Денсаулық

«Не болар дейсің?» демейік…

Оқырман ойы

…Біздің қауіпті сезініп, қорқынышымыздың үстемдік етуі де оңай, кесел сәл саябырсыса, енді шамалы уақытта ештеңе болмағандай жайбарақат күйге түсе салуымыз да қиын емес.

Дегенмен, «қауіп қайдан демеңіз» дегенді ұмытпайықшы…

Осы ретте өз басымнан кешкен жайды көпшілікке айтқым келеді. Бір жағы сабақ болсын алаңсыз жүре салатын ағайынға…

Кешегі маусым айы. Әлемде, елімізде бірнеше айдан бері көзге көрінбейтін бәлекет, тілсіз жау, тәжді вирус індеті ойқастап, өршіп тұрған сәті. Қазақы салт, қазақы мінез, қазақы дәстүр әлі де айналасында болып жатқан жағдайларға айтарлықтай мән бергізбей, ақкөңіл, кеңпейіл, қонақжай қазақты аса көп алаңдатқызбайды. «Ұят болар!», «Не болар дейсің?».

Әлемдегі, елдегі, қаладағы төтенше жағдайға, үлкен адамдарға көшеде жүруге қатаң тиым салынғанына қарамастан, мені де «ұятым» тыныштық бермей түрткілеп, бір жерге барып… ауырып қалдым.

«Қаздаңдап кетіп, қап-қара болып келдің» деді ғой үйдегі кісі. Қызуым 37,7 градус, бойым дел-сал, құрғақ жөтел. Үйге келе лимонға зімбір (имбирь) қосып ішіп, парацетамол қабылдап едім, терлегендей болдым. Осылай үш күндей жүрдім, денемді біреу, басымды қоса, ұрып тастағандай, қол тигізбейді. Әшейінде байқалмайтын аяқ-қолымның зілдей салмағын сезіндім. Бір рет ішім өтті, «ее, қызуымды шығарып жатыр, жақсы болар» деп қуандым. Тамақ жегенде бақшамда өскен, біртұтас, сәбидің жұдырығындай, сарымсақты қарбытып қосып жеп едім, ащы дәмін сезбедім. «Сірә, сарымсақ күшін жинамаған, әлі жас шығар» деп ойладым. Ден қызуым әр түрлі, кейде 36,7, кешкілік-37,1, құрғақ жөтел басылмайды.

Таңертеңгілік «Жөтелге шипа болар» деп аш қарынға сарымсақ сорамын. Бір байқағаным, тамаққа деген тәбетім төмендемеген сияқты, өз бақшамның өнімінен бұрыш қосып дайындаған ащы дәмдеуіш, әр түрлі қарақат, құлпынай, таңқурай тосаптарын, иммунитетімді көтерер деген үмітпен, көбірек жеуге тырыстым. Былтыр күзде алынған қойдың бір білем құйрығы мұздатқышта тұздалып сақтаулы тұр еді, бұрыш т.б. дәмдеуіштер қосып пісіріп жегенде дәмі өте ерекше сезіледі екен. Тірлікте үй жұмысы бітпейді-ау, күн ыссы, еккен көкөністер ыссылықтан тырбиып, ұсқындары қашып, аңызақ желден әлжуаз жапырақтары дамылсыз дірілдеп, маған жалбарына үн қатқандай, бақшаға барып оларды суарып, күтіп, баптау керек…

Осылайша, қазақы төзімділікпен, «Әне кетер, міне кетер» деп екі жетідей жүрдім. Қызуым 38,5-ке дейін көтерілетін болды, тық-тық еткен тастай жөтел… Отбасым бұл халіме үрейленіп, жедел дабыл қақты. «Қалада өкпе қабынуы өршіп тұр, адамдар өліп жатыр, таста бәрін, бір жерде құлап қаларсың, аяғыңан тұрып ал, үлгересің істеп шаруаларыңды, тез дәрігерге бар!» дейді бәрі бір ауыздан.

Сондағы менің басымдағы ой: «Учаскелік дәрігерге кіру кезегіне тұрудың азабы-ай!…».  Жағдайымның ушығып бара жатқанын сезгенде, одан да басқа маңызды нәрселер есіме түспей, басыма келген сауал: «Япырмай, керуетімнің бас жағында тұрған, күн сайын қолданатын мына көзілдірігім, блокнотым, кітаптарым, ұсақ-түйек заттарым, газеттер қалады-ау…» болды. Құдай оңдағанда, әйтеуір, емханада бес-алты дәрігер қатар қабылдайтын «фильтр» дегенге барып көрініп, қорытындысында «екі жақты пневмония» деген рентгеннің негатив фотосын алдым. Фильтр дәрігері бірден ем тағайындап, қажетті дәрі-дәрмекті алуға ішірткісін жазып берді. «Демі бардың емі бар» деп дана қазақ айтқандай, бес күн бойы емханада ашқан күндізгі стационарда тамырымнан система, инемен шаншу беріп, ақ халатты абзал жандар бетімді бері қаратты-ау. Дәрігерлердің бәрі де үстеріне ғарышкердің скафандрі тәрізді, аузы-басын қымтаған ақ киім киген, тек күлімдеген қарақаттай қара көздері ғана көрінеді.

