Ауыл

Шағын жылыжайдың мол өнімі

Үлгі

Кеше ғана тұрақты жұмысы болмаған тұрғындар ең әуелі ықылас-ниеті мен еңбексүйгіштігінің арқасында өз кәсіптерін ашып, соны дамытуға кірісіп кетті. Әрине, кәсібін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер мемлекет тарапынан да қолдауға ие. Кәсіптің түрі көп. Әйтсе де жыл өткен сайын Мұғалжар ауданында жылыжай шаруашылығы көбейіп келеді. Осындай шаруашылықтан несібесін айырып отырған Ақкемер ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ғабит Айхожаевпен әңгімелескен едік.

Ауылда әркім қолынан келгенін жасап, күн көреді, табыс табады. Оның ішінде тұрақты жұмысы жоқ адамның бос уақыты да жеткілікті ғой. Ауыл тұрғындары бұрынғыдай есік алдындағы аулаларын бос қоймайды, көктем шыға көпшілігі көкөніс егіп, жаз бойы соны ермек етіп, күзде жемісін жинап, қысқы азықтарын дайындайды. Ал үшінші топ мүгедегі Ғабиттің жөні бөлек.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Ғабит бау-бақшаның кәнігі маманы боп кеткен әкесі Салидің қасында жүріп, бағбандықтың қыр-сырын үйреніп, тәп-тәуір меңгеріп алған.

— Ақкемерге 2004 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келдік. Біз қай кезде де үлкен жер телімі бар үйде тұрдық. Әрине, бау-бақша ектік. Үйдегі жеті баланың кенжесімін. Әкем бау-бақшаны ерекше жақсы көреді. Ал мен әкемнің қасында көп жүретінмін. Арамшөптерден қалай тазартуды, қай кезде түптеуді, «ауырып қалған» өсімдіктерді қалай «емдеуді», түскен құрттарды қалай тазартуды — бәрін әкемнен көріп өстім. Әкем 2010 жылы «Арай» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз несие алып, жылыжай шаруашылығын бастаған болатын. Жыл сайын округ маңынан жер алып, отбасымызбен бақша егетінбіз. Қазір әкем үлкейді, зейнеткер, — дейді Ғабит.

Қашан көрсе де әкесінің тыным таппай, еңбектеніп жүргенін көріп өскен Ғабит те еңбекқор. Тұрақты жұмысы болмағанда да үйде бос қарап отыра алмайтын көрінеді.

— Бірде келіншегім Қаламқас екеуміз қандай кәсіп жасасақ екен деп ойлағанбыз. Содан ойымызға жеке жылыжай ашу идеясы сап ете қалды. Алайда кәсіп ашу үшін тәжірибе керек. Оңай емес екен. Оқу керек болды. 2016 жылы «Бастау-Бизнес» курсы туралы естіп, біліп, оқып алдым. Бизнес-тренер бізге идеядан бастап бизнесті қалай құру, кәсіпкердің не білу керектігін түсіндірді. Оқу барысында дәріскерлерден адамды жігерлендіретін құнды сабақтар алдым. Сосын бизнес-жобамды сәтті қорғап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 6 пайызбен бір жарым миллион теңге көлемінде несие алып, кәсіпті бастап кеттік, — дейді жылыжай иесі.

Ғабит Салиұлы тұқым сатып алып, жас өскіндерді егу мен аулада өз жобасымен ұзындығын 12 метр, енін 5 метр етіп, жылыжай құрылысын салу жұмыстарын қатар жасады. Әуелі қияр егуді қолға алды.

— Бұл көкөніске құнарлы топырақ, дымқыл ауа мен жеткілікті су қажет. Абырой болғанда, жылыжай үй ауласында орналасқан, себебі, көкөніске суды үйден аламыз. Су үйге кіріп тұр, аулада құдық та бар. Одан басқа тұқым таңдау, оны себетін жерді дайындау, қопсыту, тәртібімен егу, арамшөптерін жұлу, піскен қиярларды оратылған сабақтарынан бүлдірмей үзу секілді жұмыстары жетіп артылады. Сәл қараусыз қалса, тез өсіп кетеді де, көкөністің түрі де, дәмі де сапасыз болады. Жылыжайда жұмыс істеу көп уақытты алмайды, күніне көп болса 3-4 сағат уақытың кетер. Ал піскендегі рахатын айтсайшы (күліп). 2017 жылдың мамырында өзім еккен алғашқы қиярды жинадым, әлі есімде. Ауыл тұрғындары таза «үй» қиярын жеп, мәз болды. Қияр 1,5-2 айда өсіп шығады. Өнімдерімізді өзіміздің ауылымыз — Ақкемерге, сосын Қандыағаш базарына апарып өткізіп тұрамыз. Көктемде қиярдың келісін 350 теңгеден саттық. Көкөністі жыл бойы өсіру үшін жылу керек болатын, өткен жылы жылыжайға газ өткізіп алдық. Енді жыл бойы көкөніс егуге мүмкіндік бар. Қара күзде қияр егемін тағы, қыста жеу үшін. Тым құрыса, ауылды қамтамасыз етуге болатын шығар. Сондай-а, жыл он екі ай біздің жылыжайдан көк жуа, аскөк, ақжелкендер үзілмейді. Осы уақытқа дейін бір бумасын 100-150 теңгеден сатып келеміз. Биыл егілген қиярым «ауырып тұр», емін таба алмай жүрмін. Өнім берген соң қурап қалады. Мүмкін күзде қиярдың басқа түрін егіп көретін шығармын, — дейді жас бағбан.

Шағын жылыжай бір отбасының ғана емес, тұтас бір ауылдың мақтанышы десе де болады. Өнімдері сұранысқа ие. Көкөніс егіп, өсіріп, өнім жинау — басқаларға үлгі іс. Осындай жобаларды басқа ауылдың тұрғындары да ескерсе екен дейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button