Білім

Қазіргі білім беру: жаңа мүмкіндіктер мен бағыттар

Қоғамның дамуы білім беру процесінде дамыған елдер стандартына деген ұмтылысты туындатып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында: «Адам – елдің басты байлығы» — деп атап көрсетілген. Әлемдік білім кеңістігіне ену бәсекеге қабілеттілік ұғымымен байланыстырылады. Қажеттілік, қабілет, мүмкіндіктен туындайтын нәтиже даму мен ұмтылыс арқылы жүзеге асады.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілгені белгілі. Осы құжат  еліміздің экономикалық өрлеу мүмкіндіктерін есепке ала отырып, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын былай айқындайды:

Жалпылық: білім беру жүйесін қаржыландыру, педагог статусы, білім берудегі менеджмент, электрондық оқыту («е-learning»).

Деңгейлер бойынша: мектепке дейінгі оқу және тәрбие, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім. Олай болса, осы бағыттар төмендегідей жоспармен жүзеге асырылады:

v   2011 жыл – мектепке дейінгі білім беру;

v   2013 жыл – «Бейіндік мектеп»;

v   2014 жыл – техникалық және кәсіптік білім;

v   2015 жыл – орта білім беру.

Сондай-ақ мұғалімдердің қоғамдағы беделін арттыруды материалдық және моральдық жағынан қуаттау үшін қолға алынатын істер де қарастырылған:

1.   Мұғалімдердің айлық жалақысын (2015 жыл) елдегі орташа жалақы мөлшері деңгейіне көтеру;

2.   Ауыл мұғалімдерінің жұмысы үшін қосымша пайыздық көрсеткішті сақтау;

3.   Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және білімін жетілдіру үшін ваучерлік қаржыландыру және шетелде оқыту жолдарын қарастыру;

4.   Пәндерді (сабақтарды) ағылшын тілінде оқыту (2015 жылға 15%, 2020 жылға  30%) көлемін арттыру;

5.   Педагогтардың біліктілігіне қарай айлық жалақының мөлшерін көтеру. Мәселен:

а) санаты жоқтар үшін – 67 160 теңге;

ә) ІІ санатты мұғалім – 76 009 теңге;

б) І санатты мұғалім  — 87 857 теңге;

в) жоғары санатты – 102 554 теңге.

Осылармен қатар, оқытушыларды аттестациялау ережелеріне де өзгерістер енгізіледі:

1.   Мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне сырттай тәуелсіз сараптама жүргізу. Тәуелсіз аттестациялық агенттер құру;

2.   Орталықтандырылған тестілеуден өткізу;

3.   Жоғары санатқа ие болу үшін:

—  магистрлік дәреже;

— ғылыми-әдістемелік жарияланым талап ету және т.б.

Осы салада қолға алынған тағы бір үлкен шаруа — бүлдіршіндерге мектепке дейінгі білім беру және тәрбие мәселесін толық шешу. Бұл бағытта мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылады. «Балапан» бағдарламасы негізінде шағын орталықтар, мемлекеттік және ведмоствалық мектепке дейінгі тәрбие мекемелері ашылады. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасындағы өзекті мәселенің бірі – электрондық оқыту жүйесін ендіру болса, бұл бағытта біздің институт жоспарымен әр педагог АКТ қолдану курсынан өтіп, институт пән кабинеттері, кафедра, зертханалар арқылы әр айдың соңғы аптасында «on-line» режимінде семинарлар өткізуде. Ал ақпараттық жүйедегі басты мәселе – қашықтан оқыту (дистанционное обучение). Бұл мәселені біз жақын арада қолға алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ институтта «Виртуалдық зертхана» жобасы әзірленіп жатыр. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» зертханасы электрондық оқулық жасау, шығару, тарату бағытында жұмыс жасайды. Ендігі мақсат жасалынып жатқан жұмыстардың сапалық көрсеткіштерін әлемдік стандарттар деңгейіне көтеру.

