Денсаулық

Аурушаңдық өсімі — 0,1 пайыз

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 23 шілде күнге дейін облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 2874 адам тіркелген. Оның ішінде 48,2 пайызы (1387 адам) — симптомы бар аурулар және 52 пайызы (1487 адам) — симптомсыз. Ауру жұқтырғандардың 1310-ы емделіп шықты. Коронавирус инфекциясы бойынша аурушаңдық деңгейінің өсуі бүгінгі күні 0,1 пайыз болып отыр.

—  Коронавирус инфекциясы облыс бойынша Ақтөбе қаласы тұрғындары арасында көп тіркелді, қазіргі таңда қала бойынша 2090 адам тіркелді. Сонымен бірге Әйтеке би ауданында 19 жағдай, Алғада 78 жағдай, Байғанинде 56 жағдай, Ырғызда 50 жағдай, Қобда ауданында 15 жағдай, Қарғалы ауданында 20 жағдай, Мартөк ауданында 40 жағдай, Мұғалжар ауданында 149 жағдай, Темір ауданында 168 жағдай, Ойыл ауданында 19 жағдай, Хромтау ауданында 66 жағдай, Шалқар ауданында 104 жағдай тіркелді. Тіркелген 2874 жағдайдың 2,4 пайызы — сырттан келгендер, 14 пайызы —қарым-қатынаста болғандар, 49 пайызы — жеке жағдайлар және 35 пайызы — профилактикалық деңгейде табылған жағдайлар. Қазіргі кезде 1564 адам үй жағдайында карантинде ем алып жатыр, — деді Н.Беркімбаева.

2 тамызға дейін облыста қатаң шектеу шаралары енгізілген болатын. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, осындай қатаң шектеулер нәтижесінде аурушаңдық деңгейі төмендеп отыр.

— Осындай шектеулерге түсіністікпен қарап, тәртіп сақтаған кәсіпкерлік субъектілеріне ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ біздің департаменттің мониторинг топтары облыс бойынша рейдтік жұмыстар жүргізіп, бірнеше кемшілікті анықтаған болатын.

Рейд нәтижесінде 47 әкімшілік шара қолданылды, оның ішінде 7 жеке тұлға бетперде кимей жүргені үшін, 6 жеке тұлғаға қатысты көп қонақ шақырып, той-томалақ жасағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен бірге бірнеше кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты да әкімшілік шара қолданылып, жалпы сомасы 4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Мониторингтік топтар облыстағы барлық дәріханаларды тексеріп, бағаның өспеуі, басқа да кемшіліктерге қатысты рейд жүргізіп жатыр. Бұл жерлерде де кемшіліктер табылды: 40 әкімшілік шара қолданылды. Атап айтсақ, 29 кәсіпкерге Әкімшілік Кодекстің 426-бабы бойынша 6 миллион 945 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, оған қоса заңсыз фармацевтикалық жұмыспен айналысқан 2 жеке тұлғаға 37 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, екінші рет баға өсіру дерегі бойынша тіркелген 9 кәсіпкерге әкімшілік шара толтырылып, әкімшілік сотқа жіберілді. Жалпы алғанда 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Барлық кәсіпкерлер, жеке тұлғалар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша белгіленген шектеу шараларын қатаң сақтауы қажет. Бұл коронавирус инфекциясының тізбегін үзу үшін маңызды, — деді Н.Беркімбаева.

Бұдан соң департамент басшысы тікелей эфирде тұрғындардың бетперде кию, рейдтік шаралар, қоғамдық көліктегі, жағажайлардағы тәртіп, басқа да мәселелер туралы сұрақтарына жауап берді.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button