Экономика

76 жобаға қолдау көрсетілді

Кәсіпкерлік

Алғашқы жартыжылдықта «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында өңірдегі 76 жобаға қолдау көрсеткен. Жобаларды жүзеге асырудың жалпы құны — 4,4 миллиард теңге. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы» бойынша құны 2,5 млрд теңге болатын 62 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құны 1,9 млн теңге болатын 14 жоба бар.

«Даму» қоры облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, коронавирус пандемиясы жағдайына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштерде өсім байқалады. Мәселен, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда субсидиялау бойынша жобалар саны 9 пайызға, кепілдендіру бойынша 6 пайызға өскен.

— Салалар бойынша қарайтын болсақ, облыста көлік тасымалы және қойма ісіне қатысты жобалар көп — 28 пайызы осы салаға қатысты. Кәсіпкерлер халықаралық  тасымалдау, жүк көліктері, рефрижераторлар, жер қойнауын пайдаланушыларға қызмет көрсетуге арналған көліктерге несие алады. Бұл тоғыз жолдың торабында тұрған Ақтөбе облысының транзиттік дәліз ретіндегі қолайлы географиялық аймаққа орналасқандығының арқасы. Екінші орында өңдеу өнеркәсібі —  26%. Яғни азық-түлік және сусындар өндірісі, сонымен қатар тоқыма бұйымдары, жиһаз, құрылыс материалдары, металл және пластмасса бұйымдары өндірісін қолға алған кәсіпкерлер көп. Үшінші орында, яғни мақұлданған жобалардың 26 пайызы сауда-саттық саласына қатысты, көбіне бұл саладағы кәсіпкерлер бөлшек саудадағы айналым қаражатын толықтыру мақсатында келеді, — дейді Б.Нұрғалиев.

Биыл сәуір айында елдегі карантиндік шектеу шараларына байланысты кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілген болатын: бағдарламадағы салалық шектеулер алынып тасталды. Бұрын қала аумағында қоғамдық тамақтану, сауда, қоғамдық монша, сұлулық салондары, басқа да қызметтер көрсететін кәсіптерден бөлек экономиканың белгілі бір салаларындағы бизнесті қолдау мүмкіндігі болған болса, сәуірден бастап сауда-саттықтан басқа шектеулердің барлығы алынып тасталған.

—  Бірақ сауда саласы үшін де айналым қаражатын  толтыру үшін 100 миллион теңгеге дейінгі несиелерді субсидиялаймыз. Несиелер бойынша да пайыздық ставкалар өзгерді. «Даму» қоры жылдық мөлшерлемесі 14,5 пайыздан аспайтын несиелерді субсидиялайды. Егер бұрын 14,5 пайыздың 8,7 пайызын кәсіпкердің өзі, қалған 5,8 пайызын мемлекет өтеп келген болса, енді керісінше кәсіпкер 6 пайызын өзі өтейді, қалған 8,5 пайызын мемлекет өтеп береді. Бұл кәсіпкелер үшін үлкен көмек. Карантиндік шектеу шаралары кезінде көптеген кәсіпкерлік нысандары жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған қарамастан,  мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін өтінім саны азайған жоқ, — дейді Берік Нұрғалиев.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН ЖОБАЛАР:

Жартылай фабрикат шығаратын компания

«Геба» компаниясы — тек Ақтөбе облысындағы ғана емес, еліміздің батыс өңіріндегі жартылай фабрикаттар өндіретін ірі компаниялардың бірі. Алдағы жылы компания бағасы тұтынушыларға ыңғайлы екі жаңа сауда маркасын жасақтап, өнім түрін 60-қа жеткізуді көздеп отыр. Бұл жобаны «Даму» қоры ұлттық қор есебінен «Даму-Өндіріс» өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы шеңберінде қолдады. Жобаны «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы қаржыландырды. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі  — 6 пайыз. Қарыз қаражатына компания жартылай фабрикаттар шығаратын жабдық сатып алды.

1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ірі өндіруші компанияның өнімдеріне соңғы уақыттарда сұраныс артып келеді. Өндірісте қарқынды мұздату технологиясы қолданылады. Мұндай технологиясыз ет өндіруші компаниялар өнім көлемін арттыру, көрші қалаларға өнімді тасымалдау ісінде алға жылжи алмас еді.

