Ауыл

Әр күн жылға азық кез

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Халқымыз  «Әр күні – жылға азық»  деп отыратын шақ келді. Расында да бұл маусымның жөні бөлек. Шаруа баққан ел үшін жылдың табысты болуы ең әуелі осы көктемгі егістің қалай ұйымдастырылуына байланысты. Ерте қамданып, науқанды тиянақты, өз мәнінде өткізген шаруашылықтар ұтады. Мұны жылма-жылғы тәжірибе көрсетіп жүр.

Көктемгі далалық жұмыстар – еліміз аграрлы ел болғандықтан жақсы үйренген, мол тәжірибе жинаған шаруасы. Қазақстанның кезінде астықпен Кеңес Одағы дейтін үлкен елді асырағаны белгілі. Біздің жерімізде өсірілген қатты бидай сыртқы саудада өтімді, бірден-бір құнды тауар болғанын жұрттың бәрі біледі. Бұл бағыттан еліміз қазірде де айныған жоқ. Жыл сайын ел бойынша тәп-тәуір егін өсіріледі. Дегенмен бір кездегі  деңгейден төмен. Мұны Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында ашық айтты. Өзімізде мүмкіндіктер бола тұра, көп тауарды, соның ішінде біраз азық-түлік түрлерін біз күні бүгінге дейін шетелдерден сатып аламыз.

Елбасы Жолдауының талабына сәйкес экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға және экспортты әртараптандыру мәселелеріне баса назар аударылуда. Сондықтан да қазіргі таңда Үкімет осы міндеттерді жүзеге асыру аясында негізгі басымдықты аграрлық саланың экспорттық әлеуетін арттыруға қатысты инвестициялық жобаларға беріп отыр. Мұнымен бірге ауыл шаруашылығы өндірісінің мемлекеттік сұранысын қанағаттандыра алмай отырған секторы, импортқа тәуелді саласы қосымша қаржыландырылатын болады. Қазақстан  Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде осылай деп мәлімделді. Министрліктің атап көрсеткеніндей, бұған импортқа тәуелділіктен ажырамай отырған салалар бойынша жылыжай шаруашылықтарын дамыту, жеміс-жидек сақтау қоймаларын ашу, тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы көкөніс өсіру, ірі сүт өнімдері тауарларын өндіру мен жергілікті бағыттағы құс өсіру фирмаларын салу мәселелері жатады. Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, осы аталған инвестициялық жобаларды ұйымдастыру мақсатында дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде 120 млрд. теңге қарастырылған.

Осы басқосуда айтылғандай, ағымдағы жылы республика бойынша егіс алқаптары 21 млн. гектар жерді құрайтын болады. Яғни өткен жылы салынған егіс көлемінен 1,1 млн. гектарға көбеймек, 0,4 млн. гектарға астық дақылдары, 0,7 млн. гектарға жем-шөптік дақылдар артық егілмек. Бұдан басқа 16,6 млн. гектарға астық және бұршақ дәнді дақылдар, 825 мың гектарға майлы өсімдік дақылдары алқабы, бұлардың ішінде жаздық егіс 17,7 млн. гектар жерге салынады деп жоспарлануда.

Әйтсе де биылғы жылы республиканың бірқатар облыстарының майлы дақылдар өсіруге селқостау қарап отырғаны белгілі болды. Бұған себеп – дағдарысқа байланысты майлы дақылға сұраныстың төмендеуі, бағаның түсуі. Әрине, бұл – уақытша құбылыс.

Таяуда осы мәселе Астанада үлкен әңгіме болып, Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев мемлекеттік қолдау жасалып отырған майлы дақылдардың егіс алқабының негізсіз қысқартылып отырғанын сынады. Оның айтуынша, республикада майлы дақылдар егісі 81 мың гектарға негізсіз қысқартылған. Оның ішінде күнбағыс секілді құнды дақылдың егісі 43 мың гектарға азайған.

