Билік

Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз!

20 қазанда, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен “Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” атты күн тәртібімен Ассамблеяның ХVІ сессиясы өтті. Онда Мемлекет басшысы сөз сөйледі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз!

Қадірлі отандастар!

Құрметті қонақтар!

Еліміздегі татулық пен тұрақты­лықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 15 жыл толды.

Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қа­лан­ған Ассамблея өркениетті әлем­ге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.

Қоғамдық келісімнің кепілі бол­ған Ассамблея еліміздегі тұтас­тық­тың тұтқасына, бірліктің дің­ге­гі­не, достықтың дәнекеріне ай­налды.

Ендеше, баршаңызды осы құт­ты шаңырақтың 15 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Баршаңыз білесіздер, өзара се­німге негізделген түсіністік пен тө­зім­ділік – тәуелсіздікпен тұтас ұғым­дар.

Тағдыр табыстырған, тарих то­ғыстырған түрлі этнос өкілдері азат­тықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қа­ласты.

Ынтымақты ырысқа, алуан­дық­ты байлыққа балаған біз бірліктің қа­зақстандық бірегей үлгісін қа­лыптастырдық.

Бұл “Біз, Қазақстан хал­қы…” деп басталатын, Ассамблея­мен тұстас өмірге келген келелі Конституциямызда берік көрініс тапты.

Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыт­тың өзі дәлелдеп берді.

Бейбітшіліктің белдеуі болған қазақ жерінде бабалар аңсаған “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” орнады.

Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды.

Бағзы мен бүгінді жалғаған қа­зақ жері адамзаттық ауқымдағы игі істердің ұлағатты ұйытқысына айналды.

Мәдениет пен руханияттың ал­қалы ордасындай асқақ Астана­мыз­да әлемнің дінбасылары үш мәрте бас қосып, бәтуалы байламға келді.

Тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның дәу­леті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты.

Ел экономикасы қарыштап өр­л­еп, дамудың индустриялық-инно­вациялық бағытына түстік.

Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ.

Еліміздің татулық пен тұрақ­ты­лықтың берекелі бекетіне айна­луы­на Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді.

Мен осы мерейлі күні биік мінбеден баршаңызға зор алғыс айтамын!

Құрметті сессияға қатысушылар!

Қымбатты қонақтар!

Бүгін Ассамблея жұмысына бір­неше ондаған елден келген қонақ­тар, Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушылар қатысып отыр.

Олар елордамызға біз жыл сай­ын 18 қазанда атап өтетін Рухани келісім күнінде келді.

1992 жылы сол күні Алматыда халықаралық, этносаралық және конфессияаралық қатынастарда жалпыадамзаттық құндылықтарды басымдық деп жария еткен Бірінші халықаралық рухани келісім кон­гресі болып өтті.

Рухани мәдениет форумы Ас­та­нада Қазақстанның ұсынысы бой­ынша БҰҰ Халықаралық мәдениет­тер жақындасуының жылы деп жариялаған 2010 жылы өтіп отыр­ғаны бір ғанибет.

Мен ең алдымен біздің барлық шетелдік қонақтарымызға форум жұмысына қатысқаны үшін ри­за­шылығымды білдіріп, осында жи­на­лып отырған баршаны Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 15 жылдық мерейтойымен құттық­тағым келеді!

Біздің Ассамблеяның тарихы – біздің тұрақтылығымыздың та­рихы.

Бұл бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың 15 жылы.

Біз бұл сессияны ЕҚЫҰ-ға біздің төрағалығымыздың “Сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік” дейтін ортақ ұранымен өткізіп отыруымыз кездейсоқтық емес.

Өткен 15 жылда орасан зор жұ­мыс жүргізілді.

Біз күн өткен сайын адамдар ара­сындағы СЕНІМДІ нығайта бердік.

Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершіліктің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық.

Біз этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастарда АШЫҚ­ТЫҚТЫ қамтамасыз еттік.

ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды табысты да сенімді дамытудың маңызды факторына айналды.

Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді.

Құрметті Ассамблея мүшелері!

1992 жылғы желтоқсанда, Қа­зақ­стан халықтарының бірінші фо­румында өзіміздің тарихымызда ал­ғаш рет біздің көп ұлтты Отаны­мыз­да ұлтаралық келісімді ны­ғай­туға бағытталған жаңа қоғамдық институт құруды ұсынған едім.

