Жаңалықтар

Облысқа 220 оттегі концентраторы әкелінді

 «SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қоры мен «Шұғыла» қоғамдық қоры бірігіп, «Owgels» оттегі концентраторларының 220 данасын облыстың өкпе қабынуы мен COVID-19 індетін емдейтін 19 ауруханасына табыстады.

«SHANIRAQ Aqtobe» қоғамдық қорының өкілі Еділ Аймағанбетовтің айтуынша, аталған аппараттар Қытайдан әкелінген.

Бұл аппараттарды зауыттан алып келу туралы ұсынысты Алматы қаласындағы «Шұғыла» қоғамдық қоры бастады. Ал «SHANIRAQ Aqtobe» қоры облысқа қанша аппарат қажет екенін анықтап, демеушілердің көмегімен қаржы жинады. Қытайдың Гуанжу қаласынан аппараттарды әкелуге Денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетті. Жалпы 4 мың аппарат елімізге әкелінсе, оның ішінде 220 аппарат біздің облысқа жөнелтілді. Осымен облыс оттегі аппаратымен толық қамтылды, — деді Еділ Аймағанбетов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Қала мен аудандардағы емдеу мекемелерінің өкілдері аппаратты өз ауруханаларына алып кетті. Мәселен, Алға ауданынан келген кәсіпкер Света Уайсова жеті аппарат алды. Оның айтуынша, алғалық кәсіпкерлер осы аппараттарды сатып алу үшін қаржы жинаған. Сөйтіп, әкелінген аппараттарды аудандық ауруханаға табыс етпек.

Ал облыстық психикалық орталықтың директоры Аққали Оразаев  26 оттегі концентраторын алды. Директордың айтуынша, қазіргі күні орталықта қажетті дәрі- дәрмек пен медициналық құралдар жеткілікті. Оттегі концентраторларының саны да осымен толықпақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button