Жаңалықтар

Ғалымның жиһаздары

Кәсіп

Бүгінде өз ісін ашып, тұрмыс-жағдайын жақсартам деген азаматтарға кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер бар. 

Қандыағаш қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ғалым Əйтімбетов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 20 миллион теңге несие алып, «Болашақ» шағын ауданынан жиһаз цехын салып жатыр. Ол жиһаз жасаумен 2007 жылдан бастап айналысып келеді. Бұл кәсібін алғаш Ақкемер ауылында бастаған болатын.

— Біз көптеген тұрмысқа қажетті жиһаздарды құрастырып, шығаруды жолға қойдық. Біздің жиһаздарымыз фирмалық өнімдерден кем түспейді, есесіне арзан, тасымалға да шығынданып жатпайды. Сондықтан болар, сұраныс жоғары, оның үстіне біз тұтынушының тапсырысы бойынша өздерінің талғамына сай етіп дайындаймыз. Жиһаздарды сол үйдің алаңына сай келетіндей етіп, тұтынушымен келісе отырып жасаймыз. Жиһазға қажетті құралдарды Ақтөбе жəне Қостанай қалаларынан алдыртамыз. Тапсырыстар Ақтөбе облысына қарасты аудандардан түседі, — дейді жеке кәсіпкер Ғалым Əйтімбетов.

Кəсіпкер 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақылары түскен тапсырыстарға байланысты беріледі. Қазіргі таңда жаңадан салынып жатқан цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Жандос АБАЙҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button