Ассамблеяның құрылуы ақиқат сәті болды.

Жалпыхалықтық ерік-жігер туғызған Ассамблея беделді конс­ти­туциялық органға айналды.

Алғашқы күннен бастап ол елі­міз бен халқымыздың алдында жауап­кершілік танытты.

1995 жылы Ассамблея бүкіл­ха­лықтық референдумда еліміздің Негізгі Заңының қабылдануына қолдау білдірді.

Бүгінде Конституция мен Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы жай ғана құрдастар емес.

Бұлар тұрақтылықтың, жаң­ғырту мен өркендеудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық.

Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық бірліктің дербес жолын тап­тық.

Бұл жолда қазірдің өзінде көп іс атқарылды.

Біріншіден, этносаралық және кон­фессияаралық теңдіктің құқық­тық базасы жасалды.

Ол діни наным еркіндігі тура­лы, тілдер туралы, қоғамдық бір­лес­тіктер, Қазақстан халқы Ассам­блеясы туралы заңдар жүйесін қамтиды.

Бізде этностар құқығын шек­тей­тін бірде бір заң жоқ.

Екіншіден, Ассамблея жұмысы стра­тегиялық жоспарлау негізінде түзілген.

2010 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған Ассамблеяны дамыту стра­те­гиясы табысты іске асырылды.

Биылғы жылы Қазақстанды дамытудың 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық жоспарының құрам­дас бөлігі ретіндегі Ел бірлігі доктринасы қабылданды.

Үшіншіден, мемлекеттің этнос­ара­лық саладағы саясатының не­гізіне “саналуандықтағы бірлік” қағидаты алынған.

Мұның өзі тіл саясатында ба­рын­­ша айшықты көрінді.

Бәрінен бұрын мемлекеттік тіл­де оқытатын мектептер желісі ке­ңейіп келеді.

Қазір мұндай мектептер төрт мың дерлік, бұл 90-шы жылдар басындағыдан 2 есе көп.

Барлық тілек білдірушілер үшін қазақ тілін оқытатын жүзден аса ор­талықтың жұмысы жолға қойылды.

Қазақ тілді БАҚ-тарға жан-жақ­ты қолдау көрсетілуде. Тәуелсіздік жыл­дарында қазақ тіліндегі баспа­лық басылымдар 7 есе көбейді.

Этностар тілдері мен мәдениет­терін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі ойдағыдай жұмыс істеуде.

Сексен сегіз мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілде­рін­де жүргізіледі.

Жүз сегіз мектепте жиырма екі этностың тілдері дербес пән ретінде оқытылады.

Отыз этностың тілдерін оқып-үйренудің жүз тоқсан лингвисти­ка­лық орталығы жұмыс істейді.

Елімізде он бес тілде отыз бес баспалық басылым шығады.

Телеарналар эфирінде он бір тілдегі хабарлар беріледі.

Он төрт орыс, өзбек театрлары, сондай-ақ ТМД-дағы бірден бір ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді.

Төртіншіден, біз этносаралық қатынастардың қаржылық және материалдық базасын нығайттық.

Тек соңғы 9 жылда ұлттық театр­ларды мемлекеттік қолдаудың көлемі 4,5 есе дерлік өсіп, 2010 жылы үш жүз жетпіс төрт миллион теңгені құрады.

Бесіншіден, Ассамблеяның ин­фра­құрылымы кеңейтілді.

Егер Ассамблеяның бірінші сес­сиясына бар-жоғы 40 ұлттық-мәде­ни орталық қатысса, бүгінде елі­міз­дің барлық өңірлерінде 820 этно­мә­дени бірлестік табысты жұмыс істеуде.

Олардың игілігіне Астанада Бей­бітшілік және келісім сарайы, он облыс орталығындағы Достық үйлері берілген.

Алтыншыдан, Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершілік қазақ­стан­дықтардың ұлттық бірлігінің іргетасы болды.

Біз “Бір ел – бір тағдыр” қағи­да­тын іске асырдық.

Барлық этностар “Қазақстан-2030” Стратегиясын іске асыруға белсене қатысуда.

Бүгінде біз Жедел индустриялан­дыру бағдарламасының, Қазақстан­ды 2020 жылға дейін дамыту стратегиялық жоспарының жаңа міндеттерін бірлесе шешудеміз.

