Жастар

Ауылға барсаң, баспаналы боласың, жас маман!

Түлек

Бүгінде жастар, жасырары жоқ, қалаға әуес. Ауылдың топырағына аунап өссе де, ержетіп, білім алғаннан кейін бәрі болмағанымен, дені кейінгі өмірін қаламен байланыстырады. Жастарды түсінуге де болады, әрине. Көгілдір отыны мен суы үйге келіп тұрған, басқа  да мүмкіндіктері мол қала мен ауылдың ахуалын салыстыруға да келмес.

Сол себептен ауылдың жағдайы мен әлеуметінің әлеуетін арттыратын мамандармен қамтамасыз ету және ауылдық жерге жұмыс істеуге келген жастарға көмек көрсету мақсатында 10 жылдан астам уақыт бұрын қолға алынған «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы жастардың ауылда тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіні рас. Мамандарға мұқтаж өңірлер ауылды көркейтемін деп келген әрбір жасты құшақ жая қарсы алуға бар. Аталмыш бағдарлама аясында Мұғалжар ауданында биыл 12 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру жоспарланып отыр екен. Ол туралы төменде тарқатамыз…

Былтыр шілденің 1-інен бастап көтерме жәрдемақы көлемі 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке өзгеріп, ал биыл 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш 2 778 теңге болғасын, көтерме жәрдемақы көлемі 277 800 теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін немесе салуға әр маманға 4 миллион 167 000 теңгеге дейін бюджеттік несие беріледі.

— Несие деген аты ғана, әйтпесе, үстемеақы төлеп, шығындалмайды. Қаржыны мемлекетке қайтару үшін де бөліп төлейтін уақыт қолайлы, несие мерзімі — 15 жыл. Үй сатып алуға берілетін бюджеттік кредиттің пайыздық өсімі — 0,01 пайыз, — дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғаният Асқаров.

Бөлім басшысының сөзінше, бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының және мал дәрігері мамандары қатыса алады. Қойылатын талап: бұл бағдарламамен жұмысқа барғандар кем дегенде 3 жыл ауылда тұруы тиіс. Өз атында пәтері не жеке үйі болмауы керек.

— Биыл «Дипломмен— ауылға» бағдарламасына аудан бойынша 12 маманды тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы —

 47 718 000 теңге. Аталмыш қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Ал көтермеақы үшін қаражат әр ауданның бюджетінен бөлінеді. 21 маманға төленеді деп жоспарланған көтерме жәрдемақыға 5 382 000 теңге бөлінді, — деген Ғ.Асқаров сұранысқа сай көтермеақы үшін тағы да қаржы қарастырылып жатқанын айтты. «Жыл аяғына дейін көтермеақы үшін жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаржы бұдан да көбейетін болады. Жалпы, соңғы екі жылда мамандар бағдарламаға белсенді қатысуда. Қазірдің өзінде, 1 шілдедегі мәлімет бойынша,

7 адамға үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Оның ішінде мұғалімдердің үлесі көп. Атап айтсақ, 5 педагог және 1 денсаулық, 1 ветеринария саласы мамандары бюджеттік несие алды. Сонымен қатар қазір 10 маманға көтерме жәрдемақы берілді. Мұнда да педагогтердің үлесі басым, яғни тоғызы — осы сала мамандары».

Бағдарламаға қатысу үшін өтініштер, әсіресе, жыл аяғына таман, желтоқсан айында көбейеді екен. Мамандар қай кезде жазса да, өтініштері қабылданады. Жыл аяғында жазылған өтініштер келесі жылға кезекке қойылады. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің берген мәліметі бойынша, бағдарламаның он жылғы, яғни 2009-2019 жылдар аралығындағы мәліметі бойынша, көтермеақы үшін 43 701,9 мың теңге, бюджеттік несие үшін 209 905 мың теңге қаражат жұмсалған.

Ескерте кететін жайт, бағдарламаға қатысуға ниетті жанның құжат тапсыру үшін бөлімге келуінің қажеті жоқ. ҚР Ұлттық экономика министрінің биыл 27 мамырдағы №43 бұйрығына өзгерістер енгізілуіне орай, құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығының Қандыағаш, Ембі қалалық филиалдары арқылы қабылданып, жұмыстар жүргізіледі.

 Б.КАРИМАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button