Денсаулық

Медбике Мейрамгүл

Індет басталғалы науқастарды күтіп, олардың айығып кетуі үшін барын салып жүрген жандардың бір тобы — медбикелер. Ақтөбе медициналық орталығында қазір екі жүзге жуық медбике осы іске жұмылдырылған. Соның бірі — Мейрамгүл Отарбаева.

Мейрамгүл Ілиясқызының еңбек өтілі — 28 жыл. Осы уақыт ішінде талай науқасқа шипа сыйлаған маман бұл жолы да алғашқылардың бірі болып коронавирус жұқтырғандарға көмек қолын созды.

Әуелгі кезде емдеу мекемесінің ішінен сексен кереуеттік провизорлық стационар ашылды. Ал маусым айында аурухана толық осы бағытқа көшті. Аурухана ішінде індетпен күреске екі жүз медбике жұмылдырылды. Барлығы да  күн-түн демей жұмыс жасап жатыр. Дәрігер емді тағайындайды, ал одан кейінгі шаруалардың барлығын бізатқарамыз. Науқас саны өте көп. Олардан сараптама алу, уақытында екпе салу, система қою секілді жұмыстардың барлығы біздің мойнымызда. Расы керек, соғыс майданында жүргендейміз.

Бірақ біз осы мамандықты таңдағаннан кейін қызметімізді дұрыс атқаруымыз керек. Бұл — біздің жұмысымыз, қызметтік міндетіміз. Осы арқылы отбасымызды асырап, еңбекақы алып отырмыз. Сондықтан келген науқастарға немқұрайлылық танытып, қабақ шытқан емеспіз. Үш мезгіл науқастың дене қызуын өлшеп, қанға кислородтың барып тұрғанын анықтаймыз. Жаттығу жасатамыз, — дейді Мейрамгүл Отарбаева.

Коронавирустың қауіптілігі сол — өкпе бірден зақымдалады. Аяқ астынан ауруға ұшыраған адамның жүйкесі де сыр береді. Сырқаты ауыр жандардың жағдайы

тіпті қиын. Бірі тыныс алу аппаратына таңылса, енді бірі кислородпен дем алады.

Науқас адамдардың жағдайын түсінеміз. Тосыннан келген індет ешкімге оңай тиген жоқ. Тіпті кейбір науқастар уайымнан қиналып қалады.Әсіресе үлкен кісілерге қиын. Сондай кезде олардың көңілін аулап, жақсы сөздер айтамыз. Ем алса, бұл аурудан айығып кетуге болатынын айтып, сабырға шақырамыз. Стационарда психологтар да жұмыс жасайды.

Науқастың айығып кеткені — біз үшін үлкен қуаныш. Емін толық алып, жағдайы жақсарып, алғысын айтып, ауруханадан жақсы көңіл күймен шығып бара жатқан адамдарды көргенде қуанамыз, — дейді медбике.

Емдеу мекемесінде барлық санитарлық талаптар сақталған. Медбикелер аурухана табалдырығын аттағаннан арнайы қорғаныс костюмдерін киеді. Бұл киімді күні бойы киіп жүру де оңай емес.

Науқастармен тікелей жұмыс жасағандықтан барынша сақтанамыз. Отбасымызды ойлаймыз. Қазір біздің бар тілегіміз — індет тезірек аяқталып, жағдай жақсарса екен, — дейді Мейрамгүл Отарбаева .

Жалпы науқастарды сауықтыруға қатысты жұмыстардың сексен пайызы осы мамандық иелеріне жүктеледі. Демек, медбике қызметі қандай да құрметке лайық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button