Біз еліміздің Парламенті мен мәслихаттарында барлық этнос­тар­дың өкілдері болуын қамтамасыз еттік.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мә­жілістің тоғыз депутатын сай­лай­ды, олар нағыз “достық елші­леріне” айналды.

Парламентте барлығы отыз эт­нос­тың, ал мәслихаттарда – отыз екі этностың өкілдері жұмыс істейді.

Жетіншіден, біздің мемлекеті­міз­дің зайырлы сипаты жағдайында діни саналуандылық халқымыз төзімділігінің шынайы белгісіне айналды.

Қазақстанда діни тұрғыдағы қақтығыстар ешқашан болған емес.

Біздің Астана әлемге жаһандық дінаралық үнқатысудың орталығы ретінде белгілі.

Біз Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезін үш мәрте өткіздік.

Осылайша Қазақстанда қазіргі кез­де ұлтаралық және конфессия­ара­лық келісімнің тиімді жүйесі қалыптасқан.

Құрметті достар!

Біздің Ассамблеяның тарихы халық пен елдің шынайы қуаты неде екенін көрсетеді.

Мынадай танымдық мысал келтірейін.

Осы жылғы көктемде судың пло­тинаны бұзуы салдарынан Алма­ты облысындағы Қызылағаш ауылы күйреді.

Адамдар опат болды, жүздеген отбасылар баспанасыз қалды.

Бұл қасіреттің ауыртпалығы әрбір қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды.

Бүкіл елімізде адамдар қызыл­ағаштықтар үшін киім-кешек, азық-түлік, ақша жинай бастады.

Тек Ассамблея мүшелері өз қал­таларынан қырық жеті миллион теңге қосты.

Бұл қаражатқа ауылда бала­лар­дың спорт мектебі, тұрмыстық қызмет үйі салынды.

Қысқа мерзімде кент толықтай қал­пына келтірілді.

Оның тұрғындары маған жол­даған хаттарында көрсетілген көмек үшін ризашылықтарын білдіріп, бар­ша қазақстандықтардың өзде­рі­мен бірге қайғырып-мұңайған­дығын атап өтуде.

Біздің азаматтар Шығыс Қазақ­стан­да су тасқынынан зардап шеккендерге дәл осылай көмек көрсетті.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы бүкіл әлемде осындай апаттардан жүздеген мың адамдар зардап шекті.

Олардың басым көпшілігі осы күнге дейін қарапайым алғашқы қажеттілік заттарының жетіспеуші­лігі­нен қиындық көруде.

Су, электр жарығы, азық-түлік жоқ.

Біздің елімізде көмек дер кезін­де көрсетілді, ал елді мекендер қал­пына келтіріліп қана қойған жоқ.

Олар жаңа тұрпатқа ие болды.

Бұл халық бірлігі көрінісінің жарқын өнегесі.

Тағы бір басқа мысал келтірейін.

Орыс тілді израильдіктер феде­рациясының төрайымы, Израиль кнессетінің депутаты Софа Ландвер өз хатында көптеген елдерде “бұрыннан бар тікелей қазақ диаспорасымен қатар қазақстандық диаспора да пайда болып” үлгерге­ні­не назар аударыпты.

Оны Қазақстаннан Израильге, Германияға, Ұлыбританияға, Ре­сей­ге, Түркияға және басқа елдерге барған барынша әрқилы этностық топтардың өкілдері қалып­тас­тыруда.

Мен жыл сайын біздің шетелдік отандастарымыздан – қазақстан­дықтардан мыңдаған хат аламын.

Олар Қазақстанда ана тілін оқып-үйренуге, өз мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға барлық жағ­дай­дың жасалғаны үшін қазақ хал­қына ризашылықтарын білдіреді.

Құрметті Ассамблеяға қатысушылар!

Тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан жылға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет.

Келісім мен бірлікті қандай бір этносқа қатыстылығына қарамастан әрбір қазақстандық сақтауы керек.

Бұл баршаға және әркімге қажет.

Өйткені біздің Отанымыздың мызғымай тұруы, әрбір қазақстан­дықтың аман-саулығы мен бола­шағы осыған байланысты.

Әрбір халық өз елінде ты­ныштық сақтауға жауапкершілікті өзі мойнына алады.

