«Ақтөбе — құтты мекен»

«Arman qala»: жер телімдері жалға беріледі

Сауда

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Arman qala» көше саудасын дамыту жобасы аясында жер телімдерін  жалға беру үшін өтініштер қабылдайды.

Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып жатқан «Arman qala» жобасының басты мақсаты — көше саудасын дамыту. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш жылда аталған жоба аясында 44 сауда павильоны ашылған.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобаларды талдау және сүйемелдеу департаментінің директоры Үмітбек Ермағамбетовтің айтуынша, бұл жобаға көпбалалы аналар жеңілдікпен қатыса алады.

Корпорацияның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобаға Ақтөбе қалалық әкімдігі қолдау танытып отыр. Жобаның мақсаты — шағын және орта бизнесті қолдау, отандық өндірісті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу. Жоба аясында жер телімдерін  жалға беру үшін 27 шілде мен 17 тамыз аралығында  тұрғындардан  өтініш қабылдайтын боламыз, — дейді Ү.Ермағамбетов.

Мамандардың айтуынша, үміткер жер теліміне ие болу үшін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұйымдастырған байқауға қатысуы керек. Байқау шарты  бойынша үміткер жер учаскесін алуға өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Ол үшін жеке кәсіпкер немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі,  өтініш берген сәтте салықтық берешектің жоқтығын растайтын анықтама,  бизнес-жоспар, ықтимал қатысушыларға белгіленген кепілдемелік жарнаны төлегенін растайтын түбіртек қоса сұралады. Кепіл жарнасының мөлшері — 50 айлық есептік көрсеткіш.

Бұл жолы «Arman qala» жобасы аясында ұсынылған жер учаскелері «Қарғалы» тұрғын үй массивіндегі 10Т, 13Т, 1П,  36П, 36Т, сондай-ақ  Тәуелсіздік даңғылы,

16К және Кеңес Нокин даңғылы, 7Т мекенжайларында орналасқан. Аумағы әртүрлі, яғни 15-50 шаршы метр аралығындағы жер телімдері 5 жылға жалға беріледі.

Тұрғындар өтініш беру үшін Ақтөбе қаласы Маресьев көшесі, 103А мекенжайына жолығуға, 8 (7132) 74-20-12, 87077070007, 87057307755 телефондарына немесе e.shayakhmetov@spk-aktobe.kz электрондық пошта арқылы  хабарласуға болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button