Мереке

Қасиетті Құрбан айт: мерекенің биылғы ерекшеліктері  

Әдетте Құрбан айтта құрбандық шалу рәсімі айт намазы оқылғаннан кейін басталатын. Бірақ, өкінішке қарай, биыл әлемді шарпыған індет қатеріне байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайтын болды. Ендеше, құрбандық шалу уақыты қалай белгіленбек?

Бұл жөнінде біз облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспаннан білдік.

Оның айтуынша, қатты суық, су тасқыны қатері және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмайтын болған жағдайда, құрбандық малы айт намазы оқылуы тиіс, яғни күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.

— Біздің облыста биыл құрбан шалу уақыты 31 шілдеде таңғы сағат 7-де басталып, 2 тамыз күнгі ақшам намазына дейін жалғасады, — деп нақтылады бас имам.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің бекітуімен, биылғы Құрбан айт мерекесі 31 шілдеде басталып, тамыз айының 1-2 күндерінде жалғасады. Құрбан айттың алғашқы күні биыл қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр. Сондай-ақ елімізде Құрбан айттың алғашқы күні мерекелік күн болып белгіленген.

Арапаны қалай өткізген жөн?

Әдетте Құрбан айттан бір күн бұрын арапа күні атап өтіледі. Яғни биыл арапа 30 шілдеге сәйкес келеді. Бұл күні алдын ала құрбандық шалынбайды. Тек айт намазы уақытынан кейін сойылған мал құрбандық болып есептелетіні білгілі.

Дегенмен арапа күнгі ізгі істер, садақа мен құлшылық амалдарының сауабы мол. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл күні ораза ұстаудың маңыздылығын өсиет еткен.

— Хадисте:«Арапа күнгі ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады», — деп сүйіншіленген. Сол себепті біз барша жамағатты 30 шілде күні ораза ұстап, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуын Алладан тілеп, дұға жасауға үндейміз, — деді Төлеби Оспан.

Қашықтан құрбан шалу:

ет мұқтаждарға таратылады

ҚМДБ биыл алғаш рет қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Бұл — халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар іс. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылды. Құрбандық шалуға онлайн тапсырыстар 30 шілде күні кешке дейін қабылданады. Бұл шараны біздің аймақта облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіұйымдастырады.

Кез келген ақтөбелік азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады. Мешіт жанынан құрылған жұмысшы тобы тапсырысқа сай мал таңдап, оны шариғат талаптарына сай сойып, тапсырыс берушінің атынан имам бата жасайды. Еттерді жіліктеп, мұқтаж жандарға таратады. Қазіргі жағдайда, әсіресе, санитарлық талаптардың орындалуы ерекше ескерілетін болады. Сондай-ақ құрбандық иесіне бейне есеп те жіберіледі.

Ет таратылатын мұқтаж жандар тізімі qurban2020.kz сайты арқылы, сондай-ақ мешітке тікелей өтініш білдірген азаматтар арасынан жасалады. Бас имамның айтуынша, «Ең болмаса Құрбан айт кезінде сорпаласақ екен» — деп, құрбандық малы етінен өздеріне үлес бөлінуін сұрап жатқан жандар баршылық. Сойылған малдың үштен бірі бұрын құрбандық иесіне табысталатын, биыл оны түгелдей мұқтаж жандарға тарату көзделіп отыр.

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Құрбандыққа қой-ешкі, сиыр және түйе шалынады. Құрбандыққа таңдалатын малға қойылатын талаптар бар: Жаратқанның ризашылығы үшін шалынатын болғандықтан, ол ауру мал болмауы тиіс, сондай-ақ қой-ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр малы екі жасар, түйе бес жасар болуы керек.

Қой-ешкі бір адамның атынан шалынады. Ал сиыр мен түйені 7 адам ортақтасып, құрбандыққа шалуына болады. Бірақ олардың бәрін бір ғана құрбандық шалу ниеті біріктіруі керек, яғни араларында жай ғана күнделікті азыққа ет керек, т.б. себептермен ортақтасушы адам бомауы тиіс.

Биыл Құрбан айт күндерінде мал сатылатын орындар жабық болады. Сондықтан малды өз үйінен сойып, құрбандық шалатын адамдар оны 30 тамыз күні дайындап қоюы керек.

Малды өз үйінде сойып, етін мұқтаждарға мешіттер арқылы тарататын жандар үшін қала, аудан және ауылдық деңгейдегі барлық мешіттерде айт күндері құрбандық еттерін қабылдау пункттері жұмыс жасайды.

COVID-19 індетінің таралуының алдын алу мақсатында, облысымыздың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен, үй ішінде көп адам жиналып өткізілетін іс-шараларға тыйым салынып отыр. Сондықтан Құрбан айт күндері өз денсаулығыңызбен жақындарыңыздың амандығын ойлап, қонақ шақырудан және қонаққа барудан бас тартқаныңыз дұрыс. Вирус адамзатқа мәңгілік қауіп төндіре алмайды, бұл — уақытша қиындық. Сондықтан сабыр сақтап, індетті әрі қарай таратпаудың қамын ойлағаныңыз абзал.

Ал құрбандық шалу рәсіміне қатысты қосымша ақпараттар үшінмына байланыс телефондарын ұсынамыз: 8 (7132) 77-43-49 немесе 8-775-837-67-98 (облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті).

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button