Өкінішке орай, этносаралық және дінаралық қатынастардың шиеленісуіне байланысты алаңдау­шы­лық бүгінде планетаның көп­теген өңірлерін қамтып отыр.

Әлемде діни төзбеушіліктің артуы байқалып отыр.

Бұл діни қасиетті заттарды өз­ара жария түрде келеке етуден көрініс беруде.

Қасиетті кітаптарды өртеуден, храмдар мен молаларды қорлаудан, қандай дін дұрысырақ деген дау­лардан көрініс беруде.

Осының бәрі, өкінішке орай, жоғалмапты, керісінше, әлемді бү­гін де дүрліктіруде.

Кейбір елдерде ұлттық біріз­ділік­ті сақтаудың радикалды әдістері барған сайын жиі пайдаланылуда.

Жаһандануға деген мұндай көз­қарас тіпті ең дамыған еуропалық елдерде көптеген этностық ми­грант­тар мен азшылықтың мүдде­лерін қозғап отыр.

Өзара реніштер көбейіп, этнос­ара­лық алыстаушылық пен адам­дардың бір-біріне сенбеушілігі өсе түсуде.

Азия мен Африка елдерінен мономәдениетті және монокон­фес­сиялы Еуропаға тартқан көші-қон арнасы мұндағы мұсылман тұрғын­дар­дың жетіден қырық миллион адамға дейін өсуіне жеткізді.

Осы азшылықпен өзара қарым-қа­тынас проблемасы батысеуропа­лық елдер күн тәртібінің аса ма­ңызды мәселесіне айналуда.

Ал америкалықтар үшін бұған дейін беймәлім болып келген флоридалық пастордың Құранның екі жүз данасын өртеймін деген мәлімдемесі күтпеген оқиға болды.

Мұндай мәлімдеулер мұсылман әлемінде әсіре теріс, жауап көз­қа­расты туындатуда.

Мұндай өркениетті жіктеліс үл­кен шиеленіске соқтыруы мүмкін.

Батыста және мұсылман Шы­ғы­сында барлық саламатты ойдың күштерін екі тараптағы да экс­тре­мистік көріністерді бейтараптан­дыру үшін біріктіру міндеті өзекті бола түсуде.

Оның үстіне қазір ксенофобия­ны, этностық экстремизм мен шо­ви­низмді ашық пайдаланушылардың саяси ықпалы артуының үрдісін көрмеу мүмкін емес.

Кейбір елдерде олар парла­мент­тегі өкілдіктерінің болуына қол жеткізіп, үкіметке кіріп отыр.

Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы осы заманғы жаһандық проблемаларды қиындатып жіберді.

Бүгінде бір миллиардқа жуық адам аштықтан зардап шегуде. Жыл сайын ашығудан бес миллионға дейін балалар опат болуда.

Екі жүз миллионнан астам адам жұмыссыз жүр.

Қайыршылық жағдайында тө­зім­­­ділік төбе көрсетпейді.

Соның салдарынан жыл сайын бүкіл әлемде отызға жуық жаңа қарулы қақтығыстар туындайды.

Өкінішке орай, этносаралық жанжалдар ТМД елдерінде де орын алуда. Атап айтқанда, бұл При­днестровье, Кавказ, Орталық Азия.

Біздің көршіміз – Қырғыз­стан­ның қайғылы тәжірибесі мұны қуат­тайды.

Саяси дағдарыс жағдайында этнос­тық тұрғыдағы қақтығыстарға арандатушылық болды.

Бұл қиын салдарға – билік­сіз­дік­ке, бейберекетсіздікке, иесіздерді тонаушылыққа, зорлыққа, адам өл­тіруге соқтырды.

Ғасырлар бойы бір жерде бейбіт жағдайда бірге тұрған мыңдаған адамдар зардап шекті.

Біз бейбіт өмірді этносаралық жанжалдардың ақылға сыймайтын қа­тыгездігінен бөліп тұратын шек­теу­дің қандайлық шетін екенін бар­ған сайын өткір сезіне түстік.

Қазір Қырғызстанда мемле­кеттік институттарды қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр.

Қазақстандықтар бұл елден жет­кен әрбір игі хабарды үмітпен естіп білуде.

Мен Қырғызстан халқына өз елдерін қайта түлетуде даналық, төзімділік тілегім келеді!

