«Ақтөбе — құтты мекен»

Ақжарда екінші су ұңғысы қазылды

Шаһар

Ақтөбе қаласына қарасты Ақжар-2 ауылының тұрғындарын ауызсу мәселесі тоғыз жылдан бері толғандырып жүр. Бүгінде ауыл тұрғындары ауызсуды қаладан тасып ішуге мәжбүр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «Ақжар-2», «Ақжар плюс» бау-бақша ұжымындағы үйлерге су келмейді. Су келсе де, таңертеңгілік және кешкілік уақыттарда сағатпен ғана беріледі. Онда да тамшылап ағып, халықтың ығырын шығарады. Мұндай жағдай, әсіресе, жаз айларында жиі болады. Жергілікті тұрғындар бұл проблеманы 2011 жылдан бері көтеріп жүргенмен, билік тарапынан ешқандай қолдау болмады. Қазір ауыл тұрғындары үйлерінің ауласына бау-бақша екпек түгілі, ішетін су таппай отыр. Сол үшін күн сайын қалаға қатынап, 25-30 литр суды арқалап қайтады.

Жақында ауыл үлкендері ауызсу проблемасын тағы көтерді. Осы жағдайдан кейін

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Ақжарға барып, ондағы тұрғындармен кездесіп, мән-жайды білді. Қала әкімі жергілікті тұрғындарға аталған проблеманы толық шешу үшін ауылға екі су ұңғысын қазу жұмыстары жүргізілетінін айтқан болатын. Көп кешікпей бұл мәселені шешуге бюджеттен қаражат қарастырылып, ұңғы қазу жұмыстары басталып та кетті.

Бүгінгі күні тұрғындардың өтінішін ескере отырып, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес шұғыл түрде Ақжар елді мекенінде ұңғы қазу және екі су сорғышын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол сияқты Ақжар-2 елді мекенін су желісіне қосу жұмыстары қосымша жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыс көлемінің 50 пайызы орындалды, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласының Ақжар-2 ауылында тұрғындар санының күрт көбеюіне және құрылыс жұмыстарының қарқын алуына байланысты соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2008 жылы Ақжар ауылының халқы 5310 адам болса, қазір мұнда 7500 адам тұрады.

«Ақпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға бұрғылаушысы Еділхан Серікбаевтың айтуынша, қазір Ақжарда екінші су ұңғымасы қазылып болған.

Ақжар елді мекенінде су ұңғымаларын қазу үшін бұрғылау жұмыстары аяқталды. Ұңғымаларға 20 метрден құбыр орнатылды, қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші ұңғы тапсырылды. «Ақбұлақ» мекемесінің жұмысшылары су желісіне қосу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жақын аралықта екінші ұңғыманы да тапсырамыз, — дейді Е.Серікбаев.

Мамандардың айтуынша, атқарылып жатқан мұндай жұмыстар алдағы уақытта аталған елді мекенде су тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button