Денсаулық

Дәрігер Әйгерім

Облыста індетпен күрес жұмыстарына барлық медицина мамандары тартылып жатыр. Оның ішінде резидентурада оқитын жас мамандар бар. Ақтөбе медициналық орталығының терапевт дәрігері Әйгерім Ақбергенова жақында ғана гастроэнтерология мамандығы бойынша резидентураны аяқтапты. Екі жылдан бері осы емдеу мекемесінде жұмыс жасайды. Әйгерім індет басталғаннан бері тынбай еңбек етіп жүр. Қабылдау бөліміне түсетін барлық науқастар алдымен Әйгерімнің қарауынан өтеді.

Алғашқы уақытта жартылай провизорлық стационар болғандықтан жағдайы жеңіл, орташа науқастар да жатқызылатын. Емдеу мекемесі толық провизорлық стационарға өткен кезде жедел жәрдем тек қана жағдайы ауыр науқастарды алып келеді. Алғашқы апталар бәрімізге қиын болды. Себебі науқастар өте көп. Бір тәулікте жедел жәрдем көлігі 180 адамға дейін алып келген кездер болды. Мен түнгі кезекшілікке шығамын. Екі терапевт қана қызмет көрсетеді. Үлгере алмай жатамыз. Ауруы асқынған науқастарға қараудың өзі қиын. Тыныс ала алмайды, ентігеді. Оларды аппаратқа жатқызуға тура келеді. Қазір қалада өзге де стационарлар ашылды. Содан болар, әуелгі кездегідей емес, жағдай аздап тұрақтанды, — дейді Әйгерім.

Коронавирус жас талғамайды. Маманның айтуынша, иммунитеті нашар адамдар бірден ауруға шалдығады. Жағдайы ауыр науқастардың ішінде жастар да бар. Ал үлкен кісілерге тіпті қиын. Әсіресе қырық жастан асқандар көп. Оның ішінде қант диабеті, инсульт, инфаркт алған және өзге де қосымша ауруы бар адамдарда өкпе қабынуы тез жүреді. Науқастар саны көп болғандықтан аурухананың хирург, акушер секілді мамандары да қазір індетпен күреске жұмылдырылған.

Күн сайын жағдайы ауыр науқастарды көру дәрігерлерге де оңай емес. Оларға да психологиялық тұрғыдан күш түсіп жатыр. Ауырып қалған әріптестерім бар, — дейді Әйгерім.

Дәрігердің айтуынша, науқастанған адамдардың көпшілігі адам жиі бас қосатын жерлерге барған.

— Екі өкпесінің сексен пайызы зақымданып, тыныс ала алмай, қиналып жатқан үлкен кісілерді көргенде аяп кетесің. Ауруға төтеп бере алмай, көз жұмып жатқандар қаншама. Көпшілігі індеттен сақтанбаған. Медициналық бетперде кимеген. Той, садақаға барған. Тұрғындар барынша сақтанып жүрсе екен деймін. Біз әлі де той жасап үлгереміз. Біздің қазіргі мақсатымыз — індетті тоқтату. Оған бәріміз үлес қосуымыз керек, — дейді Әйгерім.

Жас маман осы қиын кезең өзіне сабақ болғанын айтады. «Әр адам сақтанып жүрсе, сол оның індеттің тоқтауына тигізген көмегі болар еді», — дейді ол.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button