Біз осы заманғы дүниеден сенім мен төзімділік дағдарысын көріп отырмыз.

Сондықтан да биылғы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық жөніндегі ұйымды бас­қарған Қазақстан этносаралық және дінаралық төзімділік идеясын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.

Биылғы жылы қазақстандық төзімділік пен келісім моделінің тұсаукесері Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте болған ірі форумдарда өтті.

Астанада Төзімділік және кемсіт­пеу­шілік жөнінде конференция өт­кізілді.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің елімізге сапары барысында Қа­зақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен де егжей-тегжейлі танысқан болатын.

Ол Ассамблея қағидаттары БҰҰ қағидаттарымен толық мәнінде үйлесетінін атап өтті.

Конфуций адамды парасатқа үш жол жеткізетінін айтқан екен: елік­теу жолы – ең жеңіл жол, ой сара­бы жолы – ең ізгі жол, өз тәжіри­бең­нің жолы – ең ауыр жол.

Қоғам, ел туралы да осыны ай­туға болады.

Сондықтан елдің басты жетістігі бейбітшілік пен келісім болып та­былады дегенде, бұл тізбелейтін жай ақиқат емес.

Бұл тұрақсыз әлемдегі айтулы табыс.

Бұл өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға біз қосқан сүбелі үлес.

Құрметті Ассамблея мүшелері!

Бүгінде біздің алдымызда ұлт­тық бірлікті нығайтумен байла­ныс­ты бірқатар жаңа міндеттер тұр.

Бірінші. Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің Жиырма жылдығына аяқ басады.

Алдағы мерейтой Қазақстан тарихында айтулы оқиға болып, мемлекеттілікті нығайтуы, халықты патриоттық құндылықтар төңіре­гіне шоғырландыруы тиіс.

Шынайы патриотизм дауыс көтере сөйлеген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек.

Қазақстандық патриотизмнің өлшемі ел игілігі үшін жасалатын өндірістік және шығармашылық ең­бек болуы тиіс екеніне мен сенім­дімін.

Біздің жақын жылдардағы бас­ты міндетіміз Қазақстанды серпінді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру болады.

Экономиканы инновациялық жаңғырту, оның бәсекеге қабілетті­лі­гін арттыру міндеті – бұл бола­шақ­та елдің мызғымастығы мәсе­лесі.

Бұл – Тәуелсіздіктің синонимі.

Бұл – көптеген ондаған жылдар бұ­рынға арналған ұлттық күн тәрті­бінің мәселесі.

Бұл міндетті қойылған мерзімде орындасақ – демек, елдің орнықты да­муын қамтамасыз етіп, барлық аза­маттардың әл-ауқатын арттыра аламыз.

Міне, нақ осындай ойлармен және істермен біз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын қарсы алып, жаңа ға­сыр­дағы жолымызды жалғастыруға тиіспіз.

Қазіргі кезде Үкімет Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығына Жалпыұлттық дайындық жоспарын жасап жатыр.

Ассамблея оны дайындауға белсене қатысуы тиіс.

Ассамблеяға сондай-ақ Қазақ­стан­ның табыстарын насихаттау, таяудағы онжылдыққа арналған мін­деттерді түсіндіру жүктеледі.

Білім және ғылым министрлігі­мен бірлесіп білім беру мекемеле­рінде – балалар бақшасынан бас­тап ЖОО-ларға дейін – Қазақстан­дағы этносаралық қатынастардың тарихы туралы, патриотизм туралы арнайы бағдарламаларды жасап, енгізу керек.

Қазақстандағы көпэтносты қо­ғам­ның қалыптасу тарихын жазу жө­ніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Бірінші мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күнін ел этностары достығын жаппай көрсету мерекесіне айналдыру керек.

Ассамблеяға Мәдениет ми­нистр­лігімен бірлесіп, жастар үшін біз­дің қоғамымыздағы төзімділік пен келісім тақырыбын ашып көр­сететін көркем фильмдер сериясын жасау қажет.

Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның құзырымен ұлттық театрлар фестивалін ұйымдастыру керек.

Телевизияда жаңа Қазақстан­ның қалыптасуына үлес қосқан түр­лі этностардың көрнекті өкіл­дері туралы әңгімелейтін хабарлар циклы шығуы тиіс.