Әрине, қазіргі кезде қандай дақыл егетінін жергілікті жерде жеке тұлғалар өздері шешеді. Баяғы кеңес заманындағыдай жоғарыдан нұсқау беру, күштеу жоқ. Әр шаруашылық, жеке қожалық өзіне тиімді жағын қарайды. Осы жағын ескерген болу керек, Министр басқосуда облыс әкімдерінің орынбасарларына ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында майлы дақыл өсіруде тиімді әрі дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап көрсетті. Министрдің айтуынша, тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау жасалып отырған дақылдарды өндіруден көп нәрсе ұтатынын білуі шарт.

Алайда майлы дақылдар егу алқабы Ақмола облысында – 1,6 мың гектарға, Шығыс Қазақстанда – 22 мың гектарға, Қостанай облысында – 27 мың гектарға, Павлодар облысында 21 мың гектарға төмендетілмек болып отырғаны айтылды. «Әрине, Шығыс Қазақстан облысында егіс алқабы оңтайландырылды. Сондықтан да ол өңірде майлы дақылдар алқабының азайтылуын түсінуге болады. Ал Қостанай облысында бұл дақылды өсірудің төмендетілуі түсініксіз. Жалпы, майлы дақылдар өнімі елімізде де, шетелде де сұранысқа ие. Оның үстіне, бұндай дақылдарға мемлекеттік қолдау жасалып, гектарына 9 мың теңгеге дейін субсидия қарастырылған. Сондықтан да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында бұндай тиімді жұмыстар бойынша түсіндіру жұмыстары атқарылуы тиіс», – деді А.Күрішбаев.

Қойылған талап пен Үкімет тарапынан қабылданған шараларға қарағанда, биылдан бастап егін шаруашылығы саласын субсидиялау идеологиясы өзгертіліп отырғанын аңдау қиын емес. Белгіленген шаралар негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жаңа технологияларды пайдалануға қатысты ынталандыру бағытын көздейді. Бұнымен қоса импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында жеміс-жидек, көкөніс дақылдарын өндіруді арттыруға баса назар аударылуда.

Бір сөзбен айтқанда, молшылықтың негізін қалайтын көктемгі егіске Үкімет биыл айрықша маңыз беріп отыр. Соның дәлелі мынау: дағдарыс жағдайында банктік сектордағы қалыптасқан қиыншылықтарды ескере келе, ағымдағы жылы егін егу мен ору жұмыстарын қаржыландыру шараларын «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес кәсіпорындары арқылы жүзеге асыру белгіленген. Бұл мақсатқа, яғни көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізуге республикалық бюджеттен 103 млрд. теңге  аударылып отыр.

Бұл – биылғы көктемгі егіс науқанын өткізуге байланысты республикада  қалыптасып отырған жағдай. Себебі бәрі де қаржыға келіп тірелетін қазіргідей дағдарыс жағдайында жергілікті жердегі жұмыстың ұйымдастырылуы жоғарыға тәуелді болмай қала алмайды. Демек, науқанды өткізуге Үкімет тарапынан қолдау-көмек, ілгерідегі әңгімемізде айтылғандай, жан-жақты тәуір болып отырғанда, біздің аймақта бұл іс қалай ұйымдастырылуда? Науқандық  жұмысқа бөлінген республикалық қаржыдан жергілікті жерге не тиді? Осы және басқа да сауалдармен біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік саласы бөлімінің бастығы Жолтума Рахметовке жолыққан едік. Көктемгі егіс науқаны алдындағы облыстағы әзірлік жұмыстары туралы ол былай деді:

– Көктемнің нышаны биыл ертерек сезілгенмен, «Бес қонақ» шықпай, көктемгі далалық жұмыстардың қалай болатыны туралы бағыт-бағдар ұстау қиын. Жерде ылғал тапшы. Өткен күз жауын-шашынсыз өтті. Қыста қар аз түсті. Ендігі үміт – осы көктем, жаз айларындағы жауын-шашында. Кешегі соңғы қарлы-жаңбыр жерге азды-көпті ылғал қосты. Болмаса біздің бірқатар аудандарымызда жерге биыл тоң түспеді. Өйткені күз бойы тоң қататындай ылғал түскен жоқ.

Сөз орайында айтылып жатқан әңгіме бұл. Диқан қауымы жыл қандай болғанда да қол қусырып отыра алмайды. Әр көктемге үмітпен қарап, егіс салады. Елбасы биылғы Жолдауында ауылға назар аударып, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Соның бір парасы осы астық, көкөніс мәселелерін шешумен байланысты.

