Экономика

Биыл Ақтөбеде 16 инвестициялық жоба іске қосылады

Биыл облысқа 700 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған. Пандемияға қарамастан, аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда ешқандай кедергі болған жоқ. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов облыста екінші жартыжылдықта іске қосылатын бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысу кезінде айтты.   

Биыл тамызда облыстағы «Көктас Ақтөбе» АҚ құрылыс материалдарын шығаратын зауыттыпайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның қуаттылығы —  жылына 120 миллион дана силикат кірпіш, 18 мың тонна тұтқыр әк (керамзит пен құрғақ қоспаларды одан әрі шығару), сол сияқты 72 мың тонна қиыршық тас өндіру. Инвестициялық жобаның құны — 15 миллиард теңге. Жаңа өндіріс орнында 60-тан астам жұмыс орны ашылмақ.

Мұнда құрылыс материалдарын өндірудің барлық процесі цифрландырылған. Жабдық жоғары сенімділікпен, автоматты бақылау және технологиялық параметрлерді реттеу жүйесімен сипатталады. Бұл — қол күші мен жоғары энергия тиімділігін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған  жоба бойынша ластаушы шығарындылардың негізгі көздері шаң ұстайтын жабдықпен, аспирациялық жүйелермен жарақтандырылатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов аталған зауытта болып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Қазіргі күні бұл өндіріс орнында монтаждау жұмыстары аяқталып, жабдықты іске қосу-жөндеу және автоматтандыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Биыл облысқа 700 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Ресми статистика бойынша жартыжылдықтағы көрсеткіш бойынша 119 пайызға өсім бар. Ең бастысы — алдымызға қойған мақсатқа жету. Осы жылы аймақта жаңадан 16 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Алайда пандемияға байланысты біршама қиындықтар туындады. Дегенмен Үкіметтің жан-жақты әрі жедел қолдауының арқасында іс жүзеге асырылып жатыр, қажетті мамандар сырттан тартылды. Әр жоба бойынша жұмыс кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Биыл іске қосылатын 16 жобаның арқасында кем дегенде 122 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылады, — деген Қайрат Бекенов өз сөзінде биыл облыста ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы салаларымен қатар, қарапайым экономикалық заттар аясында көптеген жобалардың жүзеге асырылатынын жеткізді. Ол үшін республикалық бюджеттен қомақты қаражат та бөлінген. Ендігі мәселе — осы жобаларды іске асыру.

Біз екінші жартыжылдықта іске қосылатын бірқатар зауыттарды аралап көрдік. Барлық жоба кестеге сәйкес іске асырылуы қажет. Атап айтсақ, «Көктас Ақтөбе» компаниясының құрылыс материалдар өндіретін зауыты  — аймақта жаңадан іске асырылып жатқан инвестициялық жоба. Бұл зауыт цифрландырылған жүйеде жұмыс жасайды. Қазақстанда толық кешенде жұмыс жасайтын мұндай зауыттың баламасы жоқ. Зауытта шығарылатын өнімге  Ақтөбеден бөлек еліміздің өзге өңірлерімен қоса, көршілес елдерден де сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде тапсырыстар түсіп жатыр. Ең бастысы — құрылыс саласына қатысты мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әрі коммерциялық  тұрғын үйлерді тұрғызуда жергілікті қамтудың үлесі зор болмақ. Сонымен қоса биыл облыста құрылыс индустриясы саласында ең соңғы заманауи үлгідегі керамика шығаратын зауыт та іске қосылады, — деді Қайрат Бекенов.

Биыл желтоқсан айында пайдалануға берілетін тағы бір инвестициялық жоба — санитарлық-гигиеналық мақсатта қағаз өндіретін «Lucrum Star» ЖШС зауыты. Жаңа зауыт Ақтөбе қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан. Жоба құны — 300 млнтеңге. Қуаттылығы — жылына 18 миллион дана орама, 144 мың қағаз орамал және 360 тонна қағаз негізі. Жаңа өндіріс орнында 40 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Бүгінгі күні аталған зауытта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қазір ондағылар жабдықты іске қосу-жөндеу үшін Қытайдан келетін қызметкерлерді күтіп отыр.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button