Екінші. Мемлекеттік тілді дамы­ту маңызды басымдық болып қала береді.

Біздің мақсатымыз – мемлекет­тік тілді Қазақстанның барлық аза­маттарының меңгеруіне қол жеткізу.

Бірақ басқа этностардың құ­қық­тарына қысым көрсетілмеуі тиіс.

Түрлі қарым-қабілет, адамның жасы, мүмкіндіктері – осының бар­лығы ескерілгені жөн.

Жақында менің тапсырмам бой­ынша қазақ тілінде хабар тара­татын “Балапан” балалар телеарна­сы ашылды.

Кезекте – “Мәдениет” және “Білім” телеарналарын құру міндеті тұр.

Қазіргі кезде Тілдерді пайдалану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалып жатыр.

Оның жобасын Ассамблея мү­ше­лерінің, қоғамдық бірлестік­тер­дің қатысуымен мұқият талқылау қажет.

Үшінші. Қазақстан халқының этностық және мәдени саналуанды­ғы мен төлтумалығын сақтауға бай­ла­нысты жаңа қадамдар іздеген жөн.

Ассамблея Хатшылығына, “Са­мұ­­рық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қо­рына Астана әкімдігімен бірле­сіп, Астанада этностық ауыл құру жөнінде ұсыныс жасап енгізуді тапсырамын.

Жақында Қазақстанда Ұлттар Театры құрылды. Бұл бастаманы қолдау қажет.

Үкіметке осы театрға ықпал ету тетігін қарастыруды тапсырамын.

Қазіргі кезде сондай-ақ этнос­ара­лық қатынас мәселелеріне ар­нал­ған ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту да маңызды.

Біздің төзімділік моделімізді ортақ түсіну мен жетілдірудің жаңа тетік­терін жасау мақсатында бұл мәселеде терең де жүйелі көзқарас қажет.

Ассамблея Хатшылығына осы мәселелермен нақты айналысатын құрылымдардың жұмысын саралау керек.

Олардың әлеуетін біріктіріп, Еуразия университетінің жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу ор­та­лығын құру қажет деп есеп­теймін.

Төртінші. Біздің төзімділік тәжірибемізді шетелдерде одан әрі белсенді ілгерілету маңызды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құзырымен Орталық Азиядағы төзімділік мәселелері бойынша Азаматтық форум өткізуді, оған өңір елдерінің ҮЕҰ, БАҚ, өнер және мәдениет қайраткерлерін қатыс­тыруды ұсынамын.

Қазақстанның 2011 жылы ШЫҰ мен Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалықтарын қаты­сушы елдер жұртшылығын біздің конфессияаралық келісім тәжірибе­мізбен кеңінен таныстыру үшін пайдалану қажет.

Өздеріңіз білетіндей, жақында Ыстамбұлда өткен Түркі тілдес мемлекеттер саммитінде Астана түркі әлемінің 2012 жылғы астанасы деп жарияланды.

Бізге аталған халықаралық акцияны өткізу тұжырымдамасын мұқият дайындау керек.

Бесінші. ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммитіне байланысты ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

Әлемдегі жаңа тәуелсіз елдердің ешқайсысы бұған дейін өзінде осындай жаһандық ауқымдағы фо­румды қабылдауға құқықты болып көрген емес.

Бізге әлемнің елу бес мем­ле­кеті­нің, ірі халықаралық ұйым­дардың делегациялары келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы саммитті дайындау мен өткізуге барынша белсене қатысуы тиіс.

Біз қонақжай қожайын болуы­мыз керек.

Лайықты қарсы алулар ұйым­дас­тырып, біздің саналуан­ды­ғы­мызды көрсетуіміз, этномәдени бір­лестіктеріміздің, Ассамблеяның өзінің жұмыс тәжірибесін таныс­тыруымыз керек.

Мен қазірдің өзінде әлем та­ри­хы­на еніп келе жатқан Астана Рухы ұғымы саналуандықтағы се­нім, ке­лі­сім, төзімділік және бірлік қағи­даттарына негізделген әлем ор­нық­тырудағы жалпыға ортақ ұм­ты­лыс­тың символы болатынына сенімдімін.

Құрметті достар!

Қазақстан жолының ең бір қиын кезеңдерінде әрқашан сіздер­ден қолдау таптым, менің қымбатты үзеңгілестерім мен достарым!

