Экономика

«Бастау»: екінші кезең және 300 тыңдаушы

Биыл облыста «Бастау» жобасы бойынша 1400 адамды оқыту жоспарланған. Олар бескезеңге бөлініп оқытылады.

Карантин шараларын ескере отырып, жаттығулар қашықтан «Atameken Academy» алаңында өтеді.

Жоба жетекшісі, бизнес-тренер Гүлнар Сейітжаппарованың айтуынша, екінші лектегі жаттығу мерзімі 9-29 шілде аралығында өткізіліп жатыр. Оқу мерзімі тыңдаушының оқу бағдарламасын қалай игергеніне, тапсырмаларды қалай орындағанына байланысты 21 күннен аспайды. Оқу барысында аралық онлайн тестілеу өткізіледі.

Бірінші лекке 441 тыңдаушы тіркелді. Олардың көпшілігі жаттығуларын сәтті аяқтады. Алайда 101 тыңдаушы академиялық үлгерімі үшін курстан шеттетілді, 110 адам оқуға қатысқаны туралы сертификатын алды. Ал 331 үміткер оқуды аяқтағаны туралы сертификат алды. Бүгінгі таңда 44 тыңдаушы «Атамекен»  облыстық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының бағасы бойынша бизнес-жоспарларын дайындады,— деді бизнес-тренер.

Оның айтуынша, оқытудың бірінші кезеңіне қатысушылардың ішінен 132 тыңдаушы 200 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттық қаржыландыруға өтініш берген, 58 түлек жеңілдетілген несиелеуді қолдануға шешім қабылдады. Қалған қатысушылар жақын аралықта грант және жеңілдікпен несие алу байқауына қатысуға толық қолдау алмақ.

Мәселен, көпбалалы ана Бану Сарина сүт бағытындағы аруана тұқымынан мал сатып алып, шұбат өндіруді жоспарлап отыр. Ол — Ырғыз ауданының тұрғыны. Бұрын Бану сұлулық индустриясында жұмыс жасаған.

Ал Қандыағаш қаласының тұрғыны Маусымжан Жұмабаева монша мен азық-түлік дүкенін ашуға жеңілдетілген несие алу үшін құжаттар пакетін дайындауда. Мемлекеттік қызметтегі 16 жылдық жұмыс өтілінен кейін көпбалалы ана өз ісін ұйымдастыруға бел буыпты.

Айта кетсек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл «Бастау» жобасының алдыңғы жылдардағы түлектеріне және аталған бағдарламаның бірінші бағытындағы қысқа мерзімді курс тыңдаушыларына 178,5 млн теңге сомасында 327 грант бөлінді. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы «Бастау» түлектерінің 45  жобасы  жалпы сомасы 155,7 млн теңгеге жеңілдікпен несие алды.

«Бастау» жобасы азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға тегін оқытуға, бизнес-жобаларды қолдауға бағытталған. Бұл жобаға қатысушылар жұмыспен қамту орталықтарында, жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарында тіркелмегеніне қарамастан курсқа қатыса алады. Оның ішінде ауылдық жерлерде, қалаларда, моноқалаларда тұратын адамдардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, 50 жастан асқан, бірақ зейнет жасына жетпеген адамдардың, сондай-ақ 18-29 жас аралығындағы жастардың «Бастау» жобасына қатысуға мүмкіндігі бар. Оқу мерзімі — 21 күн. Тренинг аяқталғаннан кейін «Бастау» жобасы бойынша курстарды аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Бұл сертификат бойынша олар нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейін грант, сондай-ақ жеңілдетілген несие алуға өтініш бере алады, — деді Гүлнар Сейітжаппарова.

Ең бастысы — жобаға қатысу үшін жұмыспен қамту орталықтарына курстан өту үшін өтінішпен жүгіну қажет. Өтінішпен бірге жеке куәліктің көшірмесі талап етіледі. Өтініш беруші жобаның мақсатты тобына сәйкестігін растағаннан кейін келесі қадам — оқуға жолдама беріледі. Содан соң ғана кәсіпкерлер палатасына хабарласу керек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button