістік оқу шебері ретінде Маңғыстау ауданындағы кәсіптік-техникалық училищеде он жыл ұстаздық етіпті. Содан кейін «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорнының автокөлік мекемесінде үздіксіз жиырма екі жыл бойы инженерлік қызмет атқарған.

– Қырық жыл аз уақыт емес қой, бірге жүрген жігіттердің көбінің түрі ұмытыла бастапты, мынау қасымдағы – Митя Бортовой деген «бала», аты-жөнін айтқанда барып таныдым, – деп егде тарта бастаған құрдасын иығынан қысып қойды. Ол да жымың-жымың етеді.

Техникум түлектерінің бірі Владимир Друзьяк жиырма жылдан астам уақыттан бері Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжін жемісті басқарып келеді. Ол өзінің осы қызметтерінде Темір техникумында оқыған жылдарында бойға жинаған тәжірибесін, ұстаздар өнегесін көп пайдаланғанын әңгімеледі. «Бірде әлдеқандай шалыс қимыл жасап қойған жолдасымызды директордың алдына кіріп, оқудан шығудан қорғап қалып едік, кейін өзім директор болғанда да сол оқиға есімнен шықпайтын болды», – деп күледі Владимир Григорьевич.

Владимир Друзьяк осы кешке жиналған курстастары атынан колледжге сәуле шашқан әдемі сағат сыйлады.

Сол кездегі техникум оқушыларының сабақтан тыс уақыттарда түрлі үйірмелерге қатысатындығы, өткізілетін шараларға белсене қатысатындығы жиында көп айтылды. Әсіресе, Елеусін Сағындықовтың спортта көшбасшы болғаны, Әділхан Сисеновтің өнерде алдына жан салмайтыны, Төлеген Әбдіқожиевтің күресте жауырыны жерге тимейтіндігі сөз арқауына айналды.

Бір атап өтерлігі, той иелері қатарында техникумның 1971-1972 жылдардағы түлектері де отырды. Олар – Алға ауданындағы «Тоқпансай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өтесін Өтепбергенов, «Трансмостгрупп» кәсіпорнының басшысы Төлеген Таңатаров, Ақтөбе мұнай-газ колледжінің директоры Юрий Плаван және басқалары.

– Мен техникумға оқуға 1967 жылы түскенмін. Содан шамалы оқыған соң әскер қатарына алып кетті. Осында отырған жігіттердің көбін танып отырмын. Кездесу менің көңіл-күйіме ерекше әсер етіп отыр, – дейді Өтесін Өтепбергенов.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхан Өтепов Шұбарқұдықтан бастау алған білім ордасымен байланыстарын әлі күнге дейін үзбейтіндіктерін баяндады.

Сағынышты жүздесулер әдемі әнмен әрленіп, тәтті күймен түрленіп отырды. Ақтөбенің өнер жұлдыздары осы кештің салтанатын арттыра түсті. Марат Әйтімов «Милый друг» әнін шырқады, Ербол Махамбетов домбырамен сағыныш сазына баурайтын әндерді күмбірлетті. Жұлдыз Нұрқасымова әуелеткен «Ұстазым» әні тыңдармандар жүрегін тебірентті.

Техникумда оқып жүргенде топ бастаған Елеусін Наурызбайұлы бүгінде республиканың үлкен өңірінің тізгінін ұстаған шақта да сол достарын ешқандай ұмытпапты. «Өмірдің басты мазмұны – кездесу, – деді ол курстастарының ортасында тебіреніп тұрып. – Осы күнге қаншама жолдастарымыз жете алмай кетті, қазір солар менің көз алдымнан өтіп жатыр. Соларды еске алайық, Шұбарқұдықтағы сол бір ыстық шақтар үлкен өміріміздің бастауы болғанын ұмытпайық».

Иә, ескі достар ұмытылмайды. Кездесуге жиналғандар техникум директоры Виталий Чуевтан бастап Бақтығали Өтеғалиев, Геннадий Банников, Мұхтар Құсанов секілді өздері үшін аяулы жандар бейнесін еске алып, құрмет қылды.

Колледждің педагогикалық ұжымы бірінші директордың есімін оқу орнына беру туралы тиісті ұйымдар алдына ұсыныс жасамақшы.

…Салтанатты кездесу кезінде бір бөлек отырған колледж оқушылары алдыңғы буын өкілдерінің бірін-бірі құшақтап, балаға тән аңғал көңілмен ақтарыла сыр шертісіп жатқандарына аңтарылып қарап қалыпты. Бұлар да енді аз ғана уақыттан соң колледж қабырғасынан түлеп ұшпақшы. Олар не ойлады екен…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button