Мен Ассамблеяны құрудың бас­тауларында тұрғандардың барлы­ғы­на ерекше ризашылығымды біл­діремін.

Маған жаңа мемлекет құруға, реформалар жүргізуге, экономи­ка­ны дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға көмектескендерге ри­за­шылығымды білдіремін.

Менің тапсырмам бойынша қоғамдық награда – “Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі” белгіленді.

Бүгін мен біздің қоғамымызда бейбітшілік пен келісімді қамта­ма­сыз ету ісіне айтарлықтай үлес қос­қан қазақстандықтарға осы ме­дальды тапсыру туралы шешімге қол қойдым.

Осы награданың алғашқы ие­герлерін шын жүректен құттық­тай­мын!

Қадірлі әлеумет!

Біз мыңжылдықтар тоғысында ба­балар аңсарын шындыққа айнал­дырып, тәуелсіз мемлекет құрдық.

Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер көксеген, Абылай хан ар­ман­даған, Абай тілеген абат күнге же­тіп, барша қазақтың басын бірік­тірдік. Осылайша еншісі бөлінбеген біртұтас елдікке қол жеткіздік.

Жердің киесін, елдің иесін таныттық.

Елімізді мекен еткен барша этнос өкілдерінің жауапкершілігін алып, ұлыстың ұйытқысына айнал­дық.

Күйреген алып Кеңестер одағы­ның қирандысынан аман шығып, айдай әлемге танымал егемен ел атандық.

Біз тарих үшін тым қысқа сана­латын тәуелсіздік жылдарында биік белестерді бағындырып, асқар асулардан өттік.

Бауыры бүтін бірлігімізбен ең­селі елдігімізді еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік.

Дүниені дүрліктірген, әлемді тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылдарына төтеп бердік. Қиын­дық­тарды еңсере жүріп ширадық, шыңдала түсіп, асқар шыңдарға ұм­тылдық.

Осылайша “қазақ ел бола ал­майды” деген бәзбір сәуегейлердің болжамдарын жоққа шығардық.

Қазір айтуға ғана жеңіл, мұның бәрі бізге өздігінен келмегенін баршаңыз білесіздер.

Бүгінгі күнге жету үшін біз аянбай тер төгіп, тізе қосып, бірге еңбек еттік.

Тығырыққа тірейтін түйінді мәселелер бойынша тиімді ше­шім­дер қабылдап, оларды пәрменді іске асыра білдік.

Осы жолда мемлекетіміздің мерейін өсірген, елді қарқынды даму жолына жетелеген – біздің айнымас ауызбіршілігіміз.

Дана халқымызда “Бірлігі жоқ ел – тозар, бірлігі бар ел – озар” деген ұлағатты сөз бар.

Біз тыныштық арқылы тұрақ­тылыққа, татулық арқылы тұтас­тыққа қол жеткіздік.

Ардақты ағайын!

Біздің баршамыздың Отанымыз бір! Ол – тәуелсіз Қазақстан! Ол біздің ең қымбат, ең асыл құнды­лы­ғымыз!

Отаны жоқ адам – тамырсыз, тұр­лаусыз қаңбақ сияқты. “Отан – оттан ыстық” деген, туған жердің топырағы да, тауы мен даласы да қымбат.

Отанның аптап ыстығы мен аязды суығы да жанға жайлы. Оның көнеден жеткен терең тарихы мен абыз тілі түсінген жанға сырлы шежіре шертеді.

Отанды қастерлеу – елдігіміз­дің тірегі.

Біз отаншыл болуға, жас ұрпақ­тың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз.

Біле-білсек, Отанды сүю – біз­дің перзенттік парызымыз, қарыс қа­дам үшін жанын қиған баба­лар­дың асыл аманатына адалдығымыз!

Алдымызда әлі талай асқар асулар бар, алмағайып заманына сай құбылып тұрған ғалам бар.

Біз соның бәріне төтеп беріп, ортақ Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.

Ол үшін бізге ең әуелі ынтымақ пен береке-бірлік керек.

Ендеше, тәуелсіздігіміз тұғыр­лы, еліміз аман, мемлекеттігіміз мәң­гі, береке-бірлігіміз баянды болсын, ағайын!

Рахмет.

«Егемен Қазақстан» газеті, 21 қазан 2010

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button