Ал «сапа» ұғымының мәні кең, ол өнім, еңбек, тұрмыстық қызмет, денсаулық, білім, мәдениет, қоршаған ортадан бастап адам өмірінің сапасына дейінгі аралықты қамтиды. Мұның ішінде білім беру сапасына тоқталсақ, күні бүгінге дейін білім сапасын ағымдағы оқу жылының бағалары —«жақсы», «өте жақсы» деген ұғымдардың пайыздық көрсеткіштерімен өлшеп келген болсақ, ендігі «сапа  – нақты қажеттілікті қанағаттандыратын барлық сипаттамалардың жиынтығын анықтайтын норма» деп аталады. (С.Шинков, В.Кальней). «Білім беру сапасы – бұл білім беру үрдісіне қатысушылардың білім беру мекемелерінің қызметіне қанағаттану дәрежесі» — деп түйіндейді есімдері аталған ғалымдар. Жалпы, сапа ұғымы ғылыми зерттеулерде әртүрлі анықтамалар арқылы беріледі:

ü   сапа – мақсатқа сәйкестік;

ü   сапа – сұранысты қанағаттандыру;

ü   сапа – бақылау құралы;

ü   сапа – үрдісті жетілдіру әдісі және т.б.

«Сапа» ұғымының дәрежесі әлемдік деңгейде КСО 9000:2000 халықаралық стандарт сапасына сәйкестік ретінде анықталады.

Міне, үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекет дамуының ең басты тетігі — білім болса, оның қарқынды дамуына үлес қосатын, ең алдымен, әрине, ұстаздар қауымы.  Қалыптасқан жағдайда сапалық деңгейге жету, соның ішінде «сапаны» әлемдік деңгейге көтеру үшін әуелі педагогтардың кәсіби деңгейі қажет. Олай болса, шығармашыл педагогтың деңгейі мынадай қажеттілікпен өлшенеді:

v   ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, оқытудың электрондық жүйелерінің әдістемесін жетік білу;

v   педагогтың өзіндік электрондық портфолиосы мен басқару менеджментін үрдісті қолдануы;

v   тілді меңгеруі (көптілділік), өмір сүру этикеті мен қарым-қатынас (синергизм) нормасын игеруі;

v   жаңа парадигмалы жағдайда кәсіби біліктілікті дамыту;

v   білім беруге сапа менеджментін енгізу мәселелерінің шешімін іздестіру, ақпараттық, коммуникативтік және интеллектуалдық мүмкіндіктерді жоғарылату;

v   өзін-өзі дамыту, өз бетінше білім алу және өзін-өзі жетілдіру қабілетін тұрақтандыру

(С.Шинков, В.Кальней, Ш.М.Каланова және т.б.).

Әлемдік стандарттарға сай қайта құрылымдау мәселесінде ең бірінші кезекте мектептің техникалық базасын заманауи тұрғыдан жабдықтау; оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жаңартып, оқу-әдістемелік кешендерді іске қосу міндеті тұрмақ. Білім жүйесінде 2011 жылы Халықаралық Piza, Timzz бағдарламалары қолданыста болса, 2020 жылға қарай Pisa, Timss, Pirls, Icis, Timss ADVANCED бағдарламалары қолданысқа енгізілмек. 12 жылдық білім беру жүйесінде оқыту осы бағдарламалар аясында жүзеге асады. 12 жылдық жүйеге көшу 2015 жылдан басталады және сыныптар бойынша кезең-кезеңмен өтеді деп жоспарланып (1, 5, 10 сыныптар) отыр. Мектеп бітірушілерге ELTS, TOEFL, SAT I, SAT II (таңдауы бойынша) бағдарламаларын игергендігі жөніндегі сертификат және пәндік кредиттері көрсетілген білім туралы аттестаттар беріледі.

12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің тиімділігі, біздіңше, мынада: ол сапалы кәсіптік және техникалық білім беру мүмкіндігіне жол ашады. 2015-2020 жылдар арасында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің стандарттары, оқу бағдарламасы мен жоспарлары еңбек рыногының талаптарына сай қайта құрылымдалып, сол арқылы мектеп пен жұмыс берушілер арасында іскерлік қарым-қатынас орнатылады.

Қай дәуірде болмасын, өз ұрпағын өмірге қажетті білімге үйретіп, заманына сай лайықты тәлім-тәрбие беруге баулыған ұстаздар қауымы алдағы мерейлі міндеттерді де абыроймен атқарады деп сенеміз. Мұғалім беделін көздеген жобалар қашан да маңызды әрі олардың қоғам тарапынан қолдау табатыны сөзсіз.

Ш. КУБЕНОВА,

облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау

институтының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button