Спорт

Алты жылдан кейінгі жеңіс

Премьер-лиганың 29-турының негізгі ойыны Қостанайда өтті. Жергілікті «Тобыл» өзін өкшелеп келе жатқан «Ақтөбені» қабылдап, 2:5 есебімен ойсырай ұтылды.

Қостанайлық жанкүйерлер «Тобылдың» жеңетініне күмән келтірмеді, өйткені 2004 жылдың 30 маусымынан бері олар өз алаңында «Ақтөбеден» жеңіліп көрген емес. Ал автобусқа тиеліп Арқа асқан біздің жанкүйерлер өз командасына кәміл сенді, себебі чемпиондыққа бір табан жақындай түсу үшін 3 ұпай олжалау керек еді.

Ақтөбеліктер бұл ойында мергендер көшінің алдыңғы қатарында келе жатқан Мұрат Тілешевсіз ойнады. Мұрат «Локомотивпен» болған ойындағы тәртіпсіздігі үшін 5 ойынға шеттетілген болатын. Бірақ жерлестеріміз бұл ойында 5 гол соғып, ірі көрсеткішке қол жеткізді. Алдымен 21-минутта Марат Хайруллин алғашқы голды соқты. Арада 1 минут өтер-өтпестен Иван Перич және бір голмен есепті ұлғайтты. Бірінші таймның аяқталуына 2 минут қалғанда Аслан Дарабаев үшінші рет алаң иелерін қапы қалдырды.

Ойынның екінші жартысында да жерлестеріміз басымдық танытты. 55-минутта Хайруллин өзінің екінші голын соғып, есепті 4:0-ге жеткізді. Дегенмен «Тобыл» командасының капитаны Нұрбол Жұмасқалиев бір голмен қарымта қайтарды. Бірақ Перич те өзінің екінші голын соқты. 88-минутта қостанайлық Бақаев біздің қақпаның кілтін таба білді. Осылайша Қостанайда 6 жыл араға салып барып жеңіске жеттік.

Қазір жерлестеріміздің «Тобылдан» бір ғана ұпайы кем. Бұл турдағы басқа ойындар былай аяқталды: «Локомотив»-«Шахтер» — 1:1, «Атырау»-«Ертіс» — 1:2.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button