Бүгінде аталған компания облыс нарығындағы сапалы жартылай фабрикаттарды шығаратын сенімді өндірушіге айналды. Өнім тұтынушыларына негізінен «Дина» сауда желілері арқылы жеткізіліп отыр. Сұраныстың артуына байланысты компания өндірістік желісін жаңартып, өнімдерге ребрендинг жасауға шешім қабылдады. Модернизация нәтижесінде өндіріс көлемі артты, бүгінде компания тәулігіне 4 тонна өнім шығарады, шикізат негізінен жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінен алынады. Өндірісте 40 адам жұмыспен қамтылған.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту: шаштараз ашылды

Ақтөбеде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында тағы бір шаштараз ашылды. Жеке ісін бастау үшін кәсіпкер Гүлназ Кенжебаева нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы  6 пайызбен жеңілдетілген несие алды. Гүлназ кәсіп ашпас бұрын шаштараз болып жұмыс істеп, жылдар бойы тәжірибе жинақтады, клиенттер базасын қалыптастырды.

— Клиенттерім қаланың әр түкпірінен келеді. Шаштараз кәсібі үшін ең жақсы жарнама — «сарафан радиосы». Егер сіз жақсы шаштараз болсаңыз, бір клиентіңізден екіншісі естіп, келушілер саны көбейеді. Бұл арзан, алайда ұзақ уақыт пен еңбекті қажет ететін жарнама түрі. Шаштараз ашу кәсібі — тұрғындар арасында үнемі сұраныста болатын қызмет. Оны ашу үшін тәжірибе мен клиенттер базасы болса жеткілікті. Әрине, ең бастысы, ниет болуы керек. Елімізде мұндай шағын кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаның болғаны қандай жақсы, — дейді кәсіпкер.

Артемнің арманы   

«Даму» қорының облыс орталығындағы филиалы кеңсесіне жүгінгенге дейін Артем Корнишенко көліктерге қосалқы бөлшектер мен қажетті майларды жеткізумен ғана айналысты. Артем өзінің «РемСнабЗапчасть» мекемесі көрсететін қызметтер аясын кеңейту мақсатында несие алу үшін «Даму» қорына келіп, мемлекеттік бағдарламаға қатыса алатындығына көзі жеткеннен кейін бірден құжат жинауға кірісті. Жаңа жобасының мақсаты — көліктерге қызмет көрсету орнын сатып алу болатын.  Көліктерді жөндеуге, майларын ауыстыруға керекті құрал-жабдықтары қолында бар, тек арнайы орын сатып алу қажет болды. Жобаны «Сбербанктің» Ақтөбедегі филиалы қаржыландырды. Несие қаржысы «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілді. Сондай-ақ кәсіпкер бағдарламаның несие бойынша субсидиялау тетігін де қолданды. Оған қоса кепілге қоятын мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты «Даму» қоры қаржыландыру сомасының 70 пайызы мөлшеріндегі қаржыға өзі кепілдігін ұсынды. Осылайша кәсіпкер банк алдына 100 пайыз кепілдік бере отырып, автокөлік жөндеу орнын ашуға қаражат алды. Жоба аясында кәсіпкер төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

«АТАМЕКЕННІҢ» БИЗНЕСКЕ КӨМЕГІ

Елімізде енгізілген шектеу шаралары алдымен кәсіпкерлік саласына үлкен соққы боп тигені белгілі. Шекаралардың жабылуы, жеткізу нарығындағы шектеулер, клиенттердің жоқтығы, сауда-саттық орындарының, кәсіпкерлік нысандарының жабылуы, бизнесті жүргізу үшін қаражаттың болмауы —  ең алдымен микробизнес өкілдеріне қиын тиді. Осындай қиын кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тегін қызмет көрсету және кеңес беру бағытындағы Atameken Services  платформасын ашқан болатын. Бүгінге дейін республика бойынша 34 мыңнан астам кәсіпкерге 108 мыңдай қызмет көрсетілген.

Ақтөбе облысы бойынша алғашқы жартыжылдықта 667 адам жүгінген, оларға 803 қызмет көрсетіліпті. Көмекке жүгінген кәсіпкерлер салық төлеу мәселелері, бизнес-жоспар әзірлеу сынды қызметтерге жиі жүгінген. Сондай-ақ платформа арқылы бәсекелестерді, нарықты зерттеу, мемлекеттік сатып алуларға қатысу, маркетингтік стратегия жасау, бизнесті интернет арқылы жүргізу мәселелері, өнімді экспортқа шығару сынды мәселелерге қатысты қызметтер көрсетілген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button