Өкпе қабынуымен ауырып, өз халдерінің жағдайын уайымдаған, тық-тық жөтелген, қабақтары қатулы, әр түрлі мінезді, ой-пікірлі науқас адамдардың қалаған ойларынан шығып, талап-тілектерін мүлтіксіз орындап, күн сайын, уақыттың ерте-кешіне қарамай жанкешті еңбек етіп жүрген дәрігерлердің іс-қимылдары адам сүйсінерлік.

Бес күн ішінде күнде байқамайтын, көңіл аудармайтын, мүлдем мән бермейтін біраз нәрселерді, заттарды, көріністерді, үндерді ерекше сезінуге тура келді.

Әсіресе: …Жанашыр адамның: «Емханада дәрігер қабылдауында, қабағы қатқыл, тұмшаланып отырған ағайды көргенде шош-ы-ы-п кеттім ғой» дегенін естігенде…

…Талай дәмдес болған, араласып, әзілдесіп жүретін, сайдың тасындай ер азаматтардың өкпе қабынуынан екі-үш күннің ішінде дүниеден өткендерін білгенде…

…Білікті дәрігерлердің аз уақыттың ішінде осы ауру әсерінен о дүниелік болғандарын байқағанда…

…Алыстан тынымсыз қиқулап сарнаған жедел жәрдем мәшинасының үнін естігенде…

…Өзім тұратын көпқабатты үйдің бірінші кіреберіс есігінің алдында ертелетіп, бес-алты ер адамдардың өзара күбірлесіп, жеделқабыл құрастырмалы киіз үй құрылымын орнатып жатқандарын көргенде…

…Жаңа орнатқан киіз үйдің жанында о дүниелік болған жақын бауырын, туысын азалап, көкірегін қарс айыра өксіп жоқтаған әйелдердің қаралы үні құлағыма жеткенде…

…Бойға тараған дәрмектің әсерінен дене қызуым түсіп, тынысым сәл кеңіп, бетім бері қарағанда ас үйдегі қайнаған шәйнектің, ыдыс-аяқтардың бір-біріне тиген үйлесімді дыбыстарын, радиодан қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үнін естігенде…

…Терезеден самал желдің әсерімен бұрын естімеген терек жапырақтарының баяу сыбдырын, бозторғайлардың шиқылын естігенде…

…Елде вирус індетіне қарсы төтенше жағдай жарияланып, күні-түні медициналық талаптарды қатаң сақтау қажеттілігі туралы қақсап айтылып жатса да, еліміздің әр жерінде жасырын той-томалақ өткізген адамдардың өзара мәз болып, есіре билеп жүргенін теледидардан көргенде…

Иә, көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін, үні естілмейтін бұл тәжді вирус індеті (жасанды болса да, табиғи болса да) бүкіл жер бетіндегі адамзатқа, ешкімнің байлығына да, жоқшылығына да, мансап шеніне де, көңіліне де, пиғылына да, бет-жүзіне де қарамай, мезгілдің қысы-жазын, күн-түнін таңдамай, өзінің алапат-зор, адам айтқысыз жойқын күшін, сесін айдан анық сездірді. Адамзатты ойландырды.

Алайда, елімізге індет тарап, адамдар о дүниелік болып, ел экономикасы шығынға батып жатқанда, бұқара халықтың басына түскен ауыр қайғысын сезінбей, құлқынның құлы болған, мемлекет қауіпсіздігін іштей әлсірететін жегі құрт, халық жауы деуге тұрарлық, кейбір арам ойлы пенделер, өкінішке орай, ішінде медицина қызметкерлері де кездеседі, дәрі-дәрмекті, бетпердені т.б. медициналық жабдықтарды қымбат бағамен сатып, елде дәріге жасанды мұқтаждық жасап, халыққа онсызда жетпей жатқан дәрілерді шет елге асырып жатқанын естігенде «Масқара! Масқара!» деп шошып, дәрменсіз қарманып жағамды ұстадым. Әлемді қойып, еліміздегі ауыр індетке байланысты белгіленген санитарлық талаптарды орындамай, дәлірек айтқанда, күштік құрылымдардың нұсқауларын мойындамай, қасындағы адамдарға, туысына, жақынына вирустың тез таралуына мүмкіндік жасаған қандастарымыздың іс-әрекеттері ұнжырғамды одан әрі түсірді. «Қой аласы — сыртында, адам аласы — ішінде» деген…

«Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді». Қазақ халқының басына ауыр қиындық түскенде, қаладағы, ел ішіндегі, шет елдердегі атымтайжомарт кәсіпкерлері, жанашырлары, еріктілері халыққа қаржылай, материалдық көмек беріп жатқанын естігенде «Бірлік түбі — тірлік» деген халық даналығы есіме түсті. «Бейнет көрме, біреуге бейнет берме, Дүние-алдамшы, өмір-қу деп елірме. Қамдан, сақтан, қалғып бақ бәле келсе, Бәрін құдай қылады дегенге ерме» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз айтқан екен.

Бәрі де өз санамызға, ой-түйсігімізге, парасат-пейілімізге, ынта-ықыласымызға, қам-қаракетімізге, сезімталдылығымызға байланысты. «Қап, әттеген-ай!» деп әдеттегідей, қазақы әдетке басып, сан соғып қалмай, дер кезінде, әр нәрсені, әр жағдайды сергек сезініп, сақтанайық!

«Сақтансаң — сақтармын!» деген.

Қадыржан ШАҒЫРОВ,

еңбек ардагері.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button