Биылғы жылы облыс бойынша 704 мың гектар алқапқа егіс салу көзделіп отыр. Бұл былтырғыдан 3,5 мың гектарға артық. Енді егіс салынады деп жоспарланып отырған дақылдардың түрлеріне келсек, бізде де майлы дақылдар егуге құлшыныс бұрынғы жылдарға қарағанда төмендеу. Бұған майлы дақыл бағасының уақытша болса да күрт төмендеуі себеп. Мүмкін, Үкімет тарапынан алынып отырған майлы дақыл  құнын субсидиялау шаралары шаруа қожалықтарының көзқарасын өзгертуге мәжбүр етер.

Көкөніс шаруашылығын өрістету жөнінде облыста белгіленген үлкен бағдарлама бар. Сол бойынша биыл оның көлемі жер-жерде ұлғайтылып отыр. Қайсыбір аудандарда бағдарламада көрсетілгеннен де артықтау егуге бағыт ұсталды. Сосын тамшылатып суару технологиясын одан әрі дамыту көзделуде. Биыл бұл әдіс біздің аймақта былтырғы жылмен салыстырғанда 185 гектарға өседі. Бұған қоса Ақтөбе қаласы маңында 3 гектар жерге жылыжай салынады. Оның жабдықтары жеткізілуде.

Әрине, көктемгі егіс науқанында тұқым мен жанар-жағармай мәселелерінің айрықша маңыз алатыны белгілі. Көп жағдайда оның табысты болуы осы мәселелердің дұрыс шешілуіне байланысты. Сондықтан біз мұны ерте ыждағаттадық. Егіс салатын шаруашылықтар негізінен дәнді дақыл тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Бірен-саран шаруа қожалықтарының тұқымы болмауы мүмкін. Бірақ олар бір-бірінен ауысып толықтырады. Жалпы, облыс бойынша  тұқым жеткілікті, өзімізде аудандастырылған, сортты тұқым. Енгізіліп жатқан жаңа сортты астық тұқымдары да бар. Мәселен, аудандастырылған «Саратов-70», «Степное-2» жаңа сортты тұқымы қосылды. Мұны өзіміздің сортты тұқым өсіретін белгілі серіктестіктер шаруашылықтарға таратып беріп жатыр.

Республика, облыс тарапынан, жалпы, мемлекеттік тұрғыда көктемгі егіс науқанын өткізуге жан-жақты көмек көрсетілуде. Жанармайды, тұқымды арзандату шаралары алынуда. Оларға арнайы қаражат бөлініп отыр. Республикалық бюджеттен егістің әр гектарын субсидиялауға қаржы қарастырылған. Егіске жұмсалатын шығынды азайтып, арзандатуға мұның аз да болса көмегі тиеді деп ойлаймыз. Осы мақсатқа 439 млн. теңге бөлінді. Тұқымға 92 млн. теңге облыстық бюджеттен қарастырылды. Ол элита тұқымдарын сатып алуға, оған жұмсалатын шығынды  40 пайызға шейін арзандатуға жағдай жасайды.

Көктемгі далалық жұмыстар алдында шаруа қожалықтары техникаларын сақадай сай етуде. Несие алып, жанар-жағармай жеткізу қамымен жүр. Биыл екі несие беру қоғамынан – Аграрлық несиелендіру корпорациясы мен «Азық-түлік шарт» корпорациясынан облысқа 3 млрд. теңгедей қаржы бөлінген. Шаруа қожалықтары осы несиені алуға құжаттар тапсыруда. Қазір 7-8 шаруа қожалығы 400 млн. теңгеге шарттар жасады. Мұндағы қиындық шаруа қожалықтарының кепілдікке қоятын мүлкіне байланысты болып отыр. Әйтпесе Елбасы белгілеген талапқа сай несиенің пайызы төмен, 9-12 пайыз мөлшерінде.

Қазір аудандарда тұқымды тазарту, егу дәрежесіне жеткізу сияқты жұмыстар жүргізілуде. Әр күн есептеулі. Сондықтан егінші қауымның өздері